- Advertisement -

Көңілден көшпес бір бейне

88

- Advertisement -

Сазынан гөрі назы басым ежелгі бір еркелеу әнде «Жерден алтын тапқандай қуанамын…» деп келетін еді. Өз басым ешқашан алтын тапқан емеспін. Өзіміздің Ақбақайдан да, өткен замандарда атыс-шабыс көп болған Американың Колорадосындағы Сары өзенінен де алтын көргеніммен, сол алтынды алып, жинап жатқандардың арасынан қуаныштары қойнына сыймай, алқынып тұрғанын байқамаппын. Сондықтан қуаныштың ондай түрі маған беймәлім. Бұл, әрине, қуаныш атаулыдан мақрұм әрі бейхабармын дегенді білдірмейді. Құдайға шүкір, үнемі болмаса да, ара-тұра шұғылалы да шуақты шақтар ұшырасып тұрады. Соның біріне жақында ойламаған жерден оқыс киліктім. Алтын тапқаннан емес, әлбетте… Кітап тапқаннан! Кітап болғанда да ішінде бос мадақ, жылбысқы сөзден өзге іліп аларлықтай ештемесі жоқтығына қарамастан, қалталылар алтынмен аптап, аса қымбат қағазбен әспеттеп шығарып жатқан қампиған қалың том емес, жұпыны қағазға басылған жұп-жұқа, бар болғаны елу бес-ақ бет, көлемі төс қалтаға сыятындай кішкене кітапша ғана… 

321456Иә, мен оны көп жыл іздеп едім. Үйдегі жүздеген кітаптар ішінен. Бәрін сан рет аударыстырып, ақыры таппастан шаршап қойғанмын. «Япырай, одан менде… бәлкім, тіпті, мынау жарық дүниеде қалған жалғыз белгі, жәдігер сол еді, жоғалды-ау, жоқ болды-ау!..» деп өкінгем. Әрі «Оның рухы алдында парызым болса, ол да орындалмас енді ешқашан!» деп күйінгем… Құдай жарылқағанда, жақында Толстойдың он жетінші томының ішінен шыға келгені! Көзіме бет-келбеті туысқан татар халқының қыршын кеткен қаһарман ақыны, атақты «Моабит дәптерінің» авторы Мұса Жәлилге ұқсас азамат суреті мен «Әмин Фатихов. Менің алтын босағам» деген сөздер оттай басылды. Ешқандай да алтындалған қуанышқа алмасылмас қуанышқа кенелдім де қалдым. Сан жылдардан сағынышқа айналған ағамен қайта қауышқандай халге түстім…
«Қаламы қарымды, жүрегі дарынды інім Арғынбайға.
Осы жұрт арманым көп дейді ғой… Бойымызға аз ба, көп пе, талант дарытқан ауылымыз Қарасу мен қадірменді халқымыздың сеніміне лайық азамат атансақ, одан артық арман не?.. Ә.Фатихов. 15.03.1972. Жамбыл қ.»
Міне, ғажап! Кітапшаның сыртынан Әмин ағаның сырт бейнесі көрінсе, мынау шағын автографтан-ақ оның ішкі жан дүниесі, мына өмірдегі басты нысанасы алаулап көзге ұрып тұрған жоқ па?! Өзіне де, маған да ең алдымен басқаны емес, туған елдің сенімінен шығуды тілепті. Шынында да күйкілікпен күн кешуді ғана, қарабастың қамын ғана қарастырумен өтетіндерден табиғаты мүлдем бөлек, арда азамат үшін бұдан асқан асыл арман бола ма, сірә да?!
Осындай ұлы да қасиетті мұратты бүкіл болмысының алтын арқауы еткен өзімнен бес-алты жас үлкен Әмин ағам екеуміз бір ауылдың: шығысында Сәмбет тоғаны, батысында Қарасу көлі сынды қос судың арасындағы ыстық ұяның – түлектері едік. Әбекеңнің әкесі Фатих ақсақал сонау өткен ғасырдағы қызыл төңкерістен кейін Еділ бойын да жайлаған алапат ашаршылықтан қашып, туған Татарстанынан Қазақстанға, біздің ауыл Қарасуға зайыбымен кеп қоныстанып, осында өсіп-өнген бекзат кісі еді. Он саусағынан өнері тамған шебер болатын. Жиырмасыншы жылдардың соңында жартылай көшпенділіктен отырықшылыққа көшкен ауыл үйлеріндегі пештердің баршасын салған да Фатих жарықтық. Жаңа мекенде Ағлам, Әмин есімді екі ұл, Тәслима, Мүслима есімді екі қыз сүйіп, балалары өсе келе негізінен қазақпен сүйектескен. Әмин менің жақын аталас ағаларым Рахым, Арғынбай, Сәкен, Жапарлармен тай-құлындай бірге өсті. Тіпті, Айнабала есімді жалғыз басты кәрі апамыздың баласындай да боп кетті. Қозы жайды, арба айдады… ауыл баласының барша тірлігін бастан кешірді.
Адамға тән болуға тиіс, Құдайдың өзі міндеттеген қасиеттердің талайы-ақ тамсандыра өріліп өзек болған мына өлеңдер жинағындағы «Ауылым менің Қарасу» атты жырында туған жерге деген шексіз махаббат, алыс қалған балдәурен балалыққа деген сағыныш аса әдемі кестеленген.

