- Advertisement -

Құмды ауылдағы қуаныш

104

- Advertisement -

Шеті мен шегі көзге көрінбейтін құм. Бір белді ассаң, алдыңнан тағы бір белес шығады. Изен, қызыл шөп, ақ бүрген, қызыл бүрген, көк мия, қызыл мия, лақса, ебелек, жусан, жантақ, қарматау секілді құнарлы шөптер малға таптырмайтын азық болса, қамысы ықтасын, жүзгені мен сексеуілі – отын. Бұл – табиғат ананың тіршілік иелеріне берген мол сыйының бірі. Жалпы, бұйрат-бұйрат құмды өлкенің тыныс-тіршілігін бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Дегенмен, малшылар ауа райы мен жер жағдайына әбден көндігіп алған секілді. Табысы тасып, төскейді төлге толтырған шопандар тіршілігі де өзгеше.
Жайшылықта қыстауға бейсауат адамның бара бермейтіні белгілі. Ал бара қалған жағдайда келген мейманның алдынан балалар бірінен-бірі қалмауға тырысып, жапа-тармағай жүгіріп шығады. Жаңа жылмен құттықтай барған аудан әкімі Мәден Мұсаевты да бүлдіршіндер шат көңілмен қарсы алды.
Көлқұдық қыстауын мекендейтін «Мейіржан» (төрағасы Мейіржан Қазанбасов) шаруа қожалығының жылқышысы Айдостың ұлы бір жасар Нұржас та жаңажылдық сыйқалтаны көріп қуанды. Ал үш жастағы Жания сыйлық әкелген қонақтарды құттықтап, інісіне қарағанда есейіп қалғанын көрсетті. Балалар қуанышында шек жоқ. Қайда барсақ та алдымен қуана қарсы алатындар да осы балғындар. Әрқайсысы бір-бір сыйқалтаға ие болғанына мәз-мейрам.
Мейіржандықтардан кейін «Пионер» өндірістік кооперативінің аға шопандары Тәңкей базда отырған Серік Есімбаевтың, Жұмаш базындағы Сандыбай Сәрсенбаевтың, Бейсебай қыстауын мекен еткен Досжан Мұраталиевтің, Саройдағы Жарқынбек Қазыбаевтың, Қуатбек базындағы Елдос Ізтілеуовтің, Сапарбек мал жайылымында 70 қошқар бағып отырған Болатбек Сәрсенбаевтың, Ақбидегі аға шопан Нұрбол Қаржаубаевтың үйлеріне барып, бүлдіршіндерді қуантқан аудан басшысы юнчилік шопандар Темірхан Бейсенов, Шахар Оразымбетов, Асан Аяповтың қыстауында да болып, кішкентайларға сыйқалта ұсынды. Шопан балаларына арналған сый-сияпатты «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов та ала барған екен. Бір күнде тәтті мен ойыншыққа қарық болып қалған балғындардың қуаныштарында шек жоқ.
Құм өңіріндегі малшылардың тыныс-тіршілігі бір қалыпты. Жемшөп жеткілікті. Мәліметке сүйенсек, шопандарға 116471 тонна шөп, 22297 тонна жем жеткізіліп берілген.

Дүйсенбек Орманов,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support