- Advertisement -

Жүйелі РЕФОРМА жетістікке жеткізеді

192

- Advertisement -

0000Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын қайта жаңғырту, саланы дамыту арқылы ел экономикасын ілгерілету өзекті мәселенің бірі болып тұр. Әсіресе, мың құбылған нарық жағдайында халықтың әл-ауқатын жүз пайыз жақсы деңгейде ұстап тұра алатын діңгек ретінде нақ осы ауыл шаруашылығын өркендету керек. Елбасы жуырдағы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
Дейтұрғанмен, бағдарламаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері іске қосылмай отыр. Әсілі, әр істі өзі сол істің басы-қасында жүрген азаматтармен кеңесіп отырған ешқашан артықтық етпейді. Осы мақсатта біз Талас ауданындағы Бостандық ауылы, «Бірлесу» шаруа қожалығының басшысы Кенжебек ОМАРҚҰЛОВТЫ сөзге тартып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы ой бөліскен едік.

– Сіздің аудандағы ең жас төраға болғаныңызды білеміз. Жекешелендірудің ортасында жүрдіңіз. Бір кездері ірі колхоз, совхоздарды таратып, жекелей дамуды жөн деп тапқан бұл қадамнан не ұттық, неден ұтылдық? Өз тәжірибелеріңізбен сабақтастыра отырып тарқата айтып берсеңіз…
– Ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп пе деймін. Жекешелендіруді бірден таратып жіберуден бастамай, сатылап, барды сақтай отырып жүргізу керек еді. 1994 жылы ауыл тұрғындарының қалауымен, сол кездегі аудан әкімі Балтабай Бекежановтың ұсынысымен «Бостандық» акционерлік қоғамына президент болып сайландым. Шаруашылықты қабылдап алғанымда «Бостандық» кеңшарында бар болғаны 1000-ға тарта қой, 40 түйе, 70 жылқы болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қалың қыста жемшөптің жетімсіздігінен, шаруашылықтықтың біраз қой-ешкісі қырылған.
Кеңшардың алдыңғы директорлары болған Сейілбек Әбдиев, Рысбай Дәулетов ағаларымыз туралы айтпай кету күнә болар. Олар басқарған 30 жылда «Бостандық» ауылы үлкен жетістіктерге жетті. Ауыл көркейді, мал басы өсті, қой алпыс мыңға жетіп, бізден «Аққұм» совхозы 1983 жылы бөлініп шықты.
Сейілбек Әбдиев ағаның тұсында тек қой-ешкінің саны 60 мыңға, «Бостандық» асыл тұқымды қаракөл қой совхозы дәрежесіне жетіп, шаруашылық Қазақстан халқы жетістігі көрмесіне ілінді. Мамандығым инженер-технолог болғанымен, ауылда болып, жер-малға қарап өстік. Шаруашылықты қабылдап алған соң тәжірибелі мамандарды маңайыма топтастырып, шаруашылықтың жоқ-жітігін түгендеуге кірісіп кеттім.
Тоқсаныншы жылдарда жұмысшыға беретін я жалақы, не зат жоқ әбден қиналдық. Ойлап отырсақ, ауыл тұрғындарының сол кездегі ауызбіршілігінің, ұйымшылдығының арқасында шықтық бұл қиындықтан. Не сатарға малы жоқ, не қырманда астығы жеткіліксіз шаруашылықты жүргізу қиынның-қиыны. Шаруалардың жалақы сұрамастан жұмысқа бар жауапкершілікпен жұмыла кіріскенінің нәтижесі болар, үш жылда шаруашылық аяғынан тұра бастады. Бірді-бірге жалғап, сол жылы әр үйге өнімнің 50 пайызы сенікі деп, ауыл тұрғындарына 1 гектардан қант қызылшасын егіп бердік. Жүгері, мақсары, арпа, бидай, бақша өнімдері егілді. Өнім мол болып, 100 тонна құмшекер алдық. Шаруашылықтан ұн тартатын диірмен, мақсары майын шығаратын цех ашылды. Ауылымыздан жұма күні істейтін мал базарын аштық. Ауылдың Мәдениет үйіне орналасқан мешітті көшіріп, орталықтан жай сатып алып бердік. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына шаруашылық есебінен ауылымыздың 21 Ұлы Отан соғысы ардагеріне 21 жылқы мінгіздік. Мал басы көбейіп, 3 жылда жылқы 200-ге, қой 4000-ға жетті. Шаруашылықтағы 1450 гектар суармалы алқаптың 80 пайызын игердік.
