- Advertisement -

Жаңа еңбек кодексі

208

- Advertisement -

Әлемдік озық тәжірибелерге негізделген

Өткен жылдың қараша айында парламенттен қолдау тауып, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қолы қойылған заң – жаңа Еңбек кодексі 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Ендігі жерде еңбек қатынастарына мемлекеттің араласуы барынша қысқарып, жұмыс берушінің жауапкершілігі арта түсетін болады.
Бір айта кетер жайт, жаңа кодекс Елбасымыз айқындаған бес институционалдық реформасындағы тапсырмаларды іске асыруға бағытталған. Жаңа құжаттың артықшылығы – еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделін қамтумен қатар, әлемдегі озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, Халықаралық еңбек ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының еңбек стандарттарына сай негізделуінде.
Еңбек кодексінің негізгі жаңалықтарына қысқаша тоқталсақ, Үкімет жұмыс берушінің қызметкер қабылдауына немесе жұмыстан босатуына, қажеттілік бойынша кадрлық өзгерістер жасауына және еңбекақы тағайындауына еркіндік береді. Мемлекет тек бұлардың ашық әрі әділ жүруін ғана қадағалайды. Жұмыс берушінің еңбек шартын белгілі бір кезеңге (12 айдан кем болмайтын), сол сияқты белгісіз бір мерзімге де жасау құқығын беру ұсынылады. Егер мерзімді еңбек шарты (бір жылға немесе одан астам) жасалған жағдайда жұмыс берушіге ол шартты қайта жасауға құқық беріледі. Бірақ, мұндай шартты сол мерзімге екі реттен аса қолдануға болмайды.
Сынақ мерзіміне байланысты жұмыс берушіге кез-келген санаттағы азаматтарды жұмысқа қабылдаған кезде сынақ мерзімін белгілеу құқығын беру жекелеген санаттағы азаматтарды (18 жасқа толмаған тұлғаларды, жұмысқа алғаш рет кірген оқу орындарының түлектерін, мүгедектерді) жұмысқа қабылдауға жұмыс берушіні ынталандыру қажеттілігінен туындап отыр. Өйткені, бұрын осы шектеулер олардың жұмысқа орналасуына кедергі болған еді, яғни, жұмыс беруші көбіне оларды жұмысқа қабылдамайтын. Сонымен қатар, экономикалық қиындықтарға байланысты жұмыс берушінің жұмысшыларды қысқартуына құқық берілген. Бірақ, оның өзіндік шарттары бар.
Қысқаша айтқанда, жаңа Еңбек кодексі еңбек қатынастары саласында жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында мемлекеттік араласу шегін айқындауды, еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігін жіктеуді ұсынады. Кодексте жұмыс берушілер үшін, бір жағынан, белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық жылжу, жұмыстан босату, қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеу рәсімдері жеңілдетілген. Екінші жағынан, қызметкерлердің базалық еңбек мүмкіндіктері мен құқықтары белгіленіп, жеке ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту көзделген.
Сондай-ақ, ендігі жерде жұмысшы 63 жасқа толса, бір ай ішінде жұмыс берушімен оның арасындағы еңбек қарым-қатынасы тоқтатылады. Әйтсе де зейнет жасына жеткен адамның жұмыстан босатылуы, не болмаса орнында қалуы жөніндегі соңғы шешім жұмыс берушінің еркінде. Сонымен бірге, зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкер үшін еңбек шартын жыл сайын ұзартып отыру мүмкіндігі де бекітілген.

Айгерім Мұстафаева,
облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының бас маман-заңгері, мемлекеттік еңбек инспекторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support