- Advertisement -

Ұлы тұлғасын ұлықтаған елміз

117

- Advertisement -

Қазақстандықтар кезектен тыс президент сайлауында ауызбіршілік танытты

2015 жыл мемлекетіміз үшін саяси-әлеуметтік мәні зор оқиғаларға толы болуымен ерекшеленді. Ел Президентінің кезектен тыс сайлауы – солардың ішінде ең негізгісі әрі маңыздысы. Өйткені, бұл шара халқымыздың бірлігінің бекемдігін көрсетіп, саяси мәдениетінің қаншалықты өскенін алға тартты. Сайлауға қазақстандықтардың қатысу белсенділігі өте жоғары болды. Бұл көрсеткіш бұрын-соңды болмаған межеге жетіп, 95,21 пайызды құрады. Ал облыс тұрғындарының 97,31 пайызы сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады.

Надежда Врублевская,

облыстық аумақтық
сайлау комиссиясы
төрағасының орынбасары.

2011 жылы өткен сайлау науқанының барысында Жамбыл облысында 488 мың 211 сайлаушы тіркелгені белгілі. Биыл бұл көрсеткіш 514 мың 815 адамды құрады. Нақтырақ айтсақ, аймақ тұрғындарының саны 53 мың адамға көбейген.
Өңірде аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларын қосқанда, барлығы 678 сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Олардың құрамындағы 3987 адам республикада тіркелген 8 саяси партияның өңірлік құрылымдарының, 759-ы 22 қоғамдық ұйымның ұсынысы бойынша сайланды. Тыңғылықты жүргізілген жұмыстар нәтижесінде тұрғындардың дауыс беруі кезінде ешқандай келеңсіздіктер орын алған жоқ.
Ел Президентінің кезектен тыс сайлауы тұрғындардың саяси белсенділігінің артқанын, өз елінің тағдырына бей-жай қарамайтындығын аңғартты. Халықтың Елбасына деген зор сенімі мен ыстық ықыласын көрсетті. Облыс тұрғындарының 97,9 пайызы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс берді. Осы арқылы жамбылдықтар елдегі саяси тұрақтылықты, бірлікті қолдайтынын білдірді.
Жалпы, халқымыздың Ұлт Көшбасшысына үлкен сенім артатыны 29 сәуір күні өткен Президентті ұлықтау рәсімінде де айқын аңғарылды. Бұл инаугурация Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бесінші ұлықтау рәсімі болды.
«Қазақстандықтар маған ұлы сенім көрсетіп, Отанға тағы қызмет етуге шақырды. Біз күрделі жолды бірге жүріп өттік: өзімізге сеніп, Тәуелсіздігімізді алдық, мемлекет құрып, әлемге жаңа Қазақстанның есігін аштық, өзімізді біртұтас ұлы ұлт ретінде таныттық. Сіздердің сенімдеріңіз мені әрдайым шабыттандырды, сенімділік пен күш-қуат берді. Қазір барлық жауапкершілікпен айтқым келеді: бұған дейінгі жылдардағы сияқты халыққа адал қызмет етіп, елдің және барлық азаматтарымыздың амандығын сақтап, жалпыұлттық биік мүдделерімізді қорғайтын боламын», – деді Қазақстан Президенті ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Қазақстандықтар қазіргідей түрлі сын-қатерлер өршіп тұрған алмағайып кезеңде ел тізгінін сарабдал саясаткердің сенімді қолына тапсырды. Еліміз бұған дейін дағдарыстың бірнеше толқынын бастан кешірді. Соның бәрін Елбасының салиқалы саясатының арқасында жеңе білдік. Бұл дағдарысты да қиындықсыз еңсеретінімізге сенемін. Себебі, біз 25 сәуір күнгі сайлауда дұрыс таңдау жасадық.
Елбасымыз да халқының өзіне үлкен жауапкершілік артып отырғанын айқын сезінді. Сондықтан да ол ұлықтау рәсімінде: «Менің халқым – ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар халық. Мыңжылдық тарихындағы ең бірегей бетбұрысында халқымның зор сенімін арқалағаным – мен үшін ең биік мәртебе. Кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – баршамызға ортақ парыз. Жаңа ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беріп, дамыған елдердің қатарына қосылу – ортақ жауапкершілік. Біз ұрпаққа көркейген елді, нығайған бірлікті, мызғымас тұрақтылық пен еселенген байлықты мирас етеміз», – деді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support