- Advertisement -

Қайран, біздің Әбекең!

67

- Advertisement -

Мен бұл мақаламда бүкіл саналы ғұмырын қасиетті ұстаздық ісіне арнаған, оның қомақты бөлігінде директорлық қызмет атқарған асыл азамат, кезінде менің өзіме де тікелей басшы ретінде шынайы қамқорлық көрсеткен Әбдахмет Махамбетәбиев аға туралы айтпақпын.
Ол берген білімін оқушылардың санасына өте шеберлікпен сіңіре білетін, шәкірттеріне тез бауыр басып кететін нағыз ұстаздың өзі еді. Өте шешен сөйлейтін және білімді нақты тәрбиемен, ақыл-нақылмен ұштастыра жүргізуші еді. ҚазПИ-дің филология факультетін қызыл дипломмен тәмамдағаннан кейін, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бостандық, Созақ аудандарындағы, Өзбекстанның Шыршық қаласындағы мектептерде шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Кейін өз ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепте 7 жыл қатардағы мұғалім, 23 жыл директор болып еңбек етті. Мектептің қазақтың ағартушы-ғалымының атын иеленуі де, жаңа ғимараты салынуы да осы ағамыздың күш салуының жемісі. Мектепте кезінде қант қызылшасын, жеміс ағаштарын өсірумен айналысатын оқушылардың өндірістік бригадасын құрып, мектептің атын республикаға, одаққа танытқаны, әсіресе, ауылда соғыс құрбандарына ескерткіш-стелла тұрғызылуына бастамашы болғанын білетіндер ұмыта қойған жоқ. Басқа да ел игілігі жолындағы еңбегі еленіп, кезінде «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. «Қазақстанның халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атақтарына ие болды. Оның есімі құрметті мұғалім санатында облыстық білім басқармасының «Қызыл кітабына» да енген.
Соңғы жылдары Әбдахмет Махамбетәбиевтің есімін бір кезде өзі алғаш еңбек жолын бастаған Көктөбе бастауыш мектебіне беру жайы қаузалуда. Бұл бастаманы ағамыздың шәкірттері де, ауылдастары да, аталған мектептің ұжымы да бір ауыздан қолдауда. Несі бар, өте орынды ұсыныс. Мұндай құрметке Ә. Махамбетәбиев әбден лайық.

Фадли ӘЛИ,
зейнеткер-мұғалім, филология ғылымдарының кандидаты.

Белбасар ауылы,
Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support