- Advertisement -

Қайыңнан қазақ домбырасын жасаған

92

- Advertisement -

Асан Бейсеновтің өнері таңдай қақтырады

Пайғамбарлар туғанда,

Бесік болған бұл ағаш.
Мұнаралы әр жерде,
Мешіт болған бұл ағаш.
Шеберлердің қолында,
Кәсіп болған бұл ағаш. Әйгілі Қашаған жырау осылайша жырлаған ағаш пен оны өңдеу кәсібі ықылым заманнан бері жалғасын тауып келеді. Табиғат тартуын табиғи тұтыну бұйымына айналдырған шеберлердің еңбегі ешқашан елеусіз қалмаса керек-ті. Қоғам дамып, қолөнерге қатысты технология жаңара түскенімен, шын шеберлер дәстүрлі әдістер арқылы ең жақсы өнімдер жасаудан жаңылған емес. Солардың бірі – тараздық Асан Бейсенов.
Ол 1970 жылы Байзақ ауданының Шахан ауылында дүниеге келген. Сонда бой түзеп, ер жетеді. Қолөнерге деген құштарлығы да сонау мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ ояна бастайды. Содан ба, оқушы Асанның мектептегі еңбек сабағына деген ынтасы өзге пәндерден, өзге балаларға қарағанда өте жоғары болады. Балалардың икем қабілеттерін сараптайтын сол пәннің тапсырмаларын болашақ шебер өте мұқият және ыждаһаттылықпен орындауға асығатын. Ағашқа ою-өрнек салуда да қатарластарына қарағанда белсенділік танытып, көзге түсе береді. Осындай талпынысының арқасында зерек Асан Бейсенов мектепті жақсы бағаға аяқтап, Жамбыл педучилищесіне сурет мамандығына оқуға түсіп, бала арманын ақиқатқа айналдыру жолындағы маңызды қадамдарының бірін аттайды. Осылайша туабітті талантын талмай ізденіс арқылы ұштай береді. Шебердің айтуы бойынша оның бұл өнерге келуіне ағасы Қазым Аманқосовтың үлкен септігі әрі көмегі тиген екен. Себебі, ағасы да алыс-жақынға танымал, дарынды суретші екенін ел жақсы біледі. Демек, Асанның бойындағы таланттың бір тамыры сол қанға біткен өнерден нәр алады десек, қателеспейміз.
Асылында, тұрпаты тегіс ағаштан гөрі, бұтағы көп без ағашын керекке жарату кез-келген шебердің қолынан келмейді. Демек, бір қарағанда, артық көрінген қыңыр ағаштың қалауын тапса, үздік қолөнер туындысына айналады, тек сұранып тұрған сурет пен дайын өрнекті көре білу керек. Дегенмен, бұраң безді шауып отырғанда, болмашы ғана қателіктен әу бастағы жоспар мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін. Өйткені, бұл өнер өте нәзіктікті, образды ойлау мен аса ұқыптылықты қажет етеді. Сондықтан шеберге қойылар талап қашанда жоғары. Осындай тиянақтылықты қажет ететін өнер саласының ауыр жүгін мойымай көтеруге бел байлап, қойылар талабын әу бастан-ақ түйсінген Асан Бейсеновтің қолынан шыққан дүниелері бүгінде халықтың ыстық ықыласы мен сансыз сұранысына айналып отыр деуге толықтай негіз бар.
Асан шебер бүгінде домбыраның сан түрін жасап шығаруда. «Домбыра жасау үшін, алдымен, оның қажетті құралдарын, яғни тиісті ағаштарын табу керек. Шанағы мен домбыра мойнының бетіне қатты ағаштар қажет. Домбыра мойнының бетіне арша ағашы, ал шанағына жеміс ағаштары жақсы. Жеміс ағаштарының ішінен алма, жаңғақ сынды ағаштар тәуір болып келеді. Негізінен, қайың ағашы домбыраға лайық», – дейді Асан.
1994 жылдан бері қолөнерді кәсіп еткен ол арзан саудаларға дүниелерін жақындатудан тіпті аулақ. Қараша халық базардағы саудада тұрған домбыралар мен ел көп жүретін, яғни вокзалдарда және түрлі орындарда саудадағы ұлттық аспаптарды тұтынуға үйірсек келеді. Ал біздің кейіпкеріміз ондағы бұйымдар көбіне сапасыз дүниелер екенін алға тартады. «Әрине, халық арзанға үйір. Арзанның сапасы да бағасына лайық екендігі бесенеден белгілі. Көпшілік сол үшін де сондай дүниелерді қолжетімділікпен ала салуға әуес. Ал қасиетті домбырамыздың қадірін түсінетін, ұлттық аспабымыздың құрылымын түйсінетін жандар ондай домбыралардан гөрі өздері сенетін кәсіпқой шеберлерге тапсырыс бере отырып, ойдағыдай етіп жасатып алғанды жөн көреді», – дейді Асан шебер. Тек ұлттық аспапты ғана емес, шабыттанып, ойынан түрлі туындылар да тудыратын оның шығармашылық жұмыстары көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Бірнеше облыстық, республикалық көрмелерге ұсынған шебердің ағаштан жасалынған домбырадан бөлек те дүниелері халықтың ыстық ықыласына бөленіп үлгерген.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support