- Advertisement -

Ауыл болсаң, қауым бол

160

- Advertisement -

Есейхандықтар асарлатып,
жолын жөндеп алды

Ел еңсесін тіктеп, әлеуметтік мәселелер де мемлекеттік бағдарламалар аясында шешімін тауып жатқан соң ба, соңғы жылдары асар жасау дәстүрі ұмытыла бастағандай көрінетін. Тіпті, ата салтын сақтаған, қаймағы бұзылмаған ауылдың өзінде осы бір игі шараға бастамашы болатын азаматтар қатары сиреп кеткендей еді. Дегенмен, ел ішінде ата-баба салт-дәстүріне адал азаматтар әлі де бар екен. Қаратау ауылдық округінің орталығы Есейхан ауылы тұрғындарының игі ісі осыған дәлел. 

Кейінгі кездерде ауылдан Қаратау қаласына қарай қатынайтын тасжолдың ойдым-ойдым шұңқырлары көбейіп, көлік жүргізушілердің әбден ығырын шығарып, мезі еткен-ді. Жол қашан жөнделеді деп қарап отырудың реті жоқ. Осыны ойлаған есейхандықтар асар жасап, 8 шақырымдық жолды ағымды жөндеуден өткізуге бел буады. «Көп түкірсе – көл» деген, игілікті іске қаражат жинаудан ешкім де бас тарта қоймапты. Аз уақыт ішінде 130 отбасынан 130 мың теңге қаражат жиналып, оған техникаға қажетті жанар-жағармай сатылып алынады. Бұл жұмысты ауыл азаматы Ермек Ерманов бар жауапкершілікпен тындырған соң, ауылдағы іске жарар көліктер жол жөндеуге жұмылдырылады. Көлігі бар ауыл азаматтары А.Шәріпов, С. Кенжеев, Ж. Дәуренбеков, Б. Қамысбаев, М. Бердібаев шағал тас тасып, қолдарына құрал-саймандар ұстаған елуге тарта жігіт оны жол үстіне жаймалап, жұмысқа қызу кіріскен.
Асарлатып жатқан ағайындардың ісінен хабардар болған Қаратау қаласындағы Есейхан ауылында туып өскен азаматтар да қарап жатпады. Ауылдағы игі істерден шет қалмайтын, ағайынға қайырымы мол, ауданның Құрметті азаматы Құдиярхан Омаров 50 мың теңге, 200 литр жанар-жағар майын жеткізіп беріп, демеушілік көрсетті. Өзге де қалталы кәсіпкерлер де қол қусырып қарап отырмай, 5 мың теңгеден жинап, өз үлестерін қосады. Ауыл әкімі Б.Кенжеев, шаруа қожалық төрағасы Ж.Тұрымқұлов пен басқа да бірқатар отбасылар бір-бір мал беріп, құрылыс жұмысына қатысқан азаматтарды үш мезгіл тамақтандыруға жағдай жасады.
Ауыл ақсақалдары жастардың ынтымақты ісіне дән риза. Жұмыла кіріскен соң қойсын ба, есейхандықтар тасжолдың ағымды жөндеу жұмыстарын бес күн ішінде аяқтады. Қазіргі әлемде қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан, дағдарыстан дамуға жол тапқан ауыл азаматтарының бұл тірлігі өзгелер үлгі тұтатын өнегелі іс болды.

Сәулембай Әбсадықұлы, 
«Ақ жол».

Есейхан ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support