– Қалдырып дархан думан, қала шуын,
Өзіңе келгенімде, Қарасуым,
Көңілдің саған құштар шөлі қанып,
Ұрттасам бал татиды қара суың.

Мені де сағынған ба, қамыстағы,
Тынбайды құстарыңның таныс әні.
Еске сап бала күнді бозғыл жусан,
Еркелеп балағыма жабысады.

Шақырып қозы жайған бел-белеңің,
Бетімнен сүйіп жатыр жел де менің.
Өрістен қайтқан малға балалығым,
Бірге еріп келердей-ақ елеңдедім…

Алла тағаланың қай пендесі болса да қалыпты жағдайда алғашқы тәрбиесін ата-анасының қара шаңырағынан алатыны мәлім. Қажет десеңіз, сондағы тағылым күллі рухани бітім-болмысқа іргетас болып қаланатыны да күмәнсіз. Сондықтан да «Әке шаңырағы» атты өлеңінде былай дейді:

– Бір елі кетесің бе есімнен сен,
Арлы қып, азамат қып өсірген – сен.
Қадірсіз кей туысқа болсам кешір,
Қадірсіз болсам елге – кешірме сен!..

Міне, азаматтық! Қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, өзін-өзі пендешілікпен титтей де аямастан ар-намысты бәрінен де биік қою осындай-ақ болар!..
Парасатты отбасынан осындай тәрбие көрген пайымды бала Әмин Қарасуда бастауышты, Түймекентте жетіжылдықты тауысқан соң ежелгі Әулиеатадағы Жамбыл мектеп-интернатына келіп жайғасады. «Әмин бізден бір класс жоғары оқыды ғой, сонда да интернаттың қара нанын бөліп жегенбіз… Мектептегі үздік оқушылардың бірі болатын» деп еске алған-ды бірде Шәкең, Шерхан Мұртаза ағамыз.

– Күндерді бақыламай, сірә, болмас,
Тәуелді әр күніңе келешегің.
«Есепсіз дүние жоқ». Қане, жолдас,
Өткіздің күнді қалай? Бер есебін,

– деп жырлайтын жасөспірімнің нашар оқуы мүмкін де емес еді. Айтпақшы, қамшының сабындай қысқа өмірде уақыттың баға жеткісіз қымбаттығы туралы ойын кейініректе есейе келе былай деп тереңдете түскені де бар екен:

– Берерін уақыттың ала алдың ба,
Жүрсің бе әлде оған есең кетіп?
Борышың өтелді ме ар алдында,
Не дер ең, сұрайтын кез келсе жетіп?..
Расында да не дер едік?..

Кімді де болса ойландыратын өткір сауалдың бірі де осы болса керек.
Қаламгерлік қабілеті ерте оянған жас дарын қиялы қиян-қияларды шарлап кезіп кететіні табиғи құбылыс болса керек. Жаратылыстың сол бір заңы Әминді мектептен соң алыстағы Мәскеу университетіне жетелегенімен өз білімі ұзын бола тұра ата-ана қолының қысқалығынан жақындағы Қазақ университетінің журналистика бөлімін місе тұттырады. Асқақ Алатау да, аяулы Алматы да Қарасудың қара баласын еш жатырқамастан бауырына басады, ұлан-ғайыр даланың шартарапынан келген өзіндей көп-көп ұландармен достастырады. Ешкім айналып өте алмайтын, жастықтың өзіндей жалынды сезімдерді оятады, балғын жүректен балауса жырлар ағыл-тегіл селдейді.

