- Advertisement -

Суретті түсірген… Қали Тәттібеков

212

- Advertisement -

Бұл зулаған уақыт көшінің 80-нен 90-шы жылдарға ауған шағы болса керек. Ол кезде Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде жауапты хатшының міндетін атқарып жүрген болатынмын.
Жалындаған жас кезіміз ғой, түнде көбірек қыдырыңқырап жіберіп, таңертең жұмысқа кешігетін болған соң, өзімде бар кілтпен өрт сөндіру басқышымен (төте жол) шығып, балконнан кірдім де кабинетке асықтым. Апыл-ғұпыл кіріп келсем, газетке берілетін суреттер жататын шкафты ашып, дембелше келген, орта бойлыдан жоғарылау сары жігіт суреттерді ақтарыстырып қарап тұр. Бұрын көрмеген, танымайтын адамым болған соң оның мына еркіндігіне ашуланып:
– Әй, сен кімсің, сурет­терде нең бар? – дедім амандаспастан. Қапелімде сасып қалған ол не жауап қайтарарын білмей үнсіз қалды. Осы кезде маң-маң басып есіктен енген Нәкең (Нарша Қашағанұлы, бұл кісіңіз де жұмыс уақытына сай, тап-тұйнақтай келе қоймайтын) әлгі жігітті:
– Бұл – Қали Тәттібеков деген ағаң, – деп таныстырды. «Ер шекіспей, бекіспейді» дегендей, Қалекеңмен осы оқиғадан кейін жақсы сыйласып, аға-інідей болып кеттік. Бірде Жданов (қазір Сәду Шәкіров атындағы) совхозында іссапармен жүріп, сондағы бас зоотехниктен бірер мәлімет алу керек болып, үйіне бұрылдым. Кіріп келсем, төрде шәниіп Қали ағамыз жатыр, құс жастықты шынтақтап. Амандық-саулықтан кейін Қалекеңнің айтқаны:
– Тамақ іштің бе? – болды. Парткомның салдырлақ «Уазымен» талай жерді аралап, сілем қатып, ішегім шұрылдап келген мен басымды шайқадым.
Сол жолы Қали ағамызға асылған еттен жеп, сорпасын ішіп, ішіме ел қондырдым. Кейін біраз көйлекті бұрын тоздырған Қалекеңнің ақылымен партком, комсомолдарға көп жоламай, «майлы жілік» бас зоотехник, бас мал дәрігері, ферма меңгерушілерінен «жабысып» қалмайтын болдым. Қарын да тоқ, ойға алған ісің де оң жамбасыңа келе кетеді.
Ал ер Баукеңнің мына суретін газетке шығару үшін бір келгенінде әкеп берген болуы керек. Жариялаудың сәті түспеген бұл сурет менің жеке архивімде сақталып қалыпты. Қалекеңнің ерекше бір қасиеті қандай да бір еңбек адамын я бір затты түсірсе де оңынан бір, солдан бір, отырғызып та, тұрғызып та түсіре беретін, түсіре беретін де, ішінен көңіліне ұнаған бірін ғана алатын еді. Газетке жарияланған суреттерінің астында «Суретті түсірген Қали Тәттібеков» деп жазулы тұратын. Мына суреттің сыртына «Халық жазушысы Бауыржан Момышұлы, 1974 жыл, «Сарыағаш» деп жазылыпты.
Қали ағамыз Сарыағашқа өзі де емделуге барып, сонда батыр ағамызбен кездескен сыңайлы. Баукеңнің қолтығындағы балдақтан көрініп тұрғандай емделе жүріп, сондағы көңіліне жаққан біреумен мамыражай әңгіме-дүкен құрып отырған сәті болса керек.
Бүгінде өмірде Баукең де, фототілші Қали да жоқ. Бірақ батырдың еш жерде жария­ланбаған асыл бейнесі қалды.

Рысқали Өміржанұлы.

Қала маңындағы ауыл,
Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support