Әлеумет

Орындалған аманат

Орындалған аманат

2-001Батыстан соғыс өртінің жалыны лапылдап тұтанғанда Алтын апамыз тұлымшағы желбіреген төрт жастағы қыз бала еді. Ат төбеліндей ауыл ішінде дүрбелең туды. Жайшылықта жаны жайсаң, жайдары әкесі Досжанның қабағына қан қатты. Ағасы Ақтанаудың нұрлы жүзі өзгеріп сала берді. ...Ат төбеліндей ауылдан майдан шебіне аттанған бір топ бозбаланың ішінде Досжан қарияның үлкен ұлы Ақтанау да болды. Сол күнгі көңілсіз көрініс анасының етегіне оралып жүрген Алтынның есінде мәңгілікке жатталып қалды. Ақтанау алдымен асқар тау әкесімен қоштасты. Көпті көрген қария үнсіз қалмады. – Ел шетіне жау тиді, ұлым. Жау қамалын бұзар отыз жастасың. Аллам жар болсын. Ата-баба аруағы қолдасын. Аман барып, сау қайт, – деді жігерлі үнмен. Ал анасы Дәнікей мен жеңгесі Сара бір ауыз сөзге келген жоқ. Үнсіз егіле көз жастарын сықты. Ақтанау асыл анасы, сүйікті жарымен қоштасқан соң бауырларына құшақ жайды. Содан соң Алтынды тік көтере құшағына алып, «Қарындасым, Алтыным» деп мейірлене үн қатып, екі бетінен алма-кезек шөлпілдете сүйді. Екінші қолымен бір жастағы тұңғыш ұлын да кеудесіне көтеріп алды. Маңдайынан мейірлене иіскеп, күрсіне дем алды. Жол дорбаларын арқалап, майданға аттанған өрімдей жастарды жылап-сықтаған көпшілік жаяу-жалпы қозы көш жерге дейін шығарып салды. Сол еңсесі езілген топқа ілескен бозөкпе балалардың бірі бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Алтын апай. Үш айдың жүзі толды. Майдан даласынан хат келді. Бес қаруын асынып, ел қорғаны болған Ақтанау туған жерін, өскен елін сағыныпты. Екі қазақтың бірі – ақынжанды емес пе? Тәңірге тәубе еткен отбасын қуантқан үшбу хат өлеңмен өріліпті. «Кең далам, көрікті, ұлан-байтақ, Туған жерім атқа шапқан мініп жайдақ. Бәрі де аман-есен болар деймін, Әке-шешем, ағайын, ауыл-аймақ.

Аман-сау келсін деп жолды тосқан, Есен бе, Сара жарым, Құдай қосқан. Бір жастан асты ма, Алтай ұлым, Анасының ақ сүтіне аузын тосқан.

Басқа салса тағдырым не қылайын, Жан бауырым Алтыным, Ағыбайым. Өздеріңмен жүздесуге жазсын деймін, Құдіретіне табындырған бір Құдайым.