1997 жылы жекешелендіру науқаны нәтижесінде шаруашылық таратылды. Агроқұрылым таратылған соң, жер-мүлік бөлінді. Сол шаруашылықтан қалған ең соңғы мүлік «Сауда орталығын» бұздырмай, талан-таражға салмай, биыл ауылымыздан шыққан кәсіпкер Саят Әбдіровке бердім. Азамат екен, өз қаражатымен жөндеп, халықтың игілігіне Жастар алаңын, монша, сүт қабылдайтын цех ашып, тұрғындар игілігіне қайта ұсынып отыр. Бүгінде сол ұжымнан қалған 20 отбасы «Бірлесу» шаруашылығын құрып, күн көріп жатқан жағдайымыз бар. «Бірлесудің» де арманы – бірігу. Жекешелендірудің дұрыс жүргізілмегендігінен, міне, алты жылдың жүзі болды, Үкімет шаруашылықтарды қайта ірілендіре алмай әлек.
– Аудан әкімдері тұрғындар және депутаттар алдында беретін есепті жиындарында агроқұрылымдарды ірілендіріп жатырмыз дейді. Сонда бұл қалай жүзеге асырылуда?
– Іріленіп жатқан ауылдық кооперациясы, тауарлы-сүт фермалары қайда? Екі-үш шаруа қожалығының басын қосып, «ал іріленіңдер» деу баланың тірлігі. Жоғары жаққа жұмыс жүргізіп жатырмыз деп есеп беруге ғана жақсы. Бұлай бола берсе, бұл науқандық іс-шараға айналып, тек қағаз түрінде іріленуіміз мүмкін. Мұнымен ұзаққа бара алмайтынымызды кейбіреулер түсінбейтін тәрізді. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығын кооперациялау туралы тапсырма бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылға үлкен реформа қажет.
– Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Талас бойындағы шаруашылықтарды аралап, ауылдың қам-қарекетіне, жалпы қайта құрылымдауға көңілі толмағанына өзіңіз куәсіз. Өңір басшысы: «Ірілендіру неге баяу жүруде? Талас ауданында қой басын неге бірнеше есе көбейтпеске, ірі-қараны неге көптеп өсірмеске, мал бордақылау алаңдарын неге соқпасқа, жылыжайларды неге салмасқа, жаңбырлатып суару технологиясын неге өндіріске енгізбеске» деп аудан басшыларын сұрақтың астына алды. Ауыл азаматы ретінде бұл сынды қалай қабылдадыңыз?
– Кәрім Нәсбекұлының айтқан сынының барлығын өте орынды деп білемін. Барлығын кадр шешеді. Туыстық, жершілдік болған жерде жұмыс жүрмейді. Сол салаға жауапты тұлға, белгіленген уақытта жұмысты жүргізе алмаса, ол мейлі әкім болсын, лауазымы төмендетілуі керек. Сонда ғана ол ізденеді, тәуекелге барады.