– Алматы атты қаланың
көшелері де бақтардай.
Ғашықтар сырын сақтаған
ешкімге бөтен ақтармай…
Ол кеште бақта екеуміз
қыдырдық жұртқа байқалмай,
Бақта да қалып қоя алмай,
үйге де қиып қайта алмай.
Гауһардай тығып тереңге
ешкімге жүрген айта алмай,
Сырларым сенің алдыңда
бұрқырап жатты фонтандай!..
Сол кеште жабы көңіліме
тұлпарлық бітті бір екпін,
Қоңырқай тартқан жаныма
жайнатып қызыл гүл ектің…

Қайран қызығы тарқамастай, қызуы басылмастай көрінетін жас дәурен, қайран күллі дүниеге көрік берердей мөлдір махаббат! Жас жүректер сырының да, жырының да ыстық мекені – асыл Алматы!.. Мына қысқа ғана өлеңде жас ақын кереметімен солардың ғажайып суреті салынып, бейнелеуінің шынайылығымен жан толқытып, керек десеңіз, жанарға сағыныш жасын шақырып тұрған жоқ па?!.

– Өзіңе ғана берілген жанмын, ғашықпын,
Көруге сені іңкәр боп күнде асықтым.
Торықсам егер, өмірден кейде таяқ жеп,
Кеудемде менің қуаныш селін тасыттың.
Қашықта менен жүрсең де, сәулем, түу алыс,
Дүниеде барың – көңіліме медеу, жұбаныш.
Сенімен жүрсем, түндерім маған күндіздей,
Сенімен көрген азап та маған қуаныш…

Бұл да сондай. Ғашық жанның махаббаттың ғаламат құдірет-күшін мойындауы, жырға айналған имандай шындығы. Сол шындықты мейлінше дәлдікпен шебер жеткізген тума талантқа тәнті болып тағзым етпеске лажың да жоқ…
«Талант» дегеннен шығады, таланттар туындыларының үндес, сарындас келетінінде де әлі астары ашылып бітпеген бір заңдылықтар бар ма деймін. Қараңыз:

– …Мінезі таудың тұрақты,
Тұр әне шыңын күнге артып.
Төсінен сансыз бұлақты,
Төменге қарай шұбалтып.

Өкіну, өкпе оған жат,
Күтері тағы жоқ алдан.
Торығу, аңсау, ой ойлап,
Оған жат, онда жоқ арман.

Тау болсам мен де уайымсыз,
Әбігерсіз, қамсыз күн кешсем,
Қапасыз, мұңсыз, қайғысыз,
Ғасырларменен тілдессем…

Тау көнсе көнер мүкісіз,
Шыдаман ал мен бұл күйге.
Достарсыз, қамсыз, күлкісіз,
Жүре алман жерде бір күн де!

Тұрады мәңгі таңдарда,
Көгілдір шыңдар мұнартып.
Құмартып адам тауларға,
Адамға таулар құмартып…

