- Advertisement -

МҰНДАЙ АНА АУДАНДА БІРЕУ ҒАНА

117

- Advertisement -

Өйткені ол алпыстың алтауына келсе де, велосипедпен жүреді

Нұрипа ана Бірлік ауылында дүниеге келген. Көшеде келе жатып, ойын балаларынан: «Нұрипа ананың үйі қай жерде?» – деп сұрағанбыз. Бір бала «Велосипед айдайтын ананың үйі ме?» деп сұрағыма сұрақ қойса да, жол көрсетіп жіберді. 

Үйге кіріп, шәй үстінде ардақты ана сөзін байыппен тыңдадым. Анамыз қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмірдің небірін бастан кешіпті. Жасы алпыс алтыға келсе де велосипед теуіп, тіршілікке «тұсалғанын» да айтып берді.
– 1979 жылы жан жолдасымнан ерте айырылдым. Қиналғанда демеу, құлағанда сүйеу болатын неміс достарым көп болды. Сол достарым жұмысқа жаяу қатынап жүргеніме жандары ашып, маған велосипед тебуді үйретті. Ол 1980 жыл болатын. Велосипед айдауды үйреткен неміс достарыма айтар алғысым шексіз. Олардың жасаған жақсылығы мен үшін аласармас бір төбе…
Ананың сөзінің жаны бар. Велосипед тебуді үйренген ол 36 жыл бойы жұмыс пен үйдің арасының қашықтығын сезбеген. Алға жылжуын жоғалпайтын жылдардың өзіндік қызықты сәттерін де Нұрипа ана ұмыт қалдырмаған. Құлап та, жылап та, тіпті, байқамай адамды «қағып» кетіп те көрген ана велосипед тебуден еш жалыққан емес. Тіпті, велосипедін 36 жылдың ішінде небәрі үш-ақ рет ауыстырған.
Велосипед тебу денсаулыққа пайдалы екені белгілі. Нидерландтар елінде велосипедпен жүруге аса мән беріп қараса, скандинавиялықтар экологиялық жағынан тиімді әрі денсаулыққа пайдалы деп есептейді екен. Велосипедтің пайдасы мол екенін Нұрипа ана да құптайды. Себебі, жылдың төрт мезгілінде де велосипед тебетін ананың денсаулығы, Аллаға шүкір, тәп-тәуір.
Денсаулықтарының мықты болуын қалайтын жандарға Нұрипа Аймағанбетова ана велосипед тебуге кеңес береді.

Уалихан ЖАЙЛАУ,
«Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support