- Advertisement -

Елдос – «Жыл спортшысы»

133

- Advertisement -

Өткен жыл жамбылдық боз кілем шебері Елдос Сметов үшін сәттіліктерге толы болды. Әсіресе, ол Астанада ересектер арасында дзюдо күресінен өткен әлем чемпионатында бабы мен бағы қатар шауып, жеңістің ең биік тұғырын бағындырды.
Елдостың бұл олжасы қазақ балуандары арасында дзюдо күресінің тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы шығуымен де, сол арманымыздың жерлесіміз Сметов арқылы орындалуымен де құнды. Әрине, жеңіс оңай келген жоқ. Елдос 2010 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанғанда, 2013 жылы ересектер арасында Азия чемпионатында жүлдеге іліккенде алға қойған үлкен мақсаттарына қарай жақындай түсті. Сол 2013 жылдың өзінде Е.Сметов әлемдік рейтинг бойынша өз салмағында тоғызыншы орында тұрды. Көп еңбектенуінің нәтижесінде Елдостың чемпиондық тұлғасы айқындалып келе жатты. Міне, бүгінгі таңда 60 келі салмақта дзюдо күресі бойынша Елдоспен иық тірестіре алатын саңлақтар көп емес.
Елдостың отбасы туралы аз-кем тоқталсақ. Әкесі Бақтыбай кәсіпкерлікпен шұғылданады. Анасы – үй шаруасында. Ағасы Жандос та дзюдо күресімен біраз шұғылданған азамат.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Елдос Сметов еліміз бойынша «Жыл спортшысы» атанды. Бұл марапатты жыл қорытындысына арналып Алматыда өткен жиында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов арнайы тапсырды.
Қазіргі таңда «Жыл спортшысы» атанған жерлесіміз бір ғана мақсатты, Олимпиадаға жолдама алу жолында сәтті өнер көрсетуді көздейді.
– Әрине, «Жыл спортшысы» атағының менің шәкіртіме бұйырғаны – үлкен қуаныш. Еңбегіміздің бағаланғаны деп түсінемін. Бірақ, мұнымен Елдос шектеліп қалмайды. Өзін шар болаттай шыңдап, шеберлігін арттыра береді. Құдай қаласа, жақын күнде Ташкент қаласына жауапты оқу-жаттығу жиынына аттанады. Елдің сенімін ақтау – әр спортшының арманы. Елдос та боз кілемге шыққан сайын жауапкершілігін сезініп, жанкүйерлерін ұмытпай, жеңіске жетуге күш салады. Сондықтан, мұндай марапаттың өтеуін тек жеңістермен ғана қайтаруға күш салатын боламыз, – дейді балуанның жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support