Армысың, 2016 жыл!
Армысың, 2016 жыл!
Жылжыған жылдың аяқталар уақытына санаулы сағаттар қалғанда тұрғындар орталық «Достық» алаңына жиналды. Халықтық мереке түрінде өткен жаңажылдық кеш алаңға сыңғырлаған қоңырау үнімен ілесе шыққан 40 аққаланың биімен басталды. Флеш-моб соңында қаздай тізілген аққалалар екіге жарылып, 12 Аяз ата мен 12 Ақшақарды сахна төріне оздыруы алаң әрін аша түсті. Кештің басты кейіпкерлері жыл бойы тойланған айтулы мерекелерге шолу жасап, жұртшылыққа жылы лебіздерін арнады. 20 Санта Клаус пен әртүрлі бейнедегі ертегі кейіпкерлерінің билеген биі кеш көрігін қыздырды. Осы сәтте 4 Санта Клаус қораптағы халыққа арналған жаңажылдық сыйлықты ортаға алып шықты. Ел тағатсыздана күткен сыйлық ашылғанда қорап ішінен 25 санының жарқырап шығуы ел Тәуелсіздігіне ширек ғасыр толғанының белгісі еді. Осыдан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жаңа жыл өткен жылды саралайтын кезең екенін еске сала отырып, көпшілікті мерекемен құттықтады. «Биылғы жыл өңіріміз үшін табысты әрі той жылы болды. Облыс аумағынан 40 жылдан бері Еңбек Ері атанған азамат шықпаған еді. Республика бойынша Павлодар, Қостанай облысымен қатар, өз облысымыздан да бір азамат осы құрметке ие болып отыр. Ол – «Казфосфат» ЖШС-ның директоры Мұқаш Ескендіров. Бұл – барлығымыздың жеңісіміз. Келер жыл да табысқа толы жыл болсын. Жаңа жыл құтты болсын!» – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Облыс әкімінің құттықтауынан кейін облыстық филармонияның «Достар» квартеті «Жаңа жыл» әнін орындады. Мерекелік отшашулар түнгі Тараз аспанын сан түрлі бояумен көмкеріп, кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».