Бәріміз бірігіп күресетін іс
Бәріміз бірігіп күресетін іс
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында көрсетілгендей, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтермен бірге заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетілген. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау ағзаны зақымдап, қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни, бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үдесінен шығатынымыз сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі – азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің Конституциялық құқығын қорғауға міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесінің бірі болып отыр. Ол мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендететіні, қоғамда демократиялық оң өзгерістерді жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықтың ауқымы мен салдарларын нақты бағалап, осы қауіпті құбылыспен қатаң және шешуші түрде ымырасыз әрі жан-жақты жоспарлы күрес жүргізуді тапсырды. Президент жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия – Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асырудың маңызды құралдарының бірі болып табылады. Қазынашылық комитетінің және оның аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде Үкімет бекіткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттік бағдарламаның негізінде ақпараттық айқындылықты қамтамасыз ету үшін уәкілетті органдардың қатысуымен құқықтық оқулар жүргізіледі. Мекемеде департамент басшысының және оның орынбасарының азаматтарды қабылдау кестесі және азаматтардың арыз шағымдарын, өтініштерін салу жәшігі ілінген. Қаржы министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарына сәйкес департамент бойынша қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелер электронды Үкімет бағдарламасы аясында «Қазынашылық–Клиент» ақпараттық жүйесіне көшірілді. Бұл жүйе, біріншіден, қазынашылық органдарының жауапты орындаушыларының мемлекеттік мекемелермен қызмет көрсету аясында өзара байланысын болдырмайды. Мемлекеттік органдардың төлем шоттары электрондық тәсілмен жіберіліп, автоматты түрде қазынашылық қызметкерлеріне жеткізіледі, талданады, орындалады. Екіншіден, мәліметтер ашықтығын қамтамасыз етеді, төлем шоттардың орындалуы барысы туралы ақпаратты мемлекеттік мекемелер өз орындарында отырып көре алады. Үшіншіден, жүйе он-лайн тәртібінде қызмет көрсетеді, мемлекеттік мекемелерге құжаттар қолайлы уақытта қолжетімді болады. Бұл мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетуге жұмсалатын уақытты үнемдейді. Құжаттарды қабылдап, өңдеуге екі-үш күн кетсе, бұл жұмыстар электрондық жүйе арқылы бірнеше сағатта жүзеге асырылады. «Қазынашылық-Клиент» жүйесі тұрақты қызмет көрсетуіне байланысты бюджет үдерісіндегі сыбайлас жемқорлыққа ұрындыратын адам факторының мейлінше азаятыны сөзсіз. Департаментте азаматтардан түскен арыз-шағымдар дер кезінде қаралып отырады. Ол үшін қазынашылық департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінде арнайы жәшіктер және сенім телефондары орнатылған. Қазіргі таңда, департаменттің «Персоналмен жұмыс істеу бөліміне» қоңырау шалған нөмірді анықтап, дыбысты жазып алатын құрылғы орнатылған.
Рахым Мыңбаев, облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы.