- Advertisement -

Қу арақтың кесірі

105

- Advertisement -

Дәл үйіміздің қасында, қарама-қарсы үйде бір қария тұрды. Өзі сексенге келіп қалған, сол кісінің жалғыз баласы ішкілікке салынған. Әйелі осыдан 6-7 жыл бұрын қайтыс болған. Келіні бар, ол байғұстың аяғының мүкісі бар, сонда да өте пысық, үйін дөңгелетіп ұстап отыр. Әлгі маскүнем баласы күніне ішіп келіп, отбасының ойранын шығарады. Әйеліне тиіседі, оны қорғаштаймын деген әкесін де сабап тастайды. Айқай-шуды ести сала мен араша түсуге ұмтыламын. Қанша мәрте әлгі жайдың қайталанғанын дәл қазір санына да жете алмай қалдым.
Қарияға: «Сіз бүйтіп қорлық көр-генше, қыздарыңыздың бірінің қолына кіріп алмайсыз ба?» – дедім. «Дұрыс қой, бірақ іштен шыққан шұбар жыланды аяймын, бір күні өліп қалады ғой, қайтейін» деп кемсеңдегенде, жүрегің ауырады. Содан сол баланы біз ортаға алып ардагерлер кеңесі мен алқа билер талқысына салдық. Уақытша қойған болды. Бір күні қайтадан ішіп келіп, келінді ұрып талдырып тастапты. Ести сала жүгіріп бардым. Келін жерде жатыр. Көтеріп алып, үйге апарып төсегіне жатқыздым. Қу маскүнем қодыраң-қодыраң етіп әкесіне айбат шегіп тұр екен, сол арада көршілер де жиналып қалды. Көршінің бірі полиция өкілін ұялы телефонмен шақырды. Әбүйір болғанда, полиция уәкілі көп күттірмей келді. Не керек, ұзын сөздің қысқасы сол маскүнемді полиция өкілі алып кетіп, бір кісінің қойын ақыға бағуға көндірді.
Содан 4-5 ай құлағымыз тынышталып қалды. Бірақ біраз уақыттан кейін ол маскүнем шамалы ақшасымен қайтадан ауылға келді. Арағын қойып кеткен ол жоқ, баяғы әдетіне басты. Келін қашанғы шыдасын, ақыры төркініне кетіп тынды. Әкелі-балалы өз үйінде бір-екі ай жүрді. Тіпті, болмаған соң қария да қаладағы келіннің қолына кетті. Қазір естиміз, олар пәтер жалдап тұрып жатқан көрінеді.
Міне, қу арақтың кесірі бір отбасын тентіретіп жіберді. Есің болса, ағайын, атамыздан қалған ас емес, осы қу араққа жолай көрме дер едім.

Панатай Рахманбердіұлы,
Ойық ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support