Туымызға дақ түсірмейік
Туымызға дақ түсірмейік
«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мемлекетіміз үшін қасиетті саналатын ұлттық рәміздерімізді құрметтеу – әрбір азаматтың парызы. Дегенмен, мемлекет рәміздерінің мекемелерде орналастырылуына дұрыс мән бермей жүргендер баршылық. Заңға немкетті қарайтындардың келеңсіз істері облыс әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысында қаузалды.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары, облыстық мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда облыстық прокуратурасы 1-ші басқармасының бөлім прокуроры Дастан Байтеміров облыстық прокуратура органдары бастамасымен құзырлы және уәкілетті органдарды қатыстыра отырып, Талас, Сарысу, Жуалы аудандары әкімдерінің аппараттарында және оған бағынысты бөлімдер мен басқа да мемлекеттік мекемелерде, сонымен қатар, Меркі және Қордай аудандарындағы кейбір құқық қорғау органдарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің пайдаланылуына, насихатталуына және қолданылуына жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысын мәлімдеді. – Талдау жұмыстары 76 мекемеде жүргізілді. Тексеру нәтижесінде аталған аудандардың кейбір мекемелерінде мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптарының сақталмауы фактілері анықталды. Конституциялық Заңның 13 және 15-баптарына сәйкес, әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген стандарттарға сәйкес, рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді, – деген Дастан Тұрысбекұлы Жуалы, Талас, Сарысу, Қордай аудандарында рәміздерді күту мен оны қадағалауда орын алған өрескел қателіктерге тоқталды. Әсіресе, Сарысу ауданына қарасты бірқатар орта мектептерде оқшауланған орындардағы мемлекеттік Туға дақ түсіп, кірленгенін айтты. Талдау барысында «Сортөбе», «Ауқатты» және Қордай шекара бақылау бөлімшесінің шекара бағаналарында орнатылған мемлекеттік Елтаңбалар Ұлттық стандартқа сәйкес келмейтіндігі анықталған. Дастан Байтеміров мұндай қателіктер Талас, Қордай аудандарында да жиі ұшырасқанын айтады. – Облыс прокуратурасы облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына және аудан прокуратуралары жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарына заң бұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғаларды тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс берді. Нәтижесінде, 5 заңды тұлға Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектілерді пайдаланғаны және орналастырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 418-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 198 200 теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұл салынды, – деді Дастан Тұрысбекұлы. Комиссия төрағасының орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы өрескел қателіктерге жол берген аудан әкімінің орынбасарларынан жеке-жеке жауап алып, заң бұзғандар жауапкершілікке тартылмай қалмайтындығын жеткізді. Қазақстан мемлекеттік кәсіпорны «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» облыстық филиалының директоры Асқар Мыңбаев жаңа стандартқа Қазақстан Респбуликасы мемлекеттік Елтаңбасының өндірістік жақсартуға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Жиын соңында жіберілген кемшіліктерге байланысты аудан әкімдерінің орынбасарларына тиісті тапсырмалар берілді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».