- Advertisement -

Еңбек ер атандырды

119

- Advertisement -

қой жылы компаниямыз үшін жемісті болды

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің
бас директоры.

Алты мыңнан астам жұмысшы-қызметкері бар «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы үшін 2015 жыл табысты болды. Әрине, әлем елдерін шарпыған дағдарыстың салқыны өз әсерін тигізбеді деп айта алмаймыз. Бірақ, 2009-2010 жылдардағыдай аса қатты сезілген жоқ. Ол жылдары біз өнім көлемін төмендетіп алған едік. Сол кезеңмен салыстырғанда биыл қаржылық жағынан ұтылған жоқпыз. Бұл жаман көрсеткіш емес. Соған орай өндірісті өркендету жолындағы еткен еңбегіміз еленіп те жатыр. Еліміздегі ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан ең жоғары награданы алдым.
Бұл – өңіріміздің өсуі мен өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған кәсіпорын жұмысшыларының еңбектеріне берілген жоғары баға деп білемін. Жалпы, біз компаниямыз құрылғалы бергі 15 жылдың ішінде 380 миллиард теңгеден астам сомаға тауар өндіріп, Қазақстанның химия өндірісіндегі көшбасшысына айналдық. Серіктестік химия өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарады. Өндіріске осыған дейін 46,5 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды. Сондай-ақ, салықтық міндеттемелерімізді толығымен орындау үстіндеміз. Өткен жыл мен биылғы 10 айды қосқанда, 11754 миллион теңгені салық пен бюджеттік емес аударымдарға төледік. Оның ішінде облыс бюджетіне құйған қаржы 5789 миллион теңгені құрайды.
Ағымдағы жыл айтулы даталарға толы болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы елімізде кеңінен аталып өтті. Оған өз кезегінде біздің ұжым да ат салысты.
Биыл компания филиалдардағы мамандарын тарта отырып, энергетикалық және материалдық ресурстар, шикізат шығынын төмендету үшін бірлескен шара қабылдады. Бұл жұмыс бүгінде өз нәтижесін беруде. «Қазфосфаттың» өндірісті қайта жарақтандыру жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бар. Бағдарлама бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруға 120 миллиард теңге қарастырылған. Осы мерзімде өндірісті жаңартуға 50 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бағдарлама толық жүзеге асқанда өнім өндіру көлемі – 5, өнім сату – 4 және еңбек өнімділігі 3,5 есеге өседі.
Біз кәсіпорын есебінен мамандар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеміз. Мамандарымыздың 60 пайызының жоғары және орта арнаулы білімі бар. Соңғы жылдары еңбеккерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 2 мыңнан аса маманға қосымша мамандықтар алуына мүмкіндік бердік. Өзіміздің оқу-әдістемелік орталығымыз бар. Қазір жоғары және орта оқу орындарында 115 жұмысшымыз оқытылуда және 230 азамат жоғары оқу орындары мен колледждерді бітірді. Оларды оқытуға жұмсалған қаржымыз қайтарымсыз қалып жатқан жоқ. Еңбек өнімділігі артып, кәсіпорын жетістіктерге жетуде.
Келер жыл баршамызға қуаныш әкелсін, жаңа ұмытылмас әсерлер сыйласын! Ақ тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты жыл болуын тілеймін!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support