- Advertisement -

Қарыз – қол байлайды

102

- Advertisement -

Орталық қазандық арқылы жылынатын қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары қыс мезгілінде отын-су мәселесіне бас ауыртпайтыны белгілі. Оларды мазалайтын сауал басқа. Ол төлем тарифіне қатысты. 

Жылу және ыстық суды, «көгілдір отынды» тұтынғаны үшін төленетін төлемақы қымбаттай ма? Тұрғындар көкейіндегі сұрақты Қаратаудағы «Игілік» көп салалы кәсіпорны шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Рашид Сейдалиевке қойып, мән-жайға қанықтық.
– Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің бұйрығына сәйкес 2015 жылдың 1 шілдесінен 2016 жылдың 1 шілдесіне дейінгі кәсіпорынның жылу энергиясын беру және бөлу қызметтеріне уақытша өтемдік тарифі бекітілді. Жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметіне орташа тариф (1 Гкал үшін, қосымша құн салығынсыз) – 3122,03 теңге. Заңды тұлғалар (1 Гкал үшін, қосымша құн салығынсыз) – 4662,65 теңге, тұрғындар – 1987,80 теңге, есептеу аспаптары болмаған жағдайда (1 шаршы метр үшін, қосымша құн салығынсыз) – 67,14 теңге, ыстық суға (1 адамға, қосымша құн салығынсыз) 386,75 теңге төлеуі тиіс.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің 2015 жылдың 21 шілдесіндегі №113 бұйрығына сәйкес 2015 жылдың 1 қыркүйегінен суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне орташа босату тарифі қосымша құн салығынсыз 1 текше метрге 33,84 теңге деп белгіленді. Есептеу аспаптары бар тұрғындар – 1 текше метрге 17,50 теңге, есептеу аспаптары жоқ тұрғындар – 19,49 теңге, ал заңды тұлғалар (бюджеттен қаржыландырылатын) – 1 текше метр үшін 54,31 теңге, бірінші және екінші топтарға жатпайтын тұтынушылар 51,06 теңге төлейді. Сарқынды суларды бұру қызметіне арналған орташа босату тарифі – қосымша құн салығынсыз 1 текше метр үшін 11,59 теңге, тұрғындар үшін – 7,07 теңге. Бюджеттік мекемелердің жеке жылу энергетикасы саласындағы коммуналдық кәсіпорындарға төлейтін ақысы – 1 текше метрге 14,26 теңге, бірінші және екінші топтарға кірмейтін тұтынушылардыкі 16,92 теңгені құрайды, – деді Рашид Мәдібекұлы.
Қаладағы көп қабатты 30 тұрғын үйге ортақ есептегіш аспаптары орнатылған. Қазір жылу ақысы осы есептегіш құралдарындағы жылу көрсеткіші бойынша көп қабатты үйдің әрбір пәтеріне бөлініп, тұрғын алаңына қарай есептелінеді екен. «Игілік» кәсіпорны жылына 12079 мың текше метр табиғи газ отынын, 5100 киловатт электр қуатын пайдаланады. 1 кВт электр қуатына қосымша құн салығымен 20,64 теңге төлейді. Мамандар кәсіпорынның 2014-2015 жылдары жылу маусымында көрсеткен қызмет көлемі 221,3 миллион теңгені (69,81 мың Гкал) құрағанын айтады. Соған қарамастан, кәсіпорын жыл қорытындысында электр қуатына 20 миллион теңге қарыз болып шыққан еді.
Кәсіпорын директоры мұндай мәселенің туындау себебін былай түсіндіреді: «2015-2016 жылдарға көрсетілетін коммуналдық қызметтің көлемі 217,9 миллион теңгені құрайды. 2016 жылдың наурыз айынан жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтерінің тарифтік шекті деңгейін және тарифтік сметасын бекіту жоспарлануда. Қала бойынша 158 көп қабатты үй мен коттедждер, 46 бюджеттік мекеме, 200 заңды тұлға біздің қызметімізді пайдаланады. Төлемақыны уақтылы төлейтін тұтынушыларымыз да бар. Сөзбұйдаға салып, созып жүретіндер де жеткілікті. Оларды сотқа беріп, тізімін аудандық газетке де беріп жатырмыз. Тұтынушының әрбір тиыны кәсіпорынның тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қажет екенін түсінсе дейміз. Мысалы, былтыр біз электр қуатына едәуір қарыз болып қалдық. Оған Үкімет тарапынан қосымша көмек көрсетілмейді. Бұл – бір. Екіншіден, біз электр қуатын пайдаланғанымыз үшін 1 киловатқа 20,64 теңге төлейміз. Бізбен жағдайы шамалас «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық кәсіпорны «Қаратау» ТКТӨК арқылы электр қуатының 1 киловатын 8,34 теңгеден алып отыр. Айырмашылығы – 3 есеге жуық. Осы шығын ғана кәсіпорынның экономикалық жағдайына кері әсерін тигізуде».
Рашид Сейдалиев бүгінде осы мәселені көтеріп, тиісті ұйымдарға ұсыныс бергенін айтады. Бұл түйткіл ертерек шешімін таппаса, кәсіпорынның келешегі қалай болады деп алаңдайтынын жеткізді. «Күні ертең кәсіпорын өзін-өзі қаржыландыру керек болса, не істейміз? Бізді осы сауалдар мазалайды. Кәсіпорынның толыққанды жұмыс істеуі төлемақының уақтылы жиналуына да байланысты. Сондықтан, қала тұрғындарын осы мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауларын өтінеміз», – дейді ол.
Директордың сөзінің жаны бар. Соңғы кездері Үкімет тарапынан жылумен қамтамасыз ететін мекемелер өзін-өзі қаржыландыруы керек деген мәселе көтерілуде. Ал тарифті көтере бергеннен де мәселенің түпкілікті шешімі табылар түрі жоқ. Тек екі жақ шекті бағаны белгілей отырып, төлемді уақтылы жасаса, бәлкім, мұндай қиындықтар туындамас па еді?!

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support