- Advertisement -

Гиппократ

159

- Advertisement -

Бүгінде Гиппократ есімі ел арасында жақсы белгілі. Медицина саласының «атасы» атанған оның қандай жаңалық ашып, нендей еңбек сіңіргенін біреу бәлсе, біреу білмес.
Жалпы, оның өміріне қатысты деректер тек көне аңыздарға сүйене отырып айтылады. Ол біздің заманымыздан бұрынғы 460 жылы гректің Кос аралында дүниеге келген. Эллиндіктер Гиппократты көне грек мифтерінің біріндегі медицина құдайы Асклепийдің (Эскулап) ұрпағы деп білген. Ол алғашқы медициналық білімін әкесі Гераклиттен алады. Жастайынан аралдағы Эскулаптың құпия ұйымына мүше болып, жиырма жасында медицина «атасы» Гиппократ та ант береді. Кейіннен Асклепий құдайының абызына айналып, адамдарды емдеумен айналысады.
Ол ауруды емдеудің тәсілдерін мистика мен теологиядан бөліп, нақты ғылыми негізге қойған. Оның біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырда жазылған еңбектері бүгінге дейін маңызын жойған емес. Бүгінде медицина мамандарының Гиппократ антын беретіні бәріне мәлім.
Аңыздарға сенсек, ол тәжірибе жинақтау мақсатында өркениеті дамыған елдерге саяхат жасаған. Гиппократ жылдар бойы Мысырда емші болып, сосын Македония патшасын өлім аузынан алып қалады. Ал парсы патшