Анталияда ән салған аспандатып…

90

Мәдениет үйінде өтіп жатқан мерекелік концертте жарқын жүзді жас жігіт ән салып тұр. Ақ жейдесімен, мойнына таққан қара белбеулі ақ банты өзіне ерекше сән бергендей. Сахнаға шыққан сәтте-ақ саз-әуенімен «Қазағым»-деп, биік шырқап басталатын, айтулы әнді аяқтағаны сол еді көпшіліктің сұрауымен «Он алты қыз» әнін бастап кетті.
… Әшекей қыз Айжан-ай,бәлекей қыз-Балжан-ай,
Шашбаулы қыз Сәлима-ай, еркелеген Тайса-ай… Бұл әнді де көпшілік ұйып тыңдады. Әнші бірде аудандық іс-шараларды жүргізсе, кейде кеш аралық үзілісте көңілдерін ән қалықтатқан көрермен қауымның қолқалауымен бір әннен соң, бір әнді тамылжыта шырқайды. Өзі ән салған сайын қанаттанатындай. Бәлсінбейді, қарапайым. Біз әңгіме еткелі отырған жігіт – өскен орта, туған жер, өнер жайлы сұрақ туындағанда «Мойынқұмның перзентханасында» дүние есігін аштым», – деп жымиып, әңгімесін жалғастырған Қажымұрат Әбдіқадыров болатын.
– Сәбилік шағым ата-анамның туған жері Жамбыл ауылында өткенмен, аудан орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы мектептің табалдырығын аттадым. Алғашқы ұстазым Мәркизат Тілеужанова. 10-11 сыныпты Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылында бітіріп, Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ды 2014 жылы аяқтадым. Негізгі мамандығым – инженер-технолог. Сол жылы Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ҚазҰПУ «Музыкалық білім беру» факультетіне құжатымды сырттай тапсырып, Мойынқұм ауылындағы «Балалар мен жасөспірімдер орталығына» вокал үйірмесінің жетекшісі болып орналастым. Орталықта болашағынан зор үміт күтетін балғын шәкірттеріме өзімнің бар білгенімді үйретіп келемін.
Өткен жылдың басында Алматыдағы «Қысқы ертегі» республикалық фестивалінде бағымды сынап, Гран-приді жеңіп алдым. Мұнда Ержан Серікбаевтың «Кім білген», Сегіз серінің «Гауһартас» әндерін орындаған едім. Іріктеуден өтіп, Түркияның Анталия қаласында өтетін халықаралық фестивальға жолдама алып, қуанғаным естен кетпес. Айтуға оңай. Жаз ортасында 17 мемлекеттен келген 21 үміткердің бірі болып қатысып, екінші дәрежелі лауреат атандым. «Ата-бабамыздың тұлпарының тұяғы тиген, қасиетті елде, өзіңді қалай сезіндің?» деп қалдыңыз. Түркі тектес халықпыз ғой. Қонақжайлылығы өзіміздің қазақтар сияқты. Таңданумен болдым. Мәрмәр теңізі, Қара теңіз, Жерорта теңізі, Эгей теңіздерінің (Ақ теңіз) ортасындағы үлкен де әсем қала ерекше таңғалдырып, үлкен әсерге бөледі.
Саз, әуенге жастайымнан құмар болып өстім. Мектепте, университет қабырғасында, ән байқауларының жүлдегері болып жүрдім. Бала күннен әкеміз Нұрлыханның қолы қалт етсе, домбыра тартып, ән салатыны, әлде жылы жүзді, мейірбан анамның аялы алақаны мен ақ тілегі ме, інім Мейіржан екеуміз осы бір нәзік мамандықты таңдадық. Мейіржан – Жамбыл педагогикалық колледжін бітірген, бүгінде Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіндегі Қ.Байбосынов класының 2-курс білімгері, – дейді талантты әнші.
Мейіржанның да ән әлемінде өзіндік орны бар екенін жақсы білеміз. Ал Қажымұраттың ауылда жүріп-ақ Халықаралық фестивальдан жүлдемен оралуы – үлкен мақтаныш. Ол күн сайын өзінің талантын ұштап, өнердің биігіне ұмтылуда.

Гүлсім НАРБАЕВА,
кітапханашы.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.