Әлеумет

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Жаңажылдық мерекені жұрт асыға күтеді. Бұл мереке көпшіліктің көңілін қуанышқа бөлейді. Әсіресе, бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақар қыздың қолынан әр алуан сыйлықтар алып, жыл бойғы армандары орындалатын сәт деп санайды бұл күнді. Аяз атаға алдын ала хат жазып, көңіл қалауларын білдіріп жататын да солар. Қалай дегенде де, балалардың қиялындағы жаңажылдық таңғажайып шырша ертегі секілді. Ересектер үшін де бұл күннің орны бөлек. Отбасылық шырша орнатып, оны түрлі ойыншықтармен безендіріп, ұл-қыздарына сыйлықтар әзірлеп, жақындарын, достарын құттықтап та үлгеріп жатады. Бұл мереке мен үшін де ыстық. Мерекенің өн бойынан жасыл шырша демін сезінетіндей әсерге бөленем. Баяғы кездегідей тікелей орманнан кесіліп әкеліп, сатылатын «орман аруларының» орнын бүгінде жасанды шыршалар алмастырған. Жасыл шыршалар шеруі, ду-думан мереке қаһарлы қыстың суығын елетпей, дүн-дүниені жылы шуаққа бөлейтіндей. Ақын өлеңінде айтылатындай, үлкен-кішінің «аппақ қарды омбылап, көктем іздеуге» тынбай талпыныс жасауы, арман-аңсары да секілді. Биыл төрткүл дүние құлақ түрген дүбірлі той, додалардың біразы қасиетті Әулиеата өңірінде өткеніне тікелей куә болдық. Келер жылдан да күтеріміз мол. Еліміз бен жеріміз әмісе береке, молшылықтың, мерекенің құшағында тербеле бергей! Ақ қыс мерекесінің қызығы таусылмаса, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болса екен деймін. Келешектің тұтқасын ұстар жас ұрпақтың дені сау, мықты, саламатты болып жетілуін тілеймін. Ұрпақ сау болса, ұлт та сау. Бұл – барлық аналардың тілегі. Жаңа жыл құтты болсын!

Тұрсынкүл Меркібаева, «Алтын алқа» иегері.

Меркі ауданы.