Әлем нарығына ашылған есік
Әлем нарығына ашылған есік
Биылғы жылдың басты жаңалығының бірі – еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып қабылдануы. Жалпы, Қазақстанның ұйымға кіру үдерісінің нәтижелі аяқталуы – қажырлы еңбектің жемісі. Өйткені, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы үшін жүргізілген келіссөз 20 жылға жуық уақытқа созылып, діттеген мақсатқа да жеттік. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды мүшесі атанған күні Елбасымыз халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын жолдады. Бұл оқиғаны Мемлекет басшысы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезең деп атап көрсетті. Халықаралық ұйымға мүше болудың еліміз үшін артықшылығы көп. Себебі, еліміздегі алыс-берістің 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттер арасында жүргізіліп отыр. Осыған орай, сауда-саттыққа қатысты қандай да бір кикілжің туындайтын болса, қазақстандық компаниялар халықаралық институттардың көмегіне жүгіне алатын болады. Елбасымыз айтқандай, ДСҰ-ға мүше болу арқылы халықаралық қауымдастық алдында біз жалпыға ортақ, өркениетті сауда ережелерін сақтайтынымызды паш етеміз. Бұл шетелдік инвесторларды көптеп тартуға ықпал ететін болады. Қазір Қазақстанмен әріптестік байланыс орнатуға бейіл мемлекеттер жетерлік. Жаңа өндіріс орындарын салу үшін қаражат құюға ниетті алпауыт инвесторлар да жоқ емес. Сарапшы мамандардың айтуынша, осыдан кейін тауар бағасы едәуір арзандап, ол қарапайым бұқара үшін қолжетімді болмақ. Мәселен, облысымызға сауда ұйымына мүшелікке бізден де бұрын өткен Қырғыз елінен арзан азық-түлік пен киім-кешек біздің нарыққа қарай ағылады деп күтілуде. Соның арқасында Тараз қаласындағы Орталық базар, Қордай, Меркі,Т.Рысқұлов аудандарындағы бос тұрған базарлар төмен бағадағы тауарлармен толығып, жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдеріне де оң әсерін тигізеді. Дегенмен, біз бір кездері тасы өрге домалаған облыстағы тоқыма өнеркәсібін қайта жандандыруды қолға алуымыз керек деп ойлаймын. Елімізге шетелдік тауар жаппай әкеліне бастағанда отандық кәсіпкерлер бәсекеге төтеп бере алмай, жағаға шығып қалмауы тиіс. Сондықтан, мемлекет жергілікті тауар өндірушілерді ұйым талаптарына қайшы келмейтіндей етіп, қолдау көрсетуде. Шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы түрлі мемлекеттік бағдарламалар – отандық бизнесті бәсекелестік ортаға дайындаудағы оңтайлы шаралар. Бұл тұрғыда ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің тәжірибесі тыңғылықты зерттеліп, зерделенді деп сенемін. Халықаралық келісімдерге қайшы келмейтін болса, Ресейдегі отандық тауар өндірушілерді қолдау тәжірибесін негізге алуымызға да болады. Себебі, көрші елде сатып алулар бірінші кезекте отандық тауар өндірушілердің мүддесін көздейтінін айта кеткен жөн. Ресей рублінің құнсыздануы мен мұнай бағасының қысқа күнде қырық құбылуы біздің кәсіпкерлер үшін оңай тимегені рас. Ресейден тасымалданып жатқан арзан тауар бәсекесіне жергілікті тауар өндірушілердің бірқатары төтеп бере алмай, шаруасын шатқаяқтатып алғаны да жасырын емес. Әлемдік сауда ұйымының табалдырығын аттағанда осы жағдай қайталанбауы тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы да осы жайтты әуел бастан ескертіп: «Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек», – деді. Қысқаша айтқанда, әлемдік тауар айналымында елеулі орынға ие ұйымға мүше болып, дамыған елдермен тең құқықтық дәрежеде алыс-беріс жасауға біз қай қырынан алғанда да лайықтымыз әрі мүдделіміз.
Қарлығаш Аралбекова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.