Тағдырлары тағылым тұнып тұрған

69

ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ КЕҢЕСІНІҢ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ ҚАРСАҢЫНДА

Бүгінде облыстық ардагерлер ұйымы қоғамның жанды, белсенді күші ретіндегі іс-әрекеті нақтыланып, ұйымдық жағынан нығайған, құрылымдық жаңа өзгерістермен жетілдірілген кезеңіне аяқ басып отыр. Ең бастысы, ардагерлер қозғалысына, жалпы аға буын өкілдеріне атқарушы билік – облыстық, Тараз қалалық, аудандық әкімдіктері мен ауылдық округ әкімдері тарапынан үлкен қолдау-көмек, қамқорлық бар. Біз мұны ұдайы  сезінумен келеміз. Облыс орталығында қысқа мерзімде «Ардагерлер үйінің» салынып, пайдалануға берілуі осының бір нақты айғағындай болды. 

Бұл – еліміз бойынша ардагерлерге арналып салынған екінші нысан екендігі белгілі. Қазір мұнда ардагерлеріміз жиі бас қосып, бір-бірімен шүйіркелесе әңгімелесіп, бос уақыттарын көңілді әрі тиімді өткізу мүмкіндігіне ие болды. Оларды толғантқан түйткілді мәселелерге байланысты маңызды шешімдер мен ойлы ұсыныстар да осында қабылданады. Сондай-ақ, «Ғұмыр-Дария» газетінің шыға бастауы ардагерлеріміздің рухани әрі ақпараттық сұранысын қанағаттандырып отыр. Еліміз бойынша облыстар арасында алғаш бізде дүниеге келген қариялардың төл газеті бүгінде аймақтық ақпарат кеңістігінен өзінің тәлім-тәрбиелік, тарихи-танымдық бағыттағы лайықты орнын тауып үлгерді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің кемінде тоқсанына бір рет өтетін төралқа мәжілістерінде ардагерлер қозғалысының ағымдағы ең өзекті деген мәселелері талқыланып отырады. 2013 жылы облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірлесе өткізген төралқа отырысының бірінде мектеп оқушыларын жаңа заманға сай патриоттық рухта тәрбиелеуге соғыс және еңбек ардагерлерінің де белсенді ат салысуы мәселесі қаралды. Оны өткізуге дайындық барысында облысымыздың көптеген мектептерінде бастауыш ардагерлер ұйымдарының құрылмағандығы, сондай-ақ, сол төңіректе тұратын өмір өткелдерінен өткен аға ұрпақ өкілдерінің білімұялары тыныс-тіршіліктерінен мүлде бейхабар екендігі белгілі болды. Жиында осыған байланысты шаралар қабылдау жайы шешімін тапты. Көп ұзамай бұл жұмыс өзінің нәтижесін берді.
Жалпы, біздің күнделікті жұмысымыздың нәтижелі және ойдағыдай жүзеге асырылуы Тараз, Шу қалалық және 10 аудандық ардагерлер кеңестерінің ұйымдастырушылық қызметіне де тікелей байланысты. Десек те, қалалар мен аудандардағы ардагерлер кеңестеріне аудан әкімдіктері тарапынан бірдей жағдай жасалып отырған жоқ. Біреулерінде ыңғайлы кеңселер, мәжіліс залдары, керек болса, қызмет көліктері болса, басқаларында мұндай мүмкіндіктер болмай жатыр. Аудан әкімдері және аудандық мекемелер мен кәсіпорындар басшылары аудандық ардагерлер кеңестерінің талап-тілектеріне, ұсыныс-пікірлеріне әркез құлақ асып отырса деген тілегіміз бар.
Қоғамдық ықпалды күш ретінде қалыптасуымызға, ұйымдық жағынан нығаюымызға бастауыш ұйымдардың ықпалы зор екендігі белгілі. Өткен конференция қарсаңында облысымызда 450-дей бастауыш ардагерлер ұйымдары болса, бүгінде олардың саны 973-ке жетті. Тек былтырғы есеп беру және сайлау науқаны кезінде бастауыш ұйымдар төрағаларының 111-і жаңадан сайланды. Ұйым жетекшілері арасында 292 әйел ардагер бар. Басшылыққа сайланғандардың 793-і – 70 жасқа дейінгілер.
Өткен жылдың басты оқиғасы, сөз жоқ, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу болды. Бұл мерекенің ерекшелігі соғысқа қатысып, оқ пен оттың жалынынан өткен жасампаз жандардың күн өткен сайын азайып бара жатқандығында. Олардың әрқайсысының кешегі ерлікке толы өмір жолдары – бүгінгі ұрпақ үшін тағылымы мол тарих. Сол тарихты жасағандарға көрсететін құрметіміз, жасайтын ілтипатымыз зор болуы керек. