- Advertisement -

Қазақтың рухын көтерген қазақ хандығының тойы

167

- Advertisement -

Тараз қаласының төрінде өтті

IMG_5262-Дүйсенәлі Бықыбаев,
облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы.

Тарих қойнауына дендеп еніп бара жатқан өткен жылдың басты мерекесі – ол, әрине, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы еді.
Біздің еліміз осы бір тарихи датаны Астанадан бастап, Тараз төрінде ұлан-асыр етіп атап өтіп, күллі әлемге Тәуелсіз Қазақстанның айбыны асқақ, мерейі үстем екенін әйгіледі. Еліміздің тарихи тереңдігін, бүгінде дербес мемлекет ретінде тұтасып, қалыптасқанын байқатты. Елбасының қолдауымен Таразда өткен торқалы тойдағы шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев және барша іскер азаматтар бір кісідей жұмылды. Басшы бастап, қосшы қоштаған шара әлбетте көпшіліктің көңілінен шықты. Бабалар рухын аспандатқан мерейтой аясында Тараз төрінде көптеген жаңа нысандар бой көтерді. Оған еліміздің күллі облыстары талмай тер төгіп, аянбай еңбектенгенін айтпай кетпеске болмас. Одан бөлек, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің іргесі қаланды. Бұл ұлы той қарсаңында тарихқа көрсетілген құрмет, өңірдің сәулетіне қосылған қосымша үлес екені мәлім. Мерейтой қарсаңында облыс азаматтары бір қолдың саласындай еңбек етті. Мереке аясында көптеген тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, қаламызда кезекті мәрте «Еуразия барысы» мегажобасы өтіп, онда қазақ күресіне сусаған жамағат ұлттық спортты делебесі қозып отырып, тамашалады. Аламан бәйгені көрді. Көрші өңірлердің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, сайын дала төсін думанға бөледі. Қытайдан ат арытып керуен келді. «Баласағұн» орталық концерт залында екі күн бойы от ауызды, орақ тілді айтыскер ақын­дарымыз жасындай жырларын төгіп, елдікті, бірлікті, берекелі тірлікті, Тәуелсіздікті жырлады. Залға жиналған жұртшылықтың рухын көтеріп, танымын байытты. Сергітті, серпілтті. Бір сөзбен айтқанда, елдің еңсесін көтеріп, көңіл қошын арттырды.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде аталып өтілуіне ат салысқан азаматтардың барлығының еңбегі ерен, зор. Сонымен қатар, торқалы той қарсаңында бекзат өнердің ордасы саналатын руханият нысаны облыстық қазақ драма театры қыруар қаржыға қайта жаңғыртылды. Бұл да мәдениет саласына жасалған үлкен қамқорлық деп сенімді түрде айта аламыз. Жаңаша келбетпен тарихи мерекені қарсы алған театрдың еңбеккеш әртістері Қалихан Ысқақ пен Шахимардан Құсайыновтың «Қазақтар» деп аталатын тарихи драмасын өнерсүйер қауымға тарту етті. Онымен қоса, орталық стадионда Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» драмасы сахналанды. Бес жүзден астам театр әртісі массалық түрде қойылған шығарманың сәтті шығуына талмай тер төкті. Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театр ұжымымен өңір жастары бірігіп, жаңа бір белесті бағындыруға, алдыңғы толқын ағаларынан білгенін үйренуге, тәжірибесін толыстыруға талпынды.
Түйіп айтқанда, тарихпен тамырлас шаһарымызда өткен Ұлы той баршаның рухын аспандатты. Облыс әкімінің тікелей басшылығымен, жамбылдықтардың бір кісідей ат салысуымен өткізілген іс-шараларға Елбасының өзі арнайы келіп, батасын беріп, еткен еңбекті жоғары бағалағаны – өңір басшысы үшін де, баршамыз үшін де үлкен мерей. Елдігімізді таныту жолында әрдайым бір тудың астына жинала берейік, бірлігіміз жарасып, Тәуелсіз еліміздің абыройы арта берсін, ағайын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support