- Advertisement -

Мейірім мерекесі

93

- Advertisement -

Бүгінде ислам дінін ұстанатын елдерде Мәуліт айы мерекесі аталып өтуде. Мұндай атаулы шара еліміздегі Ислам діні өкілдерінің және жамиғаттың тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Тараз қалалық «Әулиеата» мешіті шаһардағы «Барчиной» мейрамханасында сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келген айдың құрметіне Мәуліт мерекесін атап өтіп, Жаратушының ақырғы Расулын еске алды.
Бұл имандылық шарасы аталған шаһардағы «Әбдіқадыр» мешітінің бас имамы Айнабек Ахметовтің қадірлі пайғамбарымыздың рухына арнап құран оқуымен басталды. Содан соң, Мұхаммед пайғамбардың өмірге келуінен бейнероликтер көрсетілді.
Мұнан кейін сөйлеген ҚМДБ-ның облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев көпшілікті Мәуліт мерекесімен құттықтап, жылдан-жылға бұл атаулы айдың маңызы артып, пайғамбарды құрметтеп еске алушылар көбейгенін, мұндай жиындар жалпы жұрттың иманын күшейтетінін сөз етіп, Аллаға сансыз мадақтар болсын деп, пайғамбарымызға салауат айтты. Облыс әкімдігі дін істері басқармасы ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімнің басшысы Аян Оразбаев та сөз алып, жиналғандарды Мәуліт мерекесімен құттықтады. Мұндай игі іс-шараның әр жүректі нұрландыруға тигізетін ықпалы мол екенін жеткізіп, кейбір теріс ағымдармен күрестің қызу жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Келесі сәтте имамдар Мұхаммед пайғамбарға салауаттар айтып, Расулдың өнегелі өмірі жайлы діни жырларды және Құран оқып, тілек бағыштады. Шаһардағы «Хамрақұл» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбеков пайғамбардың өмір сүрген жылдарынан деректер келтіріп, Алла елшісіне арналған өлеңді жатқа оқыды. «Бәйдібек» қайырымдылық мекемесінің шәкірттері де Мәуліт мерекесіне орай жазылған өлеңдерден шашу шашты. Сондай-ақ, жиналған көпшілікке сұрақ-жауаптар қойылып, жеңімпаздарға сыйлық берілді.
Бұл шараны қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Аят Алмаханов қорытындылап, жиналған көпшілікке алғыс білдіріп, ҚМДБ рұқсатымен жарық көрген «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты шағын кітапты тегін таратты.
Мұндай игі шара қаланың барлық мешіттерінде, ауылдардағы Алла үйлерінде жалғасын табатын болады.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support