Бүлдірген, тынышын ап елдің шетін, Елемей күн көзі мен желдің өтін. Отан үшін от кештік толарсақтан, Қайтарып жатырмыз жаудың бетін...» Ұзын ырғасы он шумақ өлең, бәрінің де сағыныш сезімін басты. Ақтанаудың өзі келгеннен кем болған жоқ. Арада жыл өтті. Әкесі майданға аттанғанда анасының ішінде қалған нәресте жарық дүниеге келді. Төрткүл дүниедегі дүрбелеңнен, әкесінің от пен оқтың ортасында жүргенінен бейхабар періште бөбекке атасы Досжан қарияның өзі ат қоюға ниет етті. «Немеремнің атын өзім қоямын. Әкесінің елге аман-есен келуіне тілеуқор болып өссін. Есімі Жолгелді болады» деп шешті. Ақтанаудан хат толастаған жоқ. Бір хатында ұлды болғанына қатты қуанғанын жазыпты. Хат соңын «Жарық дүние есігін ашқан Жолгелдінің бейбіт өмір сүруі үшін жауға аяусыз соққы беремін» деп аяқтапты. Қырық үшінші жылдың көктемінде Досжан қарияның екінші ұлы Ағыбай да әскер қатарына алынды. Күзге салым Алтын мектеп табалдырығын аттады. «Әліппе» бетін ашып, әріп тани бастағаннан майдан даласында жүрген екі ағасына хатты өз қолымен жаза бастады. Әкесінің айтқан сәлемін ақ қағаз бетіне қаз қалпында түсіріп, үлкен іс бітіргендей сезімге бөленіп жүрді. Ақтанау ағасына «Аға, сіз ауылға Жеңіспен оралғанда алдыңыздан жүгіріп шығамын» деп өз ойын да жазып жіберді. 1945 жылдың көктемі келді. Ел-жұрт қуаныш құшағында. Ұлы Жеңіске деген сенімнің қуаты күшті. Ақтанаудан сәуір айының басында келген хат та Досжан қарияның отбасын қуанышқа кенелтті. Майдангер хатын тебірене толқып жазыпты. «Жау ордасына таяндық. Берлинге 150 шақырымдай жер қалды. Жеңіс туы желбірейтін күн жақын. Жаратқан ием аман-есен көруге жазсын» деген жүрекке жеткен жылы сөздер Досжан қарияның көңілін босатып жіберді. Жаралы жау аянып қалған жоқ. Зелессен қаласы іргесінде бір қарыс жер үшін кескілескен ұрыс жүргізді. Батыр – бір оқтық. Он сегізінші сәуірдегі жан берісіп, жан алысқан қанды шайқаста Ақтанауға ажал оғы дөп тиді. Ұлы Жеңіс күніне саусақпен санарлық күн қалғанда елім деген есіл ер жау қолынан қаза тапты. Қатал тағдыры туған жерімен қауышуды маңдайына жазбады. Қайғылы хабарды арқалап келген қара қағаз Досжан қарияның киелі шаңырағын шайқалтып жіберді. «Ой, бауырымдап» сай-сүйекті сырқыратып, жоқтау айтып жеткен ағайындарға: – Ұлым елін қорғап мерт болды. Еркек тоқты құрбандық деген осы, – деп өз-өзіне көңіл айтты. Өзегін жарып шыққан ұлының мезгілсіз қазасына ана жүрегі сенген жоқ. – Балам тірі. Үйіне қара қағаз келген ер-азаматтар отбасына аман-есен оралып жатыр. Мен үмітімді үзбеймін, – деді Дәнікей жақсылыққа жорып. 1948 жылы күзде Ағыбай әскерден аман-есен оралды. Отбасымен сағынысып, қуана қауышты. Ана көңілі – балада. Ұлының нұрлы жүзін мейірлене сүйген Дәнікейдің тілге келгендегі алғашқы сөзі: – Ақтанау ағаңмен жолыққан жоқсың ба? – деген сауал болды. – Жоқ. Апа, мен басқа майдан шебінде болдым, – деп күбірлей жауап қатты Ағыбай. Арада бірнеше жылдар өтті. Досжан қария мен Дәнікей қарттықтың қыратына шықты. Анасы сексен жасты алқымдаса да, тұла бойы тұңғыш ұлы Ақтанауы елге оралады деп сенді. «Ұлым келсе қызықшылық күні кісіге салармын» деп құрт, ірімшік, сарымай жинаумен күндерін өткізді. Өкінішке қарай, Ақтанау елге оралмады. Ұлының енді келмейтінін жүрегі сезді ме? Досжан қария атқа мініп басшылық қызметті қолға алған қызы Алтынға ағынан жарылып аманат тапсырды. – Алтын шырағым, өмірге келу бар да, кету хақ. Анаң екеуміздің кәрі қойдың жасындай өміріміз қалды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Олай-бұлай болып жатсақ тапсыратын, жүрегімнің төрінде сақталған өзіңе аманатым бар. Заман түзеліп, тұрмыс жақсарып келеді. Ағаң Ақтанауға туған