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында және мереке күндері Елбасымыздан бастап, Үкімет, барлық деңгейдегі әкімдер және ардагерлер ұйымдары майдангерлерге, тыл еңбеккерлеріне тікесінен тік тұрып, құрмет көрсетті. Жалпы, облыста тұрып жатқан көзі тірі соғыс ардагерлерінің барлығы тегіс мемлекет тарапынан тұрғын үйлермен қамтамасыз етілген. Осы күндері олардың әрқайсысына республика, облыс, аудандар және еңбек ұжымдары тарапынан белгілі мөлшерде қаржылай қолдау да көрсетілді. Соғыс ардагерлерінің бір тобы Астана қаласында өткен әскери шеруге қатысып, саяхаттап қайтты. Айтулы мерекеге байланысты ардагерлеріміздің 5-і «Құрмет» орденімен, 6-ауы медальмен, 4-і Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 149 соғыс ардагеріне дабыл тетігі қойылған ұялы телефондар берілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік пойыздар мен автокеруендер облыстың түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде болып, соғыс ардагерлеріне тікелей үйлерінде құрмет көрсетілді. Облыстың қалалары мен елді мекендеріндегі соғыс құрбандарына арналған бұрыннан бар мемориалдар мен монументтер талапқа сай қайта жаңғыртылды, жаңадан қабырғасына соғыста опат болған боздақтардың есімі жазылған ондаған ескерткіш бой көтерді. Есепті кезеңдегі тағы бір атап айтарлық шаруамыз – облыс көлемінде округтік ардагерлер кеңестерін құруымыз болды. Бұл құрылымдар ауылдық округ әкімдерімен және қала әкімі аппаратының тұрғын жай аумақтарындағы инспекторларымен тығыз байланыста жұмыс жасап, қарттардың күнделікті әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге жақындай түсті. Сөйтіп, олар өздерінің жұмыстарының тиімділігі мен нәтижелілігін көрсетіп берді. Қалай болғанда да ардагерлер ұйымдары төрағаларының осындай еңбегін ескеріп, оларды барынша моральдық және материалдық жағынан ынталандыруды жетілдіре түскеніміз жөн.
Ардагерлер ұйымдары қызметінің басты және абыройлы міндеті бұған дейін де және алдағы уақытта да қарт адамдардың азаматтық және құқықтық мүдделерінің қорғалуына, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуіне барынша ықпал жасау және көмектесу болып келді және солай болып қала береді. Қазіргі кезде егде кісілерді әлеуметтік қолдау негізінен 3 бағытта жүзеге асырылып, олар мемлекет тарапынан зейнетақымен қамтамасыз етілуде, тұрақты әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерге ие болуда. Облыс бойынша қазіргі кезде 111 мыңнан аса зейнеткер бар. Олардың жекелеген топтары үшін коммуналдық қызмет көрсету бағасы төмендетілген. Тек Тараз қаласында 100-ден аса соғыс ардагеріне телефон төлемдері мен суық суды пайдалану ақысы бюджет есебінен төленді. Тараз қаласы мен аудандарда 817 жалғыз басты қарт пен мүгедекке арнаулы әлеуметтік қызмет жасалды. Бұл мақсатқа 105,1 миллион теңге бөлінді.
Облыс аумағында қарттар мен мүгедектерге арналған 3 интернат үйі жұмыс істейді. Бұларда 445 кісі мемлекет қамқорлығына алынған. Толық мемлекеттік бюджеттің есебінен қаржыландырылатын бұл мекемелерде қарттардың ойдағыдай өмір сүруіне және демалуына, денсаулығының сақталуына толық жағдай жасалған. Қарттар үйлері – облыстық ардагерлер кеңесінің қоғамдық бақылауында. Сонымен қатар, көптен бері ардагерлерге арналған арнайы сауықтыру орны ашылса деген мәселе күн тәртібінен түспей келеді. Қарияларымыз Жамбыл ауданы Қызылтаң ауылындағы сауықтыру мекемесі осы мақсатта іске қосылатынынан да үмітті. Бұл мәселенің оң шешімін табуына облыс әкімі тарапынан нақты қолдау, көмек болады деген сенімдеміз.
Жыл айрығындағы кезекті Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне тағы да ерекше назар аударып, бұл істің жандандырылуы керектігін айтты. Соның нәтижесінде, жақында меценаттық туралы жаңа заң қабылданды. Осылардың барлығын басшылыққа ала отырып, арамыздағы мұқтаж жандарға көмек қолын созуды ұйымдастыруға тиіспіз. Жалпы, біздің қоғамымызда қазақтың кішіге ізет, үлкенге құрмет сияқты асыл қасиеттері жалпыға бірдей үрдіске айналуы үшін тиісінше жұмыстар жүргізуіміз керек. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімі белсенділерді оқытудың, олардың өзара тұрақты тәжірибе алмасуының ықпалды жүйесін қалыптастыруды әр кезде де назарда ұстайтын болады.
Жастар тәрбиесіне қатысты қарияларымыз қолға алып, қозғау салар іс ұшан-теңіз. Олардың көргені көп, өткені өнегелі, жеткен жетістіктері елдің көз алдында. Әрқайсысы – тұнып тұрған тәрбие. Тек ардагерлер ұйымдары осынау ұлағаты мол рухани күш, әлеуетті тиімді пайдалана алуы тиіс. Өзінің тамаша тарихы, бай дәстүрі бар бірыңғай ардагерлер ұйымдарының бірлесе жұмыс жасау тәжірибесі де жетерлік. Бізде қалыптасқан ардагерлер ұйымы – біреу, мақсатымыз – бір, атқаратын жұмысымыз да ортақ. Жастарымызды жағымсыз қылықтардан, соңы қайғылы оқиғаларға апарып соқтыратын зиянды дағды-әдеттерден жирендіру жолында өзара түсіністік ауанында ақылдаса әрекет етейік. Сонда алар асуымыз, бағындырар белес, биігіміз де мол болмақ.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.