- Advertisement -

Қазақ боксының қара нары болатын

132

- Advertisement -

Сыңғырлап аққан Сырдарияның Арал теңізі құятын тұсына жақындағанда қырға тіреліп, екпіні еселенетін жеріндегі Аманөткел ауылы – спорт саңлақтарын өмірге әкелген киелі мекен. Бокс әлемінің жарық жұлдызы Кеңес Омаров та 1936 жылы осында дүниеге келді. Ата-анасының ақ батасын алып, Ташкент жер суландыру техникумына оқуға түскен Кеңестің ол кезде қияға қанат қағып, спорт әлемінің көгінде жасындай жарқырарын, сірә, ешкім білмесе керек. Талап тұлпарына мінген ол техникум қабырғасында оқып жүргенде боксқа біржола ден қояды. Жер түбіндегі Аманөткелден келген ауыл баласының ниетін мақұлдаған бапкері Т.Хұснудиновтің бастауымен 1955 жылы Өзбекстан чемпионатында алтын медаль иеленеді. Алғашқы жылдан-ақ республика құрама командасына мүше болған жігерлі жас өзбек ағайындардың құрметті азаматына айналды.

Елге келген соң Қазақстан чемпионы атанды. Алғаш еңбек жолын Арал қаласындағы училищеде, кейін «Еңбек резервтері» спорт қоғамында бапкер болып бастаған ол Кеңес Шымкент химия-технологиялық институтының ректоры С.Сүлейменовтің шақыруымен сол жаққа барып, КСРО құрама командасының мүшесі Марат Жақсыбаевты жаттықтырды. Марат одақ чемпионатында қола жүлде алды, КСРО-АҚШ кездесуінде қарсыласын жеңді. «Қас жүйрікке қарсы тұрар тосқауыл жоқ» демекші, осыдан кейін-ақ қос қолмен қатар жұмыс істей алатын, қауіпті қашықтықты тез байқайтын, қайсар да жігерлі Кеңестің бапкерлік жұмысы жанданып сала берді. Аз жыл ішінде Амалбек Тшанов, Иван Мистокопуло, Рашид Болғанбаев сынды дарынды боксшы шәкірттері шаршы алаңға шықты.
Кеңестің бапкерлік жұмысы 1970 жылы Тараз қаласында жалғасын тапты. Жамбыл бокс мектебінің іргетасын қалаған білікті маман Кеңес Омаровтың спорттағы шырқау шыңы да осы кез десек қателеспеспіз. Аты шулы боксшының білікті бапкер атанып, көптеген балғындарды боксқа баулып, көптеген былғары қолғап шеберлерін шыңдағаны да осы жылдар еді. Олардың арасында Кәрімжан Ахметбеков, Серік Қонақбаев, Рашид Кабиров, Нұрлан Көпжасаров, Вадим Присяжнюк сияқты КСРО, Еуропа, әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевты да тәрбиелеп шығарған Кеңес десе, біреу сеніп, біреу сенбес. Серіктің алғашқы бапкері Р.Болғанбавты да Кеңес баулыса, өз тәрбиесіне көшкен Серікті Ю.Цхайдың қол астына алуына да келісім берген Омаровтың өзі екен. Кеңес шыңдаған бапкерлер Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары атанса, Ю.Цхай КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды. Ұстаз қашанда шәкіртімен ғұмырлы. Спорт жылнамасына көз жүгіртер болсақ, қазақ елінің спортшылары Атланта, Сидней, Афины Олимпиадаларына дербес құрама болып қатысты. Олжалы өңірлердің ішінде Жамбыл облысының шоқтығы биік. Кезінде Кеңес Омаровтай білікті де кәсіби шеберлігі жоғары маман негізін салған Жамбыл бокс мектебі биік тұғырдан көрінді. Аталған бірнеше Олимпиадада Жамбыл бокс мектебі 6 медальға ие болыпты. Жамбылдың қос саңлағы Ермахан Ыбрайымов пен Болат Жұмаділов 1995-2000 жылдар аралығында әлем чемпионаттарында 1 алтын, 2 күміс, 2 қола, олимпиада ойындарында 1-алтын, 2 күміс, 1 қола медальға ие болды. Бұған Атлантадағы Болат Ниязымбетовтің қола жүлдесін қоссаңыз, іргетасы мықты қаланған бір ғана облыс боксшыларының қазақ спортына үлесі қаншалықты қомақты болғанын көреміз. Қазақ спортының тарихында орны ерекше Кеңес Омаровтай сайыпқыран спортшы, білікті бапкер тірі болғанда биыл сексен жылдық мерейтойын дүрілдетіп атап өтер ме еді, кім білсін? Алайда, Кеңес ағаның өзі жоқ болса да, ол кісінің ізбасарлары қазақ боксшылары өсіп келеді. Олар тұрғанда Кеңес ағаның ұлт алдындағы ұлы қызметі еш ұмытылмақ емес. Кеңес Омаровтың туғанына 80 жыл толуы қазақ боксы үшін елеулі дата деп айтар едім. Осыны бокс саласының мамандары, бокс федерациясы ескерсе дейміз.
Көңілі күн құшқан айдын көлдей, тұлғасы бір тума нардай бола тұра өзінен жасы, дәрежесі төменге де, жоғарыға да кішіпейіл қалпын бұзбаған, адамгершілігі жоғары атпал азамат Қеңес Омаров есімі әрқашан ел есінде.

Дәстен Тоғысов,
еңбек ардагері.

Асылхан Дармырзаев,
сот саласының ардагері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support