Жеңіс – қастерлі ұғым
Жеңіс – қастерлі ұғым
Биылғы жылы ел басына күн туып, етігімен қан кешкен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толды. Адамзатқа зор қайғы-қасірет әкелген сұм соғыстың аяқталғанына осынша жыл толуын әлем болып атап өтті. Сонау сұрапыл соғыстың қасіретін тағы бір еске түсірдік. Енді соғыс болмасын деп тіледік. Арамызда селеудей селдіреп аз ғана қалған соғыс ардагерлері деген құрметіміз толастамақ емес.
Жаңа жыл қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Бақтыбековтің шаңырағына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың арнайы барғандағы мақсаты да осы. Тоқсан үш жастағы Төлеген ақсақал мен Рахима әжеге сый-құрмет көрсетіп, келер жылы ел игілігі жолында атқарылар істердің баянды болуы үшін қариялардың батасын алды. 1923 жылы Талас ауданындағы Үшарал ауылында дүние есігін ашқан Төлеген ағамыз соғысқа 1942 жылы аттаныпты. Сталинград майданында шайқасқан жауынгер Курскідегі майданда да талай рет жау әскеріне тойтарыс берген шабуылдарға қатысады. Төлеген Бақтыбеков 45 жыл бойы табан аудармай білім саласында қызмет етеді. 30 жыл мектеп басқарады. Еткен еңбегі де елеусіз қалмай, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, КССР бойынша «Халық ағарту ісінің озаты» атанады. Қазақ КССР-і бойынша да оқу ісінің озаты атағын алған. Төлеген Мақұлұлы – бүгінде 5 қыз, 4 ұлынан тараған 34 немере, 13 шөберенің қызығын көріп отырған саялы бәйтерек, қазыналы қария. «Биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын ел болып тойладық, Елбасымыздың құттықтау хатын алдық. Астанада өткен мерейтойға байланысты ұйымдастырылған парадқа да қатыстық. Құдайға шүкір, егеменді елде ғұмыр кешіп жатырмыз. Лайым бақытымыз баянды болсын, – деп Төлеген ақсақал игі тілегін жеткізді. «Қай кезде де халқымен санасып, қартына ізет көрсетіп жүретін, көрегенді қасиеті бар елдің ұрпағымыз. Жыл санап қатары сиреп бара жатқан қарияларға құрмет көрсетіп, қастерлеу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ал аға буын өкілдерінің басты міндеті – өмірден алған тәжірибелерін, ерінуді білмейтін, бейнеткеш, отаншыл, елжанды, мемлекетшіл, ұлтжанды патриоттық қасиеттерін өз ұрпағының бойына сіңіру болса керек», – деді қарияларға естелік кәдесыйлықтар тарту еткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Ардагер өзіне көрсетілген құрметі үшін облыс әкіміне ризашылығын айтып, ақ батасын беріп, жылы лебізін білдірді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».