Саясат

Ілгері оздыратын ізденіс

Ілгері оздыратын ізденіс

Үкіметтік емес ұйымдар мемлекет пен халықтың арасында алтын көпір. Ол үшін қоғамдық бірлестіктің төрағалары талмай ізденуі керек, белгілі бір мақсатта өз жұмыстарын нәтижелі жүргізе алуы шарт. Себебі, еліміздегі тұрақтылықтың сақталуы, жастар тәрбиесі, діни экстремизмге қарсы күрес жұмыстары, халыққа әлеуметтік, мәдени, рухани қолдау көрсету және әртүрлі мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы мен насихатталуы үкіметтік емес ұйымдардың да қажыр-қайратына байланысты. 

Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес отырысында осы мәселелер қозғалды. Жиында облыс әкімінің дін істері және денсаулық сақтау басқармаларының үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс тәжірибелері туралы мәселе қаралып, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов осы салалардағы атқарылатын ауқымды жобаларды жүзеге асыруға үлес қосып келе жатқан қоғамдық бірлестіктердің ілкімді істерін айтып өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар туралы «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орай іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі, «Днепро» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименконың, «Тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру және адам құқығы институтын нығайту орталығының қызметін ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобаның үйлестірушісі, «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәскеу Нохрабековтің есебі тыңдалды. Басқосу барысында Ерқанат Нұрбапаұлы қоғамдық ұйымдардың тек қана бюджет есебінен бөлінген қаржыны игеріп қана қоймай, мемлекет, қоғам үшін жүрек қалауымен жұмыс істеуі қажет екенін айтып, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін арттыру жолында талмай еңбектенуге шақырды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».