Экономика

«Балалардың экологиялық бизнес жобалары» VIII республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталып, көрме-жәрмеңкесі өтті

«Балалардың экологиялық бизнес жобалары» VIII республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталып, көрме-жәрмеңкесі өтті

 «Жастардың жетістіктері» қоғамдық қоры және «Шеврон» компаниясы «Балалардың экологиялық бизнес жобалары» VIII республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттап, ең үздік жобалардың көрме-жәрмеңкесін өткізді. Жобаның серіктестері - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі. Биылғы жылы байқау 5 маусымда атап өтілетін Қоршаған ортан қорғаудың дүниежүзілік күніне арналып отыр. Оның мақсаты - экология мәселелеріне және табиғат қорларын орнымен пайдалануға  оқушылардың назарын аудару, әлеуметтік жауапкершілікті, өзекті экологиялық мәселелерді шешуге қажетті өмірлік дағдыларды дамыту.   Қазақстандықтардың жас буынымен жұмыс жасаудың бұл бағыты Қазақстанда ұзақ мерзімге арналған «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыруға байланысты қажет. «Шеврон» компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі департаменттің директоры Еркін Зықыбаевтың айтуынша,  «Адамзаттың келешегі көбінесе біздің өз мүмкіндіктерімізге және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін бірлесе отырып шешуді қаншалықты қалайтынымызға байланысты екені бүгінгі күні анық. Осыны түсіне отырып, «Шеврон» компаниясы экология бойынша білім беруге және жастар мен балалардың бойында өмірлік маңызға ие дағдыларды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстанда жұмыс жасап келе жатқан 20 жыл ішінде біз экология саласына қатысты көптеген жобалар мен шығармашылық бастамаларға қолдау көрсеттік». Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен балалардың 200-ге жуық жобасы жіберілді. 15 облыстан, Алматы мен Астана қалаларынан жіберілген 25 жоба дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды, өздерінің экологиялық идеяларын іске асыру үшін 13 жоба жалпы сомасы бір жарым миллион теңгеден асатын қаржылық гранттарды алды. Таяу келешекте жеңімпаздар өздерінің жобаларын жүзеге асыруға кіріседі.

Көрмеге «Мөлдір түтіннің технологиясы», «Artemisia terrae-albae өсімдігі жұпарымен сабын дайындау», «Электромагнитті модуляция әдісі арқылы ашық тұқымды өсімдіктердің тұқымын өңдеу технологиясы», «MG-12 Экосинтез» электр энергиясын өндіретін магниттік генератор» сияқты үздік жобалар болды. Жеңімпаздардың бірі Тараз қаласынан келген 5-ші сынып оқушысы Исаак Мустопуло мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған құммен сурет салып, мултипликациялық шығармалар жасайтын экологиялық студия жобасын жасаған. Автордың айтуынша,  балалардың анимациялық туындылар жасауы олардың ой-өрісінің дамуына оң әсер етеді. Шығармашылық экологиялық бастаманы дана әрі шебер тәлімгердің қолдауынсыз дамыту мүмкін емес, сондықтан байқаудың ұйымдастырушылары оның аясын кеңейтуді ұйғарды. Экологиялық-экономикалық білім беруге және оқушыларға кәсіби бағыт беруге арналған оқыту-әдістемелік әзірлемелер бойынша оқытушылар арасындағы тұңғыш республикалық сырттай байқауға бастау беріліп, ол Балалардың экологиялық бизнес жобаларының байқауымен қатар өткізілді. Байқауға 193 жұмыс келіп түсті, үздік деп танылған 36 жұмыс дипломдармен марапатталды. Жинақталған озық қазақстандық педагогикалық тәжірибе жинақ түрінде басып шығарылып, кейін тарату  және ендіру мақсатында ол еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілетін болады. Байқауда жеңіп шыққан жобалармен «Жастардың жетістіктері» ҚҚ-ның www.centre-dom.kz  сайтында танысуға болады.

Дереккөз: ҚазАқпарат