Тыныштықты күзеткен Демесініме разымын
Тыныштықты күзеткен Демесініме разымын
Той жылына телінген қой жылы бекзат өнер ордасы театр қызметкерлері үшін де үлкен жауапкершілік жүгін жүктеді. Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойларына орай облыстық қазақ драма театры бірнеше қойылымдар қойды. Алдымен Дулат Исабековтің соғыс жылдарындағы шағын ауылдағы қым-қуыт тіршілікті бейнелеген «Тыныштық күзетшісі» атты драмасы көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан соң Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі шиеленіскен оқиғалар тізбегін қамтыған Қалихан Ысқақ пен Шахимардан Құсайыновтың «Қазақтар» қойылымы театрсүйер жұртшылықтың көңілін серпілтті. Дешті-Қыпшақ Ордасы ыдыраған тұста Әбілхайыр ханнан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар Моғолстан билеушілерімен келісе отырып, Жетісу жеріндегі Шу алқабына қоныстанады. Сол өлкеде жеке хандық құрып, Қазақ хандығы Ордасын көтереді. Осы секілді бес ғасыр бұрынғы түрлі оқиғалар тізбегі «Қазақтар» тарихи драмасында тартымды көрініс тапқан болатын. Иә, театр әртістерінің әрқайсысының өз шеберлігі бар. Дегенмен, «Тыныштық күзетшісі» қойылымындағы тағдырдың тауқыметін тартып жүрген бейбақ Демесінді қалыпты ырғақта ойнап шығу маған оңай болмады. Сценарий бойынша түзілген мәтіндегі «Мен тыныштық күзетшісімін, ешқандай жауға алдырмаймын ауылымды» деп аттандағаным, ауылдан майданға аттанған азаматтардың тірісі мен қара қағаз келгендерінің санын жаттап жүрген сәттердегі ішкі арпалысты айтып жеткізу мүмкін емес. Керек десеңіз, ауыл маңын торуылдаған қанды қол қарақшыларды қолға түсіріп, көптің алдына байлап алып келіп, «жынды» атанған тұс жүйкеме ауыр салмақ түсірді. Осының бәрінде жазушы шығармасындағы Демесіннің бейнесін жасауға барымды салғаным көрініп тұрды. Мен бұған дейін Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Шәмшінің, Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» Бекежанның және өзге де көптеген туындыларда негізгі рөлдерді алып шыққан болатынмын. Жаңа жылда театр сахнасында кездесейік, ағайын!
Кенен Ақүрпеков, әртіс, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты.