- Advertisement -

Ел шырайы – шығынсыз экономика

121

- Advertisement -

Қазақстанда жасалған әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек

Алмас Мәдиев,
облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы.

 Ел Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді-өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды»деген ұстанымы баршамызға үлкен міндет қойған болатын. Ал жыл басында жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламасы сол міндеттерді орындаудың нақты қадамдары іспетті. Ендеше қойылған міндеттердің орындалуы тынымсыз еңбектенуді талап етеді. Аталған бағдарламада мемлекеттің кәсіпкерлікпен өзара іс-қимылы мен әріптестігінің жаңа қағидаттары өнімді сату үшін ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу арқылы тікелей инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылған. Өңірде ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында, яғни, бағдарламаның бірінші бесжылдығында жалпы құны 123,3 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның шеңберінде бес мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Іске қосылған жобалар 2010-2014 жылдардың қорытындысы бойынша 141,5 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, облысымыздың жалпы өңдеу өнеркәсіп өнімі көлемінің 18,4 пайызын құрап отыр. Ал екінші бесжылдықта бағдарлама шеңберінде жалпы құны 581,7 миллиард теңгені құрайтын 27 инвестициалық жоба іске асырылып, оның шеңберінде 5,7 мың тұрақты жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда.
Елбасы ұсынған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламасында «ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, табысты жұмыс істеп тұрған экономиканың маңызды қағидаты мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы, оны қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жайлар бизнестің оңалтылуы мен банкроттығының жаңғыртылған құқықтық қырлары бар Кәсіпкерлік кодексінде көрініс тапқан. Бизнесті қорғау мен кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсетудің орталық тетігі болуы тиіс бизнес-омбудсмен институты нығайып келеді» делінген. Елде қалыптасқан жалпы жүйе өз ісін бастап, бизнесті дамытуға мол мүмкіндіктер жасап отырғаны шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жыл санап артып келе жатқандығымен белгілі. Мысалы, соңғы үш жылда белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 18,5 пайызға ұлғайып, бүгінгі таңда облысымызда 75 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс атқаруда. Кәсіпкерлік саласында облысымыздың 127 мыңнан астам тұрғыны еңбекпен қамтылып, олар өткен жылы 118,9 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл облысымыздың жалпы өңірлік өнім көлемінің 19,8 пайызын құрап отыр.
Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Осы бағдарламалардың ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аса маңызды рөлге ие. Осы тұста айта кету керек, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бағдарламаға ағымдағы жылы бірқатар өзгерістер еңгізілді, оның ішінде, ең маңыздысы – ауылдық жерлерде барлық бизнес түрлеріне қолдау көрсетуге болады.
Бизнестің табысты болуына, әрине, бірінші кезекте кәсіпкердің өзі, оның қабілеті, зеректігі себеп болады. Алайда, кәсіпкер қанша пысық болса да, ол барлық салаларды біле алмайды ғой. Айталық, кәсіпкерге бухгалтерлік, салықтық, статистикалық және басқа да толып жатқан есеп жүргізу қажет. Осындай кезде кәсіби маманның қасында болғаны жөн. Алайда, кәсіпкерлердің барлығы бірдей өз қасында мұндай маманды ұстап отыруға қаражаты жетпейтіні анық.
Осыған байланысты кәсіпкерлерге тегін сервистік қызмет көрсетіледі. 2014 жылдан бастап сервистік қызмет көрсету жұмыстары ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелді. Сонымен қатар, ұлттық кәсіпкерлер палатасының әр ауданда өз өкілі болып, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында игілікті жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау ісі жалғасын таба бермек. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін баршамыз ат салысуымыз қажет. Бұл – ортақ іс.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support