жердің бір уыс топырағы бұйырмады. Қай жерде қалғанын да білмедік. Ізденген жетер мұратқа. Ағаңды іздеуден жалықпа. Мәңгілікке мекен еткен тұрағын таба қалсаң, басына туған жердің бір уыс топырағын жеткізерсің. Уақыт дегенін істеді. Асқар тау әке Досжан қария тоқсан жасында, араға төрт жыл салып, асыл анасы Дәнікей сексен жеті жасында өмірден озды. Ардақты жандар көзден кетсе де әке аманаты Алтынның есінен бір сәтке шықпады. Майдангер аға дерегін шағаладай шарқ ұрып іздеуі нәтижесін берді. Өткен жылы интернеттен Ақтанау Досжанұлы 1945 жылдың 18 сәуірінде қаза тапқаны, қай жерге жерленгені жайлы дерек шықты. Оны ауыл азаматы Әбілқайыр Жөгібайұлы тауып, Алтыннан сүйінші сұрады. Бұл жақсылық хабардан сексен жастың сеңгіріне аяқ басқан Алтынның бауырмашыл, елжанды жүрегі жарылып кете жаздады. Өйткені көзі тірісінде әке аманатын орындайтындығына мүмкіндік туған еді. Отан үшін опат боп, жат жерде денесі қалған ағасының басына барып қайтуға қам жасады. Шетелге бару үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің рұқсат қағазы ауадай қажет екен. Бұл шаруа да оңай шағылатын жаңғақ боп шықпады. Басар жері, шығар тауы көбейді. Алтынның сол кездегі аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлына айтар алғысы шексіз. Отан үшін мерт болған майдангер ағасының жайлы жатқан жеріне барып қайтуға аудан басшысы көп еңбек сіңірді. Алтын үстіміздегі жылдың 28 сәуірі күні түнде Алматы қаласының әуежайында ұшаққа отырды. Жанында қос майдангер бауырлары Ақтанау мен Ағыбайдың немерелері Сейілбек пен Қайырбек бар еді. Таңғы сағат 4-те көкке көтерілген ұшақ жеті сағат ішінде Нидерландыға жетті. Арада екі сағат өткен соң басқа ұшаққа ауысып мінген жолаушылар бір жарым сағатта Алманияның астанасы Берлинге келіп қонды. Елден ат арытып арнайы келген ағайынның жөні бөлек. Қазақ халқының бауырмал, қонақжайлығында шек болсайшы. Әуежайда Алтын, Сейілбек және Қайырбекті Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Ақбердиев құшақ жайып қарсы алды. Түстік астан дәм таттырып, 150 шақырым жердегі Зелессен қаласына жетуіне мүмкіндік жасады. – Бауырым, – деп егілді Алтын Отан үшін шейіт болған жауынгерлерге қойылған құлпытасты құшаққа алып, – біз келдік. Жетпіс жыл өткен соң туған жер, өскен еліңнен сен ерлікпен қаза тапқан жеріңе жеттік. Кеш келді деп жазғыра көрме! Білгеніміз, жеткеніміз осы болды. Мәңгі өшпес рухыңа бас иеміз. Туған жеріңнен ала келген бір уыс топырақты шын ниетіңмен қабыл ал. Ағыл-тегіл жылаған Алтынды қос қанаты Сейілбек пен Қайырбек қолтығынан демеді. Екеуінің де көзінде мөлтілдеген моншақтар. Алтын туған жерден ала келген бір уыс топырақты нәзік саусақтары діріл қағып, құлпытастың айналасына шашты. Жетпіс жыл жат жерде демалған аға қабірі басында теңіздей толқыған көңілін баса алсайшы. «Ағамның басына келдім. Арманыма жеттім. Әкемнің аманатын орындадым. Енді өлсем арманым жоқ» деп күбірлей өксіді іштей. Қос қанаты Сейілбегі мен Қайырбегі қолтығынан демеген Алтын арқасынан ауыр жүк түскендей елге жеңілдеп қайтты. Әке-бабалары мәңгілік мекен еткен қорымға Ақтанау ағасының атын қашап жаздырып белгі тас қойдырды. – Асыл аға, өшпес рухың туған жеріңе жетті, – деп тебірене үн қатты. Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы салтанатты жағдайда аталып өткен күннің ертеңіне Алтын ел-жұртын жинап, ата-бабаларының рухына арнап ас берді, Құран бағыштады. Саудакенттен Берлинге дейінгі ұзақ жол сапары бейнетаспа арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Ердің ісін атқарған Алтынға асқа жиналған жақсы мен жайсаңдар ыстық лебіздерін арнады.

Темірлан Әбілдаев, журналист.

Сарысу ауданы.