Бұл – Әминнің «Көгілдір таулар» атты өлеңінен үзінді. Сыршылдығы, адам жанының табиғатпен үндестігін, жалпы мынау жарық жаһандағы Алланың өзі орнықтырған ұлы гармонияны асқан көркемдікпен бейнелеу деңгейі әрідегі Лермонтовты, берідегі өз құрдасы Мұқағалиды еске түсірмей ме?! Зерделі оқырманның осыған келісеріне күмән келмесе керек. Тек әттең!.. Әттең, мынау біреу де болса бірегей шағын жинақ әйгілеп-ақ тұрғандай, шамырқанып келе жатқан ақын Әминнің аса әлеуетті поэзиясы өзінің шарықтау шағына жете алмай кеткен секілді. Себебі… себебі, Әмин ағаның бір сырласқанымызда өзі шет жағасын шығарып қалғандай, жырдың нағыз тасыған дариядай буырқанатын аласапыран кезі – жастық шағының негізгі уақытын, сондағы асау, бұла шығармашылық қуатты да газеттің «жеп қойғандығында» да болған сияқты. Ол университетті ойдағыдай тәмамдаған соң, жолдамамен облыстық «Орал өңірі» газетінде бірқатар жыл қызмет істейді де, 1962 жылы Батыс Қазақстан өлкесі құрылуына байланысты Оралдан Ақтөбеге қоныс аударып, өлкелік газетте бөлім меңгерушісі, одан соң бірталай жыл «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі болып, баспасөздің нағыз майталманына айналады. Сан салалы тақырыптарға қаламын қатты сілтеп, республикаға мәшһүр журналист болады.
Әмин аға 1972 жылдың жазында Жамбылға келіп, «Еңбек туының» (қазіргі «Ақ жол») жаны жәннатта болғыр Ахмет Қазыбаев ағамыз басқаратын партия тұрмысы бөліміне аға әдеби қызметкер болып орналасты.
– Орал да, Ақтөбе де мені жатырқамағанмен жылдар бойы әке-шешем мәңгілік жай тапқан, өзімнің кіндік қаным тамған өлке сағындырумен болған. Содан, міне, кеп қалдық қой, Арғаш!.. – деп, маған ақжарқын, ақ көңілімен мән-жайды айтқан. Онда мен газеттің идеология бөлімін басқаратын едім. Бала кездегідей ағалы-інілі қалпымызбен қатар жүріп, қатар қалам сілтеп, жылдарды жылжытып жаттық. Әбекең қай тақырыпты алса да жасқанбастан қопара қозғайтын. Сонысымен оқырман жұрттың аузына ілікті. Тіпті, Байзақ ауданындағы өз ауылымыз Қарасуға да шарапаты тигені бар. «Қарасуда… суға зар» атты проблемалық мақаласы жоғары-төменді билік органдарында қызу талқыланып, ақыры ауыз судың талайдан тақсіретін тартып келген ауылға су құбыры тартылды. Бір өкініштісі – біраз жылдан соң түрлі себептермен істен шығып, тек оның артезиан құдығы ғана кейінгі кезге дейін кәдеге жарап келді. Ауыл адамдары оны «Әмин құдығы» деп те атайтын…
Қайратты да қанатты қалам әлі де сан жылдар сілтене берер ме еді, әлденеден құмығып қалған поэзия бұлағы қайтадан тасқындай атқылар ма еді, тек… тек сексенінші жылдарға таман, қырықтың ішінде, қылшылдаған шағында белгісіз бір жауыздардың кесапатынан қапыда бақилық боп кете бармағанында… Осы жағдай есіме түскен сайын әлі күнге өзек өртенеді. Өкініш өртейді…
Тағы бір өкініштісі – Асхат, Рифхат есімді екі ұлы да есейіп үлгірместен қайтыс болды. Зайыбы Римма кейін біреуге күйеуге шығыпты деп естігенбіз. Бүгінде ол да жоқ көрінеді дүниеде. Бұдан да өткен өкініштісі – рухани перзенттері – қолжазбалары, жеке мұрағаты қайда қалды? Бәлкім, олардың арасында бізге беймәлім, халықтың қажетіне жарар, жарқылдаған жауһардай асыл дүниелер жатпады ма екен?..
Көп өкініштің құрсауындағы жалғыз ғана жұбаныш – «Менің алтын босағам» атты кішкентай кітапша. Бірақ көлемінің ықшамдығына қарамастан, ондағы өлеңдер мен «Тұтқын мен дәрігер» атты дастанның көркемдік әлеуеті көңіл көзін сүйінтеді, жан дүниеңді жаңбырдан кейінгі күндей жаңғыртады. «Теңіздің дәмін білу үшін оны сарқып ішу шарт емес» демекші, мен көп жылдар бойы іздеп жүріп тауып алған мына жинақтағы жырлар ойда жоқта көз жазып қалсам да көңілден көшпес бір бейне, жыр бейне – асыл ағам Әмин Фатихұлымен қайта көрістіргендей әсер еткенімен қоса, ол кісінің шығармашылық қуаты мен мүмкіндігінің орасан екендігін де дамылсыз дәлелдеп жатқандай… Кітаптың соңғы бетін жабуға қолым барар емес…

Арғынбай БЕКБОСЫН.

Тараз.

Суреттерде: «Менің алтын босағам» атты кітапшаның сыртқы мұқабасы;
Ә.Фатихов (оң жақта) пен А.Бекбосын.
1973 жыл, мамыр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support