- Advertisement -

Қыста қымыз сапырған

94

- Advertisement -

Қымыздың дертке шипа, дәтке қуат беретін бағалы сусын екені ғылыми тұрғыдан дәлелденіп қойғалы қашан… Десек те сан ауруға ем осы ұлттық сусынымызды өз деңгейінде дәріптей алмай, бағасын білмей жүргендейміз. Жаз күндері шара-шара қымыз сапырып отыратын ауылдың өзінде қыстыгүні бұл сусын аса қат болатын. Енді, міне, осы олқылықтың орнын Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығы толтырып отыр. 

Ағайынды Дөненбаевтардың қымызбен емдеу орталығын ашқаны – бар қазаққа жасаған жақсылығы. Өйткені, енді осы орталық бал қымызды аңсап, дертіне шипа іздегендердің қажетін өтейтін болады.
«Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев тау етегінен қымызбен емдеу орталығын ашуды бұрыннан бері ойластырып жүріпті. Ойға алған жобасын іске асыру мақсатында көп ізденіп, мамандарға қайырылыпты. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, 2014 жылы қымыз өндіру үшін өз қаражатына жалпы құны 250 миллион теңге тұратын жылқы фермасы жобасын іске қосады. Қазір онда қыстың өзінде 60 бие желіде байланып тұр.
Әр биеден 9 литрге дейін саумал сауылады екен. Ал қожалық қоймасындағы сақтаулы қымыздың көлемі 10 мың литрге жетеді. Шаруашылық басқарушысы Мейрамбек Дөненбаев халық арасында таралған әдіспен әзірленген қымыз механикаландырылған жабдықта дайындалған сусыннан гөрі дәмдірек әрі оның емдік қасиеті жоғары, күштірек болатынын айтады.
Осындайда бір тәмсіл еске түседі. Баяғыда бір қария білім қуған жастардан: «Мына торсықтан қымыз қосқан су немесе су қосқан қымыз бере қойшы. Айтпақшы, осының атын не деуші еді?» – деп қуақылана сұрапты. Жастар бұл сусынның атын іздеп, өзара таласып, дауласып кетеді. Сонда ақсақал: «Тәйірі, осыған да таласа ма екен? Су қосқан қымыз болса, оның дені қымыз емес пе? Қымыз қосқан су болса, судың аты су емей немене? Естуімше, мұқтасарда мұның екеуінің де атын «шалап» дейтін көрінеді. Құйшы сол шалапты, мінеки, суың», – деп, су құйған тостағанын ұсыныпты. Қазір осы шалапты көбіміз қымыз деп жүргеніміз жасырын емес. Жайма базардың сөресінен сатып алған қымызымыз кейде су татып кетеді. Сондайда қынжылып, нағыз қымызды аңсайсың. Ал нағыз қымыз жайма базарда емес, қоймада болады.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Егер ұлттық тағам-сусындары дастарханнан кететін болса, ұлт ауруға шалдығады» деген сөзі бар. Ендеше, ұлтымыз ауруға шалдықпасын десек, ұлттық тағам-сусынымыздан қысы-жазы қол үзбеуіміз қажет.

Нұрболат Әлдибеков, 
«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support