Саясат

Даму жолының даңғылы жоқ

Даму жолының даңғылы жоқ

Айменов-А-_1Әнуарбек Әйменов, экономика ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің алғашқы даму жоспарын 1997 жылы «Қазақстан – 2030» Стратегиялық бағдарламасында айқын көрсетіп бергені мәлім. Сол кезең үшін бұл бағдарлама жақын және алыс болашақты бірдей қамтыған реалистік тұрғыдағы стратегиялық жоспар болды. Содан бері Тұңғыш Президент Қазақстан халқына 19 Жолдау жолдады. Осы құжаттар негізінде экономиканың барлық салаларын дамытуға арналған 20-дан астам бағдарлама қабылданды. Президент Жолдауларының негізінде қабылданған бағдарламалар бүгінде өз жемісін беруде. Салалық бағдарламалардың ел экономикасын тұрақтандыруға тигізген септігі көп болды. Мемлекет басшысының идеяларын жүзеге асыру арқылы Қазақстан әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Қазіргі қалыптасқан геосаяси, экономикалық жағдайларға дүниежүзінің халқы алаңдаулы. Барша жұрттың көкейінде «Ертең не болады?» деген сауал тұр. Бірақ, Елбасы осындай алмағайып кезең туғанына қарамастан, еліміздің болашақтағы нақты бағдарын айқындап беріп отыр. Мемлекет басшысы әлемдік дағдарыс cын-қатерлермен қоса, дамудың жаңа мүмкіндіктерін де беретінін айтады. Ұлт Көшбасшысы халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жиырмасыншы Жолдауында дамудың басты бағыттарын айқын көрсетіп берді. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуы Елбасымыз ұсынған 5 институционалдық реформаның жүзеге асуына байланысты. Бес реформаны жүргізу жолдары «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айқын көрсетілген. Онда қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыру жолдары, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету мәселелері қарастырылған. Президент жаңа Жолдауында мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларында көзделген әлеуметтік жобалардың жалғастырылатынын айтты. Әлемдегі қалыптасқан қаржылық дағдарыс жағдайына қарамастан, біздің еліміз білім және денсаулық салаларының модернизациялануын жалғастыратын болды. Соның бірі – 2017 жылдан бастап қолданысқа енетін жаңа жоба «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы. Білімді ұрпақ – ел тірегі. Біздің болашағымыз білімді-білікті жастардың қолында. Ал жастардың толыққанды білім алуына жағдай жасалған мемлекеттің келешегі жарқын екені белгілі. Тұңғыш Президентіміз Жолдауда жастарға ерекше назар аударып, оларды «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы – қозғаушы күш деп танитынын айтты. Дамыған 30 елдің қатарына қосылудың басты шарттары экономиканы, технологиялық, саяси жүйені модернизациялаумен шектелмейтіні белгілі. Бүгінде Қазақстан инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверіне айналып келеді. Көптеген өңдеуші салалар өсім көрсетіп отырғаны осыған дәлел. Атап айтар болсақ, елімізде бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдарының өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт көлемі 3 есе артты. 800-ден астам индустриялық жоба жүзеге асырылды. Биылдың өзінде металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек өндірісі 4 пайызға өсіп отыр. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі 2016 жылы Қазақстанда экономикалық өсу қарқыны жоғары болады деп болжам жасап отыр. Иә, Елбасымыз айтқандай, дағдарыстардың бәрі өтеді, кетеді. Ел Тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгілік. Президентіміз алға қойған ауқымды міндеттерді жұмыла орындауға күш салайық! Сонда ғана мемлекетіміздің стратегиялық жоспарлары табысты орындалып, Қазақстанның экономикасы жылдан-жылға қарқынды дамып, сонымен бірге халықтың әл-ауқаты да жақсара бермек.