- Advertisement -

Бақытымызды қазақ жерінен тапқан ұлт өкілдеріміз

85

- Advertisement -

Салима Вансинвин,
дүнген этномәдени орталығының жетекшісі, ауданның Құрметті азаматы.

Біз бірлігі жарасқан, халқының тұрмысы жақсы, бейбітшілікті ту еткен елде тұрып жатқанымызды мақтан етеміз. Аудан аумағында қазақ, орыс, түрік, әзірбайжан, қырғыз, татар, башқұрт, шешен, ингуш, күрділермен қатар дүнгендер де өзара ынтымақтасып тату-тәтті өмір сүруде. Біздің аз санды ұлтымыз дәл қазіргідей бақытты да мамыражай шақты бұрын білген емес. Тарихқа үңілсек, XIX ғасырдың екінші жартысында Қытайда діни және ұлттық қарама-қайшылықтарға байланысты жергілікті дүнгендер аяусыз теперіш көріп, амалсыз 1877 жылы орыс шекарасына қарай жан сауғалап босып келеді. Көпшілігі жол-жөнекей аштық пен жол азабынан қырылып, екі мыңдайы ғана азып-тозып Жетісу жеріне табан тіреген екен. Қазақ халқында «аштықта жеген құйқаның дәмі бал татиды» деген сөз бар, сол айтпақшы жергілікті ұлттың сол бір қиын кезде дүнгендерге жайған кең құшағы мен өз бала-шағасының аузынан жырып берген көмегі арқасында ұлтымыз тура келген қатерден аман қалды. Содан бері бірнеше ұрпақ алмасып, қандастарымыздың саны қайта көбейді. Тек, Қордай ауданының өзінде дүнгендердің саны қазір 45 мыңға жетсе, бұл бүкіл аудан тұрғындарының үштен бірін құрап отыр. Сондай-ақ, көрші қырғыз елінде, облыстың өзге аудандарында, Тараз және Алматы қалаларында қоныс тепкендері де жетерлік. Бүгінгі дүнгендердің тұрмысы сәнді, өмірі мәнді бола түсуде. Сәулетті үйлерінің кең ауласында қымбат шетелдік көліктердің бірнешеуі тұруы үйреншікті көрініске айналды. Мұның барлығы табиғатынан жер емген ұлтымыздың алаңсыз еңбек етіп, өз игілігін өзі еселеуіне елімізде барлық ұлтқа бірдей жағдай туғызылғандығының арқасы екені даусыз.
Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында ұлт бірлігі мен татулығын бұдан әрі нығайтудың мемлекеттік маңызына ерекше тоқталған. Аталған бағдарламаның «Реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол» деп аталатын бөлімінде: «Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасыры топтасқан халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын көрсетіп берді. Біздің еліміз өзінің табысты даму моделімен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті» делінген. Шынында, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ, елдегі түрлі ұлттардың басын біріктірген Ассамблея құрылып, өзінің тиісті міндетін атқарып келеді.
Аудандағы әртүрлі ұлттардың басын біріктіретін алты этномәдени орталықтарының ішінде біздің дүнген бірлестігі 1998 жылы құрылған болатын. Этномәдени орталығымыз дүнгендер тығыз топтасқан Сортөбе ауылындағы №17 орта мектепте орналасқан. Өйткені, Сортөбеде және іргелес Масаншы ауылдық округтеріндегі қырық бес мыңға тарта тұрғындардың дені дүнгендер. Көршілес Ауқатты, Қарасу ауылдарына және аудан орталығына қоныстанып жатқан қандастарымыз да аз емес. Орталықтың ұйытқы болуымен жылма-жыл ұлтымыздың тілін, мәдениетін, дәстүр-салтын насихаттап, жергілікті халықпен бауырластық байланысын нығайта отырып мемлекет саясатын жүргізуге белсене ат салысудың сан салалы шаралары атқарылып келеді.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support