Мемлекет ауыл тұрғындарының әлеуетін арттырамын, бақуатты етемін деп түрлі бағдарламалар қабылдап, қаржы бөлуде. «Сол бағдарлама орындалып, қаржы тиімді пайдаланылып жатыр ма?» деген сұрақ туындайды. Қазір әр ауылда малы көп, шаруашылығын дөңгелетіп отырған шаруалар бар. Олар өнімін жалғыз жарым шетелге шығара алмайды және халықаралық стандартқа сай емес. Ол мемлекет үшін де, халық үшін де тиімсіз. Өндірілген өнім, жұмыспен қамту жағынан кеңестік кезеңдегі көрсеткіштерге жете алмай келеміз. Бұны облыс әкімі Таласқа келгенде, салыстырмалы түрде айтып өтіп, кадрларға қатаң талап қойды. Рас, «нарық өзі реттейді» деп осы уақытқа дейін нақты әрі шешуші қадамдар жасамадық. Енді, міне Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болдық. Бұлай жалғаса берсе, ұлы көштен қалып қоярымыз анық. Сондықтан, етек-жеңімізді жиып, ауылды ірілендірудің нақты тетігін жасап, тәуекелге барғанымыз жөн.
Мен «Бостандық» кеңшарын басқарып тұрған кезде 1440 гектар суармалы алқап бар еді. Сонау Аққұм, Шәкіров ауылдарында да сол шамалас егістік алқаптары есепке алынған болатын. Салыстырмалы түрде айтайын, соңғы жылдары Талас ауданына келетін су мөлшерінің төмендеуінен, басқа да түрлі себептермен үш ауылдың игеріп отырған суармалы алқабының көлемі азайды, 600 гектарға әрең жетеді. Міне, соның кесірінен төңіректегі өзім білетін үш шаруашылықта егістік жері сорланып, арық-атыздарды қамыс басып кеткен. Берілген су егістік алқабына жеткенше уақыты өтіп, шаруаның еккен егісі қурап жатады. Осыған қарап тамшылатып суару технологиясын енгізудің қаншалықты қажет екенін аңғаруға болады. Тағы бір айтатыным, ауылда судың, жердің, техниканың тілін білетін мамандар тапшы, ауданда тәжірибелі агроном жоқ. Сонан соң тағы бір көзім жеткені, жастар мал дәрігерлік, агрономдық, зоотехниктік, инженерлік мамандықтарға оқуға бара бермейді. Себебі, оны бітірген соң баратын кооперативтер, кооперациялар, серіктестіктер жоқ. Бары қалтылдап күн көріп отыр. Құр сөзбен қуырдақ пісіретін заман өтті. Ауыл шаруашылығына реформа жүргізу керек дейтінім сондықтан.
– Сонда не істемек керек?
– Біріншіден, өнім өндіруді жолға қою, екіншіден өндірілген өнімді ұқсату, яғни, өңдеу және өткеру жолдарын реттеу қажет. Ірілендірудің алғышарттары осы. Сондықтан, ірілендірудің шаруаға да, мемлекетке де тиімді тетігін жасау қажет деп санаймын. Бұл атқарылатын жұмыстарды билік сырттан бақыламай, тікелей етене араласуы қажет. 1997 жылы шаруашылықтар қалай таратылса, қазір солай ірілендіруге атсалысу керек. Мұнда, ауыл тұрғындарына «бірігіңдер» деп, үгіт-насихат жүргізу еш қажет емес. Тек, әр ауданнан ауыл шаруашылығын жетік білетін мамандардан, ауылға шын жаны ашитын адамдардан жұмысшы топ құрылып, ірілендірудің жетік тетігін жасау керек деп есептеймін. Жекелеген шаруаларға несие берумен іс алға жылжымайды.
Елбасымыз «Қазақстандық бренд» жаса деп отыр. Халқымыздың денсаулығына қауіп төндіретін өнімдерден гөрі қазақтың табиғи, таза азық-түлігі өзіне жетіп жатса, ішкі нарығымыз толығып, денсаулығымыз түзеліп, артығы шетел нарығына шығарылса, еліміздің абыройы аспай ма?! Ол үшін облыстан азық-түлік ет өнімдерін қабылдайтын, (астық сатып алу сияқты) мемлекеттік компания ашылса дұрыс болар еді. Құрылған компания қазақстандық өнімдерді шетелге шығарумен айналысып, шаруаның жұмысын жеңілдетуге септігін тигізсе. Сол жағдайда ғана шаруашылыққа жан бітіп, мамандар даярлау қайта қолға алынып, жұмыссыздық азаяр еді. Тіпті ауылдық жерде жеңіл өнеркәсіптің дамуына да жол ашылмай ма? Сауатты ірілендірілсе, облыс көлемінде қаншама жұмыс орны ашылып, өнім өндіріліп, жалпы мемлекетіміздің экономикасы артары сөзсіз.
