Ғарышқа самғаған ғажайып батыр
Ғарышқа самғаған ғажайып батыр
Тарих қойнауына кетіп бара жатқан жыл ел үшін ерекше болды. Төрткүл дүниені жайлаған дағдарысқа қарамай еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде аса ауқымды шаралар өтті. Әлем назарын жыл бойы Тәуелсіз Қазақстанға аударумен болды. Соның ішінде көк туымыздың көкте желбіреуі барша қазақстандықтарды тебірентіп жіберді. Бұл Ұлы Дала ұланы, қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтің ерен ерлігінің арқасында мүмкін болды. Күздің бірінші айы енді басталып жатқан тұста, 2 қыркүйек күні қазақтың батыр ұлы әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағындағы Гагарин алаңынан «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен көкке самғады. Құрамында ресейлік ғарышкер Cергей Волков пен Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты, даниялық Андереас Могенсен бар халықаралық экипаж мүшелерімен он күн бойы аспан әлемінде болды. Қазақтың батыр ұлы экология, физика және медицина саласында оннан аса ғылыми сынық жұмыстарын сәтті жүргізді. Айдынның ғарышқа көк туымызбен қоса қазақтың ет, құрт және ірімшік сынды ұлттық тағамдарын да алып баруы елдің мерейін одан сайын аспандатып жіберді. Оның Елбасы мен халықтың сенімін абыроймен орындап жерге аман-есен оралғанын көргенде дүйім жұрттың жанары қуаныш жасынан жасаурады. Мемлекет басшысының өзі барып көктен түскен батырды күтіп алуы оған деген ерекше құрмет еді. Арада көп уақыт өтпей Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Айдын Айымбетовке «Халық ҚаҺарманы» және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атақтары берілді. Қазақстандықтар көкті шарлап қайтқан үшінші батыр ұлдарын төбелеріне көтерді. Айдынды бірінші туған өңірі – жер жаннаты Жетісу жұрты құрметтеді. Одан әрі кезек-кезегімен байтақ елдің кең құшағында тербелді.
Амангелді Абылашұлы.