Барымызды базарлай алсақ игі

123

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Дәл қай кезде қолға алынғанын тап басып айта алмаймын, біздің жастау кезімізде ұшқан құс, жүгірген аң, әрбір өсімдікке дейін тізімге алынып, «мынаусы құрудың аз-ақ алдында тұр» деп, «Қызыл кітапқа» да енгізіліп жататын. Бізге бұл «SOS» дабылынан да қатты әсер ететін… «Қызыл кітапқа» көзі жәутеңдеп «еніп» бара жатқан аң-құсқа біртүрлі аянышпен қарап, жүрегіміз қан жылайтын. Қазір мына қоғамнан, кейбір адамдардың бойынан ондай «жұмсақтықты» көп көре бермейміз. Жанды, өзекті атаулыны өзіміз көрінеу аяғымызбен таптап, ығыстырып-ақ келеміз. Кейбіреулері сирексігенін сезсек, табанда «Қызыл кітапқа» кіргізе саламыз. Әрине, ойша. Оларды одан әрі қорғап-сақтаудың, көбейтіп өрбітудің амалын ойластырып бас қатырып та жатпаймыз. «Күл болмаса неге бүл болмайды?!» – табан тірер тұжырымымыздың түрі осы. Бізге кешегі кеңестік кезеңде мына Жуалы жағында қолға алынған, арнайы егістікте таусағызды ұрығынан өсіріп, көбейтіп, «каучук» өндірісінің негізгі шикізаты түрінде кәдеге жарату ісі де сабақ болып жарытпады. «Көрмес, түйені де көрмес» дегендей, тауқызғалдақтың да қадіріне жетпедік. Голландтықтар оның ұрығын бізден алып кетіп, үлкен-үлкен павильондарда, тұқымбақтарда өсіріп, өз елдерінің «төлқұжаттарына» да айналдырып үлгерді ғой! Жеріміздің астындағы да, үстіндегі де байлығын ұқсатуға келгенде, бізден жалқау халықты жер бетінен таба да алмассың, сірә! Жуалыдағы, Ақсу-Жабағылыдағы, Қарақоңыздағы әлденеше мыңнан астам өсімдік түрі барын дабыралап қайтейік, олар қандай да бір қажетімізге жарап жатпағаннан соң.
Бәрін қойып, мына Мойынқұм өңірінің өзін алайықшы. Міне, осы Мойынқұмың қауын еккен алқаптарында, сексеуілді аймақтарында өсетін, бауыр ауруына мың да бір емі бар сұңғыла шөбінің тамырын қазып алу үшін ми қайнатар аптап ыстықта жергілікті жұрттың жаппай қолына күрек алып жалпақ даланы кезіп кететіні жайдан-жай емес. Оның бір келісін қытайлық делдалдар 110 теңгеге сатып алады екен. Олар арзан бағаға сатып алған тамырдан аса бағалы дәрі жасап, өзімізге өз бидайымызды қуырып беріп отыр. Осындай «мырзалығымыздың» соңы мына Оңтүстік Қазақстан өңірінің қызыл мия өсетін алқаптарының астын үстіне келтіріп, тілкемдеп тастауымызға әкеліп соқты емес пе?!
Бізге… табиғатпен қойындаса «түсіністікпен» тірлік кешкен ата-бабалар тағылымы да сабақ болып жарытып жатқан жоқ-ау, тым құрығанда! Құм өңіріндегілер үшін көкөніс, көкшін өсіру ісі қашаннан бергі «бас аурулары» болып келеді. Бірдеңе егіп өсірейін десе, су жоқ! Аздаған «ақаба» суды «қып-қызыл ақшаға» сатып су басындағылар да ұяттан әбден жұрдай болып бітті. Бірінің несібесін бірі «аузынан жырып» әкеткісі бар…
Ал байыптап қараған адамға сусыз, шөлейтті құмда да өмір бар. Ондағы көктен ала жаздай бір тамшы жаңбыр тамбаса да көктеп-көгеріп, бой сала балақтап өсіп тұрған неше алуан сүйекті өсімдіктер «айтады» мұны! Көшпенді өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз, әлбетте, жантақ өсіп тұрған жер көрсе сонда көшті доғарып, құдықты да сол тұстан қазған. Мұның мәнісі мынада: жантақ ешқашан иікпейтін мол жерасты суына тамырын (кем дегенде 15-20 метр) жіберетіні ата-бабаларымызға бесенеден белгілі-тін. Малшылар көктемде құмнан жайлауға көшерде жантағы көп ойдым-ойдым ойпаттарға (Іргежал, Жүндіжал, Суықжал, тағы басқалары) аз күн аялдап, жантақтың түбіне айыр бұтағын кесіп түп жағындағы сабағына жаңа өніп келе жатқан қарбыз, қауын шопағын тіліп отырғызады екен. Содан қайтып, міне, мұндай «бақшалықтарды» суарудың да, қарауылдаудың да (біржағынан жаздыкүні құмда ел қалмайды) еш қажеті жоқ. Қауын-қарбыз…әлгі жантақтың «омырау-нәрімен» қоректеніп, қатып-семіп қалмай, пәлегін де жаяды… Күзде жайлаудан құмға қайтар жолда малшылар жайқалып өсіп тұрар «бақшалықтың» дөп үстінен түсіп, осында 1-2 ай аялдап, «қызылдап» көкше байлыққа бір кенеліседі екен…
Осы құмдағы биік жалдардың басында өсетін, барлық ауруға дерлік ем болатын «илан» шөбін де Құдай тағала құм адамдарының «несібесі» үшін өсірмеді деп кім айтар! Бұл шөп мамырдың 15-30 аралығында қазылып алынуы тиіс. Бұл кезде талаурап пісіп, өзегінен ақ сүті ағып тұрады өзінің. Оны кептіріп, ұнтақтап суға қосып ішсе – қандай ауруыңа да ем. Мұны бала кезімізде-ақ білетінбіз. Әрбір үйдің осындай «дәрісі» (күшала) үзілмейтін.
Осы өңірмен ауа райы да, табиғаты да бір мына Қызылқұм жағында «алғыр» дейтін өсімдіктің өсетінін ілгеріде жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Күрең өзенінен» оқып танысқаным бар. Адамның еркектік қуатын күшейтетін осынау дәрілік өсімдіктің де түбіне жеттік пе екен? Осындай ерекшелігі бар мүйізі үшін бөкен, киікті қынадай қырғанымыз жоқ па? Өзіміз пайдаланайық деп емес, одан дәрі жасап шығаратын қытайлықтар берген шай пұлдық ауыз жарымас ақы үшін. Қай кезде де қазекең өздерінің емес, өзгелердің «денсаулығын» көбірек ойлайды ғой! Өзімізге, түбі, керегі боларын ойлап та жатпадық. Қазір осы аталған өсімдіктер «Қызыл кітапқа» да кірді-ау, шамасы. Немесе жер бетінен біржола жойылып та кеткен шығар. Әгәрки, тұқымы қалса бір түйір дәнінен көбейтіп, арнайы егістіктерде өсіріп, әжетімізге жаратуды жатпай-тұрмай ойластырғанымыз да жөн-ау. Өсер өркеніміз үшін. Болашақ үшін!

Comments are closed.