Саясат

Жер қадірін дихан біледі

Жер қадірін дихан біледі

Ербол Райымбеков, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы жер есебі бөлімінің басшысы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары-қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын жеткізді. Осы мақсатта мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енгенін де атап көрсетті. Ұлт жоспарының 35 және 36-қадамдарында Жер қатынастарын реттеуді одан әрі жетілдіру көзделген. Фермерлік және бүкіл аграрлық секторды дамыту үшін айтарлықтай ынталандырушы күш Жер кодексіне енгізілген өзгерістер болды. Мемлекет басшысы мақаласында «Жаңа құқықтық нормалар жұмыс істеп тұрған 224 мыңнан астам агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне олар жалға алған 97,4 миллион гектар жерді жекеменшікке алуға мүмкіндік береді» деп атап көрсетті. Бұл жұмыс біздің өңірде де қолға алынуда. Қазіргі таңда облыс бойынша жұмыс істеп тұрған 304-тен астам агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне, олар жалға алған 964,5 мың гектар жерді жекеменшікке алуға мүмкіндік беріліп отыр. Оның үстіне, иеліктегі жерді сатып алуды жеңілдету мақсатында оны кадастрлық құнының 50 пайызы көлемінде 10 жыл мерзімге бөліп төлеу қарастырылған. Бұдан бөлек, облыс бойынша 2 миллион гектардан астам аумақты алып жатқан босалқы жерлердің ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған 43,9 мың гектарын да Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары жекеменшікке аукцион арқылы сатып алатын болады. Осы орайда 2015-2016 жылдары жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы босалқы жерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. 2015 жыл бұл жұмыстар Жуалы, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында жүргізілсе, биыл қалған аудандар қамтылады. Алдағы уақытта байлығымыз болып табылатын жер ресурстарын тиімді пайдалану басты стратегиялық бағыттардың бірі болып қала бермек.