Энергияны үнемдеу ысырапты азайтады
Энергияны үнемдеу ысырапты азайтады
Құдайберген Қорғанбаев,
облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы электр энергетикасы, энерго үнемдеу және энерго тиімділік бөлімінің басшысы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға жол» мақаласының «Инновациялық индустрияландыру көкжиектері» бөлімінде: «Жалпы ішкі өнімнің энергиялық сыйымдылығын 2020 жылға дейін 25 пайыз және ғасырдың ортасына дейін 50 пайыз төмендету маңызды. Бұл үшін энергиялық қызмет келісімшарттар механизмі арқылы энергияны үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту қажет», – деп ерекше атап өтті. Ал енді энергия сыйымдылығын төмендету мәселесіне тоқталсақ... Біздің облыста «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Тараз металлургия зауыты секілді ірі кәсіпорындар бар. Осы өндіріс орындарындағы электр энергиясы қондырғыларының көпшілігі ескі. Осы қондырғыларды шетінен белгілі бір мөлшерде жаңарта берсек, жаңа желілік қондырғылар электр қуатын өз деңгейінде тарататын болғандықтан, энергияның үнемделуіне мүмкіндік береді. Энергиялық сыйымдылық пайызын төмендетуге нормативтік ысырап деңгейін төмендету арқылы да қол жеткізуге болады. Біздің облыста нормативтік ысырап көлемі 14,81 пайызды құрайды. Сондай-ақ, жаңартылған энергия көздерін пайдалану арқылы да бұл мақсатқа қол жеткізуге болады. Ол дегеніміз күн көзінен, желден және судан энергия өндіру болып табылады. Осынау баламалы электр энергиясын өндіруден де біздің облыс республикада көш бастап тұрғаны белгілі. Энергиялық тиімділікті арттыру және электр энергетика саласын дамыту елді индустрияландыру үшін бірінші кезектегі шара екендігі анықталды. Сондай-ақ, Елбасының мақаласында: «Өзгерістер энергияны үнемдеу саласын да қамтитын болады, ол үшін аймақтық электр желілік компанияларды және энергиямен қамтамасыз етуші мекемелерді ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде салаға инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай тудырады, халықаралық электр энергиясымен алмасуды бақылауды ішкі тұтынушылардың пайдасына қарай қамтамасыз етеді, саланың мемлекеттік басқарылу сапасын жоғарылатады», – делінген. Елбасының мақаласында айтылған мақсаттарға жетуге біздің облыста толық мүмкіндіктер бар.