– Ауыл шаруашылығын қайта құрылымдау жөнінде басшылар жиын сайын айтып жүрген жоқ па?
– Айтып жүр, бірақ оның жетік тетігі жасалмағандықтан алға жылжымай тұр. Сонан кейін тағы бір мәселе, мемлекеттің бағдарламалары бойынша несие алу қиындап барады. Банк өкілдерінің қойған талаптары өте қиын. Мысалы, менің «Мағжан» шаруа қожалығына лизинг арқылы трактор аламын дегеніме алты айдан аса уақыт өтті. Басында тиісті құжаттар толық даяр болған соң 2 ай көлемінде аласың деген. Міне, 5 айдың жүзі болды, менің құжаттарым жоғарыдан толық мақұлданып келген, неге екені белгісіз сол кезде 1 ай жинаған құжаттарымды қайта жинайсыз деген соң, қайта құжат жинаудамын. Трактор қолыма тиер емес, уақыт болса өтуде. Қолымнан іс келеді деген менің өзім сандалып жүргенде, ауылдағы қарапайым халық, «әй, бізге ештеңе тимейді екен» деп қолдарын бір-ақ сермері хақ.
Әр нәрсенің шегі болады. Ауылдың да қасиеті бар. Жер-Ананың төсін аялау, оны сақтау, байлығын еселеу, сол жер егесінің мойнындағы жауапкершілік екені, оны шетелден келіп ешкім жұмаққа айналдырмайтыны бесенеден белгілі. Жер біздікі, ел біздікі! Бізден бұрын да ата-бабаларымыз Талас өңірінде 1 миллионға жуық қой өсіріп, сүтін ішкен, етін жеген, жүнінен киім тіктірген, не керек, өнімнің барлық түрін ұқсатқан. Жылына 50 мың бас қойды бордақылап, Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларын етпен қамтамасыз еткен. Тамдының көкөнісін, сүтін бүкіл Қазақстан тұтынған. Сөйте отырып, кейбіреулер жаңалық ашқандай, шетелге алақан жаятынына таңғаламын. Неліктен солай деп намыстанамын. Біз де елміз, қасиетті Ұлы Даланың ұлдарымыз. Ендеше намысқа тырысып, ауылды түлетейік, елімізге, жерімізге өзіміз еге болайық ағайын, деп айқайлап айтқым келеді.
– Отансүйгіштігіңіз бен еңбекқорлығыңыз өз алдына, жердің, елдің жағдайын жіті біледі екенсіз. Ауылда туып, ауылда өскен, әкенің мықты өнегесін көрген ұл ғана осылай дей алады-ау шамасы…
– Ұлы Абайдың он бесінші қара сөзін оқып, таңғаламын. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте ме, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен- өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңде өзің өкінбейтіндей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың» дейді. Ойсыз, әрекетсіз, ақылсыз өмір өткізбе дегені шығар.
Әкем Омарқұл Тілеубаев Абай сияқты дана болмаса да әулетке, ауданға сыйлы, аузы дуалы, сөзі уәлі кісі еді. Марқұм анамыз екеуі 9 ұл-қыз көріпті. Бізді еркелетіп қана қоймай, еңбекке тәрбиеледі. Бәрімізді оқытты. Соның жемісі шығар ең үлкен ағам Төленді химия ғылымының докторы, профессор, әпкем Күлсина Талас өңірінен шыққан тұңғыш химия ғылымдарының кандидаты, доцент. Қалғандары да қара жаяу емес. Ең кенжесі мен – Кенжебек ауылда қарашаңырақта отырмын.
– Кенжеке келісті әңгімеңізге көп-көп рахмет! Пайымды пікірлеріңізге құлақ асатын, оны жүзеге астыруға талпынатын азаматтар табылады деген үміттеміз.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support