- Advertisement -

Тараз химиялық паркі

128

- Advertisement -

Бірегей әрі ғажайып жоба

Соңғы жылдары облысымызда өндіріс саласы өркендеп келеді. Жаңа зауыттар іске қосылып, инновацияға бет бұрудың арқасында бұрынғы өндіріс орындарының өнімділігі артты. Ал «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» өндіріс саласын өркендететін мегажоба десек, артық айтпаймыз. 

Ғажайып жобалардың бірегейі атанған, айналасына 16-21 зауытқа дейін шоғырландыратын алып өндіріс Шу ауданы аумағында құрылуда. Нақтырақ айтсақ, Шу қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Құны 2 725 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба болашақта 2500 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Химиялық өндіріс жобасы 2023 жылы жүзеге асып, іске қосылады деп күтілуде. Ал қазір келешек алпауыт кәсіпорын бой көтеретін аймақтың 505 гектар жерінде ішкі-сыртқы инфрақұрылым жүйесі жүргізілуде. Оны «Тараз химиялық паркі» акционерлік қоғамымен келісімшартқа отырған «КАТЭК», «Өркен», «KazHiTechEuroBuilding», «ISS Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қолға алған. Бүгінгі күні ұзындығы 5,8 шақырым болатын кіреберіс автомобиль жолының құрылысы аяқталды. Автомобиль және темір жолдарына қарасты екі көпір салынып, зауыт аумағында 6,4 шақырым темір жол тартылған.
Тараз бен Шу қалалары арасын жалғайтын темір жол желісі 37-31 темір жол учаскесінен бастау алады. Онда алдағы уақытта аумағы 3 шақырым болатын 2 кіреберіс жолы қамтылған станса бой көтереді. Автоматты газ тарату стансасы бар 9,75 шақырым магистральды газ құбырларының желісі де іске қосылуға сақадай сай дайын. Сыртқы инфрақұрылымның тағы бір нысаны магистральды су құбырлары құрылысының жұмыстары 40 пайызға орындалды. Әрқайсысы 35 шақырым болатын екі желіден тұратын су жүйесі «Тасөткел» су қоймасынан тартылады. Тиісті мердігерлер екі желіні қосқанда, 70 шақырымды құрайтын жүйенің 50 шақырымына су құбырларын тартып қойыпты. Өндіріс орнына тартылған су құбырларының бірі ауыз суға, екіншісі өндірістік қолданысқа арналған. Аймақта су тазалау-өңдеу техникасы, сорғы стансасы іске қосылатын болады. Зауыттардан шыққан тұрмыстық және өндірістік қалдықтарға арналған тоғандардың орны да әзірленген.
Сыртқы электр желісімен жабдықтау жұмыстары да аяқталуға таяу. Шу ауданына қарасты «Пс-500» қосалқы стансасы зауытты электр энергиясымен қамтамасыз ететін болады. 2 электр тарату желілері тартылған. Олардың әрқайсысының ұзындығы 2,9 шақырымды құрайды. Өндіріс аумағында ондағы барлық зауыттарға электр тарататын 220 киловаттық қосалқы станса салынып жатыр.
Жалпы, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым нысандарының құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асуы тиіс. Алғашқы кезеңінде сыртқы инфрақұрылым жүйелері тартылып, 2016 жылдың соңғы маусымында толық аяқталуы керек. Ал екінші кезеңінде жүргізілетін жұмыстар 2018 жылдың тамызында бітеді деп жоспарланған.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support