Әлеумет

Дағдарыс кезінде жұртты не мазалайды?

Дағдарыс кезінде жұртты не мазалайды?

Теңгенің күннен-күнге құлдырауы халықты біраз састырған секілді. Осы орайда Ұлттық Банк төрағасы Д.Акишевтің теңге бағамының өзгеруі сыртқы факторлардың әсері және мұнай бағасы барреліне 30-40 доллар аралығында сақталса, теңге осы бағамда қалады деп айтуы, халықтың көңілін сейілте қоймады. Егерде теңге бағамы еркін айналымда жүргенін ескерсек, онда оның негізгі бағамын қалыптастырушы фактор ол валюталарға сұраныс пен ұсыныс болуы шарт. Ол – нарық заңы. Ал сұраныс пен ұсынысқа әртүрлі факторлар әсер етеді. Дағдарыс – экономикалық құбылыс. Ол ауқымы мен уақыты жағынан қысқа, орта, ұзақ мерзімге бөлінеді. Осы орайда қазіргі дағдарыс әлемдік экономикадағы туындаған көптеген мәселелермен тығыз байланысты екенін атап өткім келеді. Ең алғаш Еуропа құрлығында қаржылық қиындықтары ұлғая келе ең үлкен ел Америка Құрама Штаттарына әсер етіп, әлемдік сипатқа айналды. Бұл орайда дамушы елдерге бұл дағдарыс қатты әсерін тигізуде. Көптеген инвесторлар тұрақсыздық кезеңінде өз қаражаттарын дамушы елдердің экономикаларынан алып кетуде. Ол өз тарапынан акциялар курсының төмендеуі мен жергілікті валюталардың құнсыздануына соқтырды. Қуантарлығы, қазіргі дағдарыстың ұзақ уақытты болуының мүмкіндігі төмендеуінде. Оған басты себеп ол – мемлекеттердің экономикасының бір-бірімен тығыз байланысы мен дағдарыстармен күрес жолдарының тетіктерінің қалыптасқандығында. Әлемде небір дағдарыстар өткен. Осы орайда Қазақстанның дағдарыс әсерін төмендету бойынша жасап отырған қадамдары дағдарыспен күрестің классикалық үлгісіне жатады. Ол әлемдік тәжірибеге толық сәйкес. Ең үлкен ауқымды дағдарыс 1929-1933 жылдардағы дүниежүзілік экономикалық дағдарыс болды. Осыдан АҚШ экономикасындағы дағдарыс зардабынан 7 миллион адам жұмыссыз қалған болатын. Осы кезде Америка экономикасын жандандыру үшін мемлекет экономикаға араласып, мемлекет шығындарын көбейтті. Қазіргі Америка Құрама Штаттарындағы жолдар, көпірлер, жол айрықтары мен мемлекеттік мекемелер ғимараттары негізінен сол жылдары салынған. Өндірістен босаған жұмыссыздарды мемлекеттің өзі осындай жұмыстарға тартып, олардың аштан өлмеуіне ықпал етті. Бұл өз тарапынан экономиканың қайтадан қалпына келуіне әсерін тигізді. Қосымша құрылыстар және басқа салалармен байланысты кәсіпорындар пайда болды. Экономика біртіндеп жандана бастады. Ел алғысын алған Рузвельтті халық төрт рет президент етіп сайлады. Ол Америка тарихында төрт рет сайланған алғаш және соңғы президент болып қала береді. Естеріңізге салсақ, Америка Конституциясына сәйкес бір адам екі реттен артық президент болып сайлана алмайды. Дағдарыстан шығу жолдары бар, оған тарих куә. Сондықтан дағдарыс әлемдік сипатта болады. Оған әлемдік экономиканың бір мүшесі ретінде бізге әсер беруі заңды құбылыс. Бірақ та біз дағдарысты дұрыс пайдаланып, ел экономикасын көтеруіміз керек. Теңге неге құлдырады, қашан тұрақтанады деген сұраққа жауап беріп көрейік. Біріншіден, теңге бағамына сұраныс пен ұсыныс әсер етуде. Ал сұраныс ол халық пен екінші деңгейлі банктердің сұранысымен тікелей байланысты. Елбасы айтқандай, халық ішкі сатып алуларда теңгені қолданбаса, онда долларға деген сұраныс арта бермек.Оның үстіне, ел экономикасы сырттан келетін тауарлар мен қызметтерге зәру. Тауарлардың басым бөлігі доллармен сатылатындықтан, оның бағамын қысқа мерзімде төмендету мүмкін болмай тұр. Оны төмендету жолдары бар, ол үшін импортты алмастыру саясатын жетілдіру керек және Үкіметтің долларсыздандыру саясатын тез, жылдам іске асыру қажет сияқты. Қаражатты сақтандыру туралы мына мәселені айтуға болады. Қазіргі кезде ең тиімді жол ретінде халық қаражатын долларға айналдырып, оны банктік депозиттерде сақтауда. Ұлттық Банктің мәліметіне сәйкес, екінші деңгейлі банктердегі халықтың долларлық салымы барлық салымдардың 80 пайызын құрап отыр. Бұл дұрыс та болар. Бірақ, бұл жағдай дәл қазіргі уақытта пайдалылығы төмендеген секілді. Сондықтан ең тиімді әдіс ретінде адами капиталды ұлғайтуға салынған салым дұрыс деп ойлаймын. Ал жеке бизнеспен айналысам дегендерге дағдарыс – мүмкіндік. Дағдарыс салдарынан кәсіпорындар тиімділіктері төмендеуде. Осы орайда мемлекет кәсіпорын жұмыстарын жаңдандыру мақсатында көптеген бағдарламалар жүзеге асыруда. