Білім

Бір байқау, екі жүлде

Бір байқау, екі жүлде

Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернаты – өнерлі өрендердің де ордасы. Әйгілі композитор, дәулескер күйші есімін иеленген бұл білім шаңырағында талантты балалар аз емес. Жақында Алматы қаласында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты республикалық байқауда да аталған мектеп-интернаттың өнерпаз өрендері өнерлерінің озық екенін байқатты.

Бұл байқауда жоғары топта өнер көрсеткен Жалғас Айтқұл халық әні «Балапан қазды» және Әуесхан Салабековтің әні «Туған жерді» нақышына келтіре орындап, бас жүлдені олжалады. Сонымен қатар, орта топта өнер көрсеткен Ақерке Нұрғали «Сәлем саған, туған ел!», Шәмші Қалдаяқовтың «Есіл ағады» әндерін жоғары деңгейде орындап, көрермен жүрегіне жеткізіп, жүлделі бірінші орынды иеленіп қайтты. Жас өнерпаздардың жетекшісі – аталған мектеп-интернаттың музыка пәнінің оқытушысы, композитор Әуесхан Салабеков. Өнерлі оқушылардың республикалық додаға қатысып қайтуына «Жамбыл-жылу» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы Жұмабек Бөлекбаев қаржылай қолдау көрсетіпті. Ал Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатының директоры Эльмира Жақсылықова жеңімпаз шәкірттеріне арнайы құрмет көрсетіп, салтанатты жиында марапаттады.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.