Ассамблея жылы жетістікке толы болды
Ассамблея жылы жетістікке толы болды
2015 жыл, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы жарқын оқиғаларға толы болды. Соның бәрін облысымыздағы түрлі этнос өкілдері бір кісідей жұмыла атқарды, татулық пен бірліктің арқасында мол табыстарға да қол жеткізді. Бұл өңіріміздегі 73 этномәдени бірлестіктің белсенді еңбектерінің жемісі десек, қателеспейміз. Бүгінде облыс орталығында 26, ал аудандарда 47 бірлестік жұмыс істеуде. Өңіріміздегі барлық этномәдени бірлестіктер Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында алға қойған міндеттер мен ұлттық жоспарды орындаудағы іс-шараларды іске асыруда белсенділік танытты. Этномәдени бірлестіктердің жыл бойы атқарған жұмыстары қорытындыланған жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірлестік жетекшілеріне гранттар тапсырды.
– Жылдан-жылға Ассамблея қызметі жаңа белеске жетуде. Қазақта «Адам мәңгі емес, оның ісі мәңгі» деген аталы сөз бар. Осыны әрқашан жадымызда ұстауымыз қажет. 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылында өңіріміздегі тұрғындардың ұйымшылдығы айқын көрініс берді. Бүгінгі біздің жетістіктеріміз –мақтануға тұрарлық, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова облыстағы барлық этностардың өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған іс-шараларға, «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасына, «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс!» эстафетасына, «Қазақстан халқы Ассамблеясы жастары – 2015» этномәдени бірлестіктер жастар көшбасшыларының облыстық форумына және тағы басқа іс-шараларға белсенді қатысқанын жеткізді. – Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы биыл 2 мыңға жуық іс-шара өткізді, оған 665 мыңнан астам адам қатысты. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасымен қолға алынған эстафетада 20 ізгі іс жасауға 120 мыңнан астам адам ниет білдірді. Соның арқасында акциядағы әлеуметтік жобалардың жалпы құны 1,3 миллиард теңгеден асты. Қарттарға құрмет көрсету, көп балалы отбасыларын қолдау, еңбек әулеті дәстүрлерін насихаттау, этностардың мәдени күндері, жастар форумы, ашық сабақтар, этномәдени бірлестіктердің аудан тұрғындарымен кездесу өткізуі, сонымен қатар, әртістермен, ғалымдармен, түрлі саладағы шығармашылық өнер адамдарымен кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналды. Басты мақсатымыз этносаралық келісімді нығайту болды. Біз жеткен жетістіктерімізбен шектелмей, әрі қарай жемісті еңбек етеміз. «Бір мемлекет, бір келешек және бір тағдыр» деген ұранмен барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астында топтастырып, табысты жұмыстар атқара бермекпіз, – деді Лариса Анатольевна. Жиында 22 этномәдени бірлестіктің жетекшілеріне грант табысталды. Облыс әкімі халқымыздың жауапты сәттерде бірге шешім қабылдағанда ғана жеңіске жететінін, сондықтан жұмылған жұдырықтай әрекет етсе, биік белестерді бағындыруға болатынын айтты. – Баршаңызды Ұлы Дала елінде Елбасымыздың Жолдауында айқындалған Мәңгілік Ел құрудағы жаңа мақсаттарды іске асыру үшін ынтымақтаса жұмыс жасауға шақырамын. Келе жатқан жаңа жылмен құттықтай отырып, еңбекте сәттілік, отбасыларыңызға береке, бақыт тілеймін, – деді Кәрім Нәсбекұлы жиын соңында.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».