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру шарасына қалталы азаматтарға белсенді қатысу қажет деп санаймын. Мемлекеттік нысандардың дайын бизнестер екенін ескерсек, артық қаражатты сол мекемелерді сатып алуға жұмсаған абзал. Тағы осы мекемелерді сатып алуға итермелейтін негізгі фактор ретінде олардың көбісі өз салаларының монополистері екенін ұмытпауымыз керек, бұл болашақ табыстың кепілі деп айтуға болады. Осы орайда мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында беріліп отырған жеңілдіктер де қазіргі таңда азаматтарға жеке отбасылық бизнес бастауына үлкен мүмкіндік. Дағдарыс кезеңінде қандай тауардың бағасы өсетіні де жұртты бейжай қалдырмайды. Бұл мәселеге қысқаша тоқталсам, барлық тауарлардың бағасы өседі. Осы орайда девальвация мен инфляция айырылмайтын «екі дос» екенін ұмытпауымыз керек. Сонда да доллар мен еуро курстарының өзгеруіне тікелей бағынышты тауарлар бар, сондықтан оларға баға тіптен шарықтап кетуі мүмкін. Олар тұрмыстық заттар, шетелге демалыс үшін берілетін туржолдамалар, парфюмериялар, ауыр және жеңіл көліктермен қоса, отандық көліктер. Отандық көліктердің қымбаттауының басты себебі – отандық өндірушілердің өндіріске қажетті құрылғылар мен жабдықтарды көптеген мөлшерін шетелден тасымалдауында. Аяқ киімдер мен киім өзіміздегі өндірістердің ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмауы себебінен қымбаттайды. Құны жоғары дүниені сатып алу қажет. Ол ақшаның құнсызданбауына септігін тигізеді. Бірақ, бұл орайда дағдарыс салдарынан жылжымайтын нарық құны түсуі мүмкін. Қазіргі таңда мемлекет дағдарыс салдарын төмендету мақсатында құрылыс нысандарын көптеп салуда. Ол нарық сұранысын толық қамти алмайды. Сондықтан тұрғын үй бағасы қатты төмендемейді. Дегенмен, өз қаражатыңызды дұрыс жұмсау мақсатында мемлекет бағдарламасы арқылы жаңа үйді алған дұрыс шығар. Қазақта «ескі алсаң есің кетер» деген мақал бар. Тағы да айтарым, халық артық ақшаға алтын мен қымбат бұйымдар алып қою қажет деп ойлайды. Иә, алтынның бағасы қазір шарықтап тұр, бірақ ол ұзаққа бармайды. Ең дұрысы платина немесе күміс алу қажет, олардың бағасы жақын аралықта да, болашақта да төмен түспейді. Қазіргі уақытта жұмыс орнын ауыстырсам ба дейтін адамдар да кездесуі мүмкін. Дағдарыс кезінде жұмыс ауыстыру емес, жұмыс табу қиынға соғады. Сондықтан ол біткенше бір жұмыста істеген абзал. Егер ол жұмыс мемлекеттік жұмыс орны болса ол тіптен жақсы. Жекеменшік ол әртүрлі дағдарыс себептермен жалақы төлей алмауы мүмкін, ал мемлекет өз міндеттемелерін әрқашан орындайды. Көпшілікті толғандыратын басты мәселе дағдарыстың қашан бітетіндігі екені мәлім. Дағдарыс әлемдік сипатта болғандықтан біздің экономиканың дамуы әлемдік экономиканың дамуымен тығыз байланысты. Ресей Федерациясы Президентінің жиналыстағы Ресей экономикасын дағдарыс шегін өткерді деген мәліметі мені қуантты. Біздің экономиканың Ресей экономикасымен байланысы 40 пайыздан жоғары екенін ескерсек, енді біздің жағдай бір қалыпқа келетін секілді. Оның үстіне, Ресей мен Еуропа, АҚШ, Түркия арасындағы келіспеушіліктер біздің ауыл шаруашылық саласына қосымша мүмкіндіктер тудырып отыр. Қытай Қазақстан экономикасына салынған салымдарын дағдарыс кезеңінде 10 миллиард долларға қосымша өсіруі мен әлем елдерінің Қазақстан экономикасына қызығушылықтарын арттыруда. Дүниежүзілік банктің сарапшыларының есебі бойынша бизнесті жүргізу ыңғайлылығы бойынша Doing Business 189 елдің ішінде 41-орынға көтерілді. Бұл – үлкен жетістік. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ел экономикасына бөлінген 1 триллион теңге де өзінің мультифликаторлық тиімділігін беру шарт. Осы орайда мемлекет дағдарыстан көп зиянсыз шығады деп ойлаймын.

Сұлтан Әбілдаев, экономика ғылымының докторы, Тараз мемлекеттік университеті.