- Advertisement -

Жеңісті жорықтарымыз жалғасты болсын!

104

- Advertisement -

Шынын айту керек, спортшылар үшін, оның ішінде өзім үшін қой жылы жағымды жаңалыққа, үлкен жетістіктерге толы болды. 60 келі салмақ дәрежесінде Арқа төсінде, Астана төрінде өткен әлем чемпионатында қатарымнан оза шауып, бәйге алғаным, қазақ ұлтынан шыққан алғашқы әлем чемпионы болғаным әсте естен кетпейді. Одан бір жыл бұрын Инчхондағы (Оңтүстік Корея) Азия ойындарында да бағым жанған еді.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, тұлпарда да тұлпар бар қазанаты бір бөлек» демекші, қой жылы жалпы қазақ спорты үшін толағай табыстармен түйінделді. Өз басым жеткен жетістіктеріме тоқмейілсіп қалғым келмейді. Барлық спортшының басты арманы біреу ғана. Ол төртжылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарында тұғырдың ең биік сатысынан көрініп, топ жару. Мешін жылында Латын Америкасы, нақтырақ айтқанда Бразилия елінде өтетін Олимпиада ойындарында елімнің көк туын көктен желбіретсем деп армандаймын. Аллаға шүкір, мақсатқа жету жолында талмай тер төгіп, аянбай жаттығып жүрмін. Жаратқанның мейіріміне бөленіп, асқаралы арманыма қол жеткізсем деймін.
Иә, өткен жылға өкпе жоқ, тарих тегершігі кері айналып, елдің еңсесі көтерілді. Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы Тараз төрінде кең көлемде аталып өтті. Көне шаһардың келбеті келісті болып, ажары бұрынғыдан да айшықтала түсті. Босағадан енгелі тұрған мешін жылында да жерлестердің рухы асқақтап, мол табысқа кенеліп, жетістіктерге жете берсін! Ал жамбылдық жампоз спортшылар ел үмітін ақтап, Олимпиада ойындарынан алтын медальді молынан іліп қайтсын! Барша жерлестеріме Жаңа жылда тек жақсылық тілеймін. Бар болыңыздар, нар болыңыздар, ағайын!

Елдос Сметов,
дзюдодан қазақ оғландары арасынан шыққан алғашқы әлем чемпионы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support