Мемлекеттің беделі – мемлекеттік қызметкердің абыройы
Мемлекеттің беделі – мемлекеттік қызметкердің абыройы
Ғалым Тұрсынбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы, Тәртіптік кеңес төрағасы.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын мұқият оқып, таныстым. Шындығында, Елбасы айтып өткендей, біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жаңа арманмен аяқ бастық. Ал осы Ұлы арманға қол жеткізу үшін біздің алдымызда «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың зор міндеті тұр. Аталған мақалада «Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік. Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды» делінген. Яғни, Елбасының Жарлығымен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданып, ол осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Ендігі жерде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда қолға алынған шаралар жүйені жандандыра түсетін болады. Анығын айтқанда, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып, ел экономикасындағы барлық саланың дамуына оң ықпалын тигізбек. Өйткені, кез-келген саланы дамытуға айрықша үлес қосушы – мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан да олардың халыққа сапалы қызмет көрсетуімен қатар, елдік мүддені көздейтін кәсіби, сыпайы, адал болуына баса мән берілген. Осы тұрғыдан алғанда, бұдан былай әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі арқылы жоғарылатылатын болады. Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруы қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап күшейтіліп, ендігі кезекте олар тек қызметкер ғана емес, халық арасында беделді және үлгі тұтар тұлғаға айналмақ. Осылайша, мемлекеттік қызмет саласы жетілдіріле отырып, елдегі сыбайлас жемқорлықтың жойылуына қол жеткізіледі. Осы реформаларды жүзеге асыруда «100 нақты қадамның» алғашқы 15 қадамы мемлекетті кәсібилендіруге бағытталғаны бекер емес. Себебі, мемлекетті кәсібилендіруден басталатын реформа тұрғындардың экономикалық және азаматтық белсенділіктерін арттыруға қуатты серпін беретіні анық. Жалпы айтқанда, біз өзіміздің қазақстандық арманымызға қол жеткізе отырып, дамыған 30 елдің қатарына еркін енетін боламыз.