- Advertisement -

Ауыл әкімдерінің қолы ұзара түседі

86

- Advertisement -

Айтжан Әбдібаев,
Қасық ауылдық
округінің әкімі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын өткен жылы мамыр айында жарияланған «5 институттық реформа – 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының» және желтоқсандағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты қазақстандықтарға Жолдауының заңды жалғасы деуге болады. Онда Ұлт жоспарының негізгі тұстары таразыланып, егжей-тегжейлі түсіндірілген. Мақалада Елбасы «Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді, бізге тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды» деп жазды. Мемлекет басшысы сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ басқанымызды, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен пара-пар екенін және өзіміздің жаңа арманымызға қарай жақындауды Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жасаудан бастағанымызды атап көрсетті. Мемлекеттің әр саланы дамытуға барынша жағдай жасай беретінін де жазды. Оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың тетіктерін жетілдіруге де баса мән берілген.
Мақаланың «Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет» қалыптастыруға бағытталған бесінші реформасы бірнеше түйінді міндеттерді шешуге тура келетінін ескертеді. Мәселен, «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы», «Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын корпорацияға біріктіру арқылы азаматтар мемлекеттік қызмет көрсетудің ортақ провайдеріне жүгіну мүмкіндігін алады. Бұл дегеніңіз қажетсіз әкімшілік кедергілерді жояды, талап етілетін құжаттар санын азайтады. Осылайша бұл қызметтегі жұмыстардың мөлдірлігі, азаматтарға қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, биылдан бастап үш сатыда жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қосымша өкілеттіктер берілетіні айтылды. Мұның үшінші сатысында жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органын құру, халқының саны екі мыңнан кем емес елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу және қоғамдық маңызды мәселелерді қамтитын жергілікті бюджеттердің жобалары бойынша азаматтардың ұсыныстрын қарау ресімдерін енгізу қарастырылған. Жеке бюджеті құрылуынан әкімнің қолы ұзарып, біраз шаруаны өздері шешуіне мүмкіндік алатынына біз өз тәжірибемізден көз жеткізіп отырмыз. Мәселен, жергілікті салықтардан былтыр жеке есепшотымызға 2 миллион 600 мың теңге түсті. Әкімдік жанында құрылған қоғамдық кеңеспен ақылдаса отырып бұл қаражат есебінен Мәдениет үйіне музыкалық аппаратура және көмір, мектепке спорттық жабдықтар сатып алынып, жылдар бойы күтім жасалмай келген көше жарықтарына техникалық күтім жасалды. Ал биыл бұдан да көп қаражат жиылып, талай шаруаның басын қайыруға сеп болады деп ойлаймыз. Осылайша, бұрын жоғарыға жалтақтаумен жүретін ауыл әкімдері округтегі шешімін күткен біраз шаруаны өз беттерінше шешуге мүмкіндік алып отыр.
Аудан орталығына таяу біздің ауылдық округте оннан аса ұлт өкілдерінен төрт жарым мыңнан аса халық тұрады. Бұл – сегіз жүзге тарта аула. Демек, осылайша біз дербес бюджетімізді қоғамдық кеңестің ұйғарымымен кезегін күтпейтін мәселелердің шешімін табуға жұмсайтын боламыз. Ауыл тұрғындарының дені жүзден аса шаруа қожалықтары мен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамында жермен жұмыс істеп несібесін айыруда. Ауыл көркі жыл өткен сайын жақсарып келеді. Жаңа, сәулетті тұрғын үйлердің қарасы көбеюде. Қасықта 640 орындық мектеп, мектеп ішінде елу орындық шағын орталық, одан бөлек, 75 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, мешіт, Мәдениет үйі, пошта бөлімшесі тұрғындарға қызмет көрсетеді. Өткен жылы ауылдық Мәдениет үйіне 109 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделуде. «Қордай — Шу» табиғи газ магистралінің ашылуымен ауыл үйлерін газдандыру қолға алынып, төрт жүзден аса үйге газ кіргізілді. Былтыр төрт кәсіпкер өз қаражаттары есебінен сауда орындарын ашқан болса, енді тойхана және үлкен сауда орталығын салып жатқан ауыл азаматтары биыл жерлестеріне жаңа қызмет түрлерін ұсынбақ.
Ұлт жоспарының орындалуының барлық әдіс-тәсілдері қолмен қойғандай егжей-тегжейлі айтылған Елбасы мақаласы елдің ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, болашаққа бағдарымызды айқындап берді. Осының өзі жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтудың кезекті қадамдары деуге болады.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support