- Advertisement -

Еңбек нарығы мамандарға зәру

88

- Advertisement -

«Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда» деді Елбасы өз Жолдауында. Расында, бүгінде еңбек нарығында кәсіптік-техникалық мамандықтар көбірек сұранысқа ие. Тіпті, соңғы жылдарда техника және жұмысшы мамандардың тапшылығы мықтап сезіле бастады. Сондықтан, Мемлекет басшысының «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» бағдарламасын қабылдауды тапсыруы – осындай қажеттіліктен туған талап.

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Елбасы тапсырмасына сәйкес 2017 жылдан бастап Қазақстанда тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу колледждерге мемлекеттік тапсырысты кеңейту және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту есебінен жүргізілетінін мәлімдеді. Қазіргі таңда елімізде 800-ге жуық колледж бар. Олардың көпшілігі техникалық және кәсіптік мамандарды даярлайды. Соның бірі – Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылындағы №8 колледж. 

Қазіргі Мойынқұм колледжі 1958 жылы ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі бұрынғы Фурмановка, қазіргі Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында ашылған. 1973 жылы Мойынқұм ауылындағы жаңа типтік ғимаратқа көшіріліп, орта білім беретін №62 кәсіптік-техникалық училище болып қайта құрылады. Оқу орнының әр жылда атауы ауыстырылып, 2012 жылы «№8 Мойынқұм колледжі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып өзгертілді.
50 жылдан астам уақыт ішінде аталған оқу орнында ауыл шаруашылығына қажетті тракторист-машинист, аспаз, есепші, оператор, хатшы-референт, электр және газбен дәнекерлеуші мамандар даярланды. Қазір колледжде жастар аталған мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыспен білім алуда. 2015-2016 оқу жылында мемлекеттік грантқа сұраныс жасаған үш мамандық бойынша оқу бөлмелері мен тәжірибе алаңдарының материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. Атап айтсақ, «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист» мамандығы бойынша 2 ауыр жүк көлігі, 2 жеңіл көлік, 2 доңғалақты трактор, 1 тиегіш экскаватор және ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды. Колледж директоры Дәурен Кенжебеков техникалық кадрлар дайындау жүйесін дамыту туралы бастаманы қолдайтынын айтады. Әсіресе, техникалық және кәсіби білім беруде инвестициялық саясат негізінде Германия, Канада, Австралия, Сингапурдағы кадрларды дайындайтын орталықтарды тарта отырып, бірлесе жұмыс жасау керек деген ұсынысты қуана құптайтынын жеткізді.
– Елбасының Жолдауда атап көрсеткен жұмысшы мамандықтары колледж даярлайтын мамандар ғой. Бізде даярланатын электрмен дәнекерлеуші, тракторист-машинист, электромонтер мамандары қазіргі кезде ауыл шаруашылығы құрылымдарында жетіспей жататыны белгілі. Сол үшін біз Елбасы көрсеткен сара жолмен жүріп, техникалық білім беруді әрі қарай дамыта беретін боламыз. Алдағы уақытта қазба жұмыстарына арналған бульдозер айдайтын мамандарды дайындап шығарсақ деген ойымыз бар. Тұрғындар балаларының техникалық мамандық алғанын қаламайды. Көбісі перзентін қалада оқытқысы келеді. Орайы келгенде біздің колледжді бітірген мамандардың да жерде қалмайтынын айта кеткім келеді. Осы оқу орнын бітірген жігіттер қазір мықты жерлерде қызмет істеуде. Елбасымыз айтқандай, бәріміз заңгер, сот, бухгалтердің оқуын оқысақ, басқа жұмысты кім істейді? – дейді колледж директоры.
– Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы жұмыссыздықпен күрестің айқын жолы болатынына сенім мол. «Кеңестік кезеңде жұмысшы адам табысы мол сыйлы маман болған. Ол кезде жұмысшы кадрлар дайындайтын білім беретін мекемелер саны көп еді. Жоғары оқу орнына түсе алмаған жастардың барлығы жұмыссыз қалмайтын. Қалаға сандалмай-ақ ауылды жерде тегін оқып, механизатор, тракторист-машинист мамандығын алып, жұмысқа орналасатын. Тіпті тегін оқытып қана қоймай, сырттан келгендерге жатақхана және оқушыларға шәкіртақы беріліп тұратын. Сондықтан ел қамын ойлаған Елбасымыз өз Жолдауында тегін кәсіптік-техникалық білім беруді қолға алып оны дамыту керектігін айтқанда көңіліміз көтеріліп қалды, – дейді ауыл қариялары.
Бүгінде №8 Мойынқұм колледжінде 24 педагог қызметкер жұмыс істейді. Олардың 15-і – мұғалім, 9-ы – өндірістік оқыту шебері. Ауылда дуальды жүйе бойынша білім алып жатқан колледж түлектері жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Теория мен тәжірибе қатар жүрсе, студенттер оқу бағдарламасын да терең меңгеретіні сан жылдық тәжірибеден белгілі.

Уалихан ЖАЙЛАУ,
«Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support