КӘСІПКЕРЛІКТІ КЕҢЕЙТУГЕ ЖОЛ АШТЫ

73

Нурымова-фотоГүлдара НҰРЫМОВА,
«Мейірім» медициналық орталығының директоры, Іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Елбасы Жолдауы – жыл сайын халық асыға күтетін аса маңызды саяси-экономикалық мәні зор құжат. Соның негізінде жоспарлар құрылып, болашаққа бағдар жасалады. Әсіресе, дамудың даңғыл жолына түскен біздің елімізге, осы мемлекетті мекен еткен барша жұртқа Жолдаудың берері көп.
Президентіміздің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын Жолдауы да біз күткен сенім үдесінен толық шықты. Өйткені, онда ел экономикасының негізгі күші – кәсіпкерлікті кеңейтуге, өз ісіңді өрге домалатуға мол мүмкіндіктер туғызу қажеттігі айтылды, халықтың әлеуметтік хал-ахуалын мейлінше жақсартуға бағыт-бағдар берілді.
Өзім Жолдауды бірнеше бағыт бойынша басшылыққа ала отырып, жұмыс жоспарын құрдым. Өйткені, онда маған қатысты барлық сала рет-ретімен баяндалған. Сондықтан бұл құжат мен үшін таптырмас нұсқаушы болды. Медициналық мекеменің басшысы ретінде Елбасының: «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады» деген сөзін біздің еңбегімізге берген үлкен бағасы деп санаймын. Сондай-ақ, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін өсетінін аса қуанышпен қабыл алдық.
Жолдаудағы ерекше назар аудартқан тағы бәр мәселе – жекешелендіру. «Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет. Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, Жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырамын… Жекешелендіру әділетті нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек» деген Елбасы сөзінен жекешелендіруді барынша жүйелі түрде жүргізе отырып, сол арқылы мемлекеттің әлеуметтік ахуалын жақсаруға жол ашылатынын түсіну керек.
Жалпы, бұл Жолдаудан елдегі кәсіпкер, іскер азаматтарға артылар жүктің ауқымды екенін ұғуға болады. Ауқатты азаматтардың елдің болашағына деген жауапкершілік сезімін арттыруды Президент мықтап қолға алғанын аңғарамыз. Кәсіпкерлер мен іскер азаматтарға қарата айтқан сөзінде: «Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз… Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды… Мен сіздерді капиталдарды заңдастыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсенді қатысуға шақырамын. Осылайша, сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетін боласыздар», – деді.
Елбасы Жолдауы әрбір қазақстандыққа үлкен жауапкершілік жүктейді. «Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын» деген сөзі бізге артылған сенім салмағының қаншалықты ауыр екенін көрсеткендей. Іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалы ендігі жерде Елбасы тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, жұмыс істейтін болады. Астана қаласында қараша айында өткен әйелдердің IV Еуразиялық саммитіне қатысып қайтқан облысымыздың іскер әйелдері Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның нәзік жандыларға жігер берген сөздерінен тың күш алып қайтты. Самитте айтылған ой-пікірлер біздің жұмысымыздың болашақ бағдарына айналады.
Айтулы шарада облыс аруларының жеткен жетістіктері еленіп, көптеген марапаттарға ие болдық. Осында келген соң облыстағы көптеген кәсіпкерлік пен саясатта жүрген қыз-келіншектердің басын қосып, саммиттен алған әсермен бөлісіп арнайы жиын өткіздік. Жиын барысында Жолдау жүктеген негізгі міндеттер де кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, саммитте тұсауы кесілген «Жан Қанаты» және «Қазақстанның қанатты әйелдері» кітабы таныстырылды. Бір байқағаным, ісі өрге дөңгелеп, кәсіпкерлігі қанат жайған барлық азаматтар Елбасының тапсырмалары мен міндеттерін басшылыққа ала отырып еңбек еткендер екен. Болашақтың нақты бағдарын жасап беріп, Мәңгілік Ел болудың сара жолын салып келе жатқан Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев – елі сенген Елбасы.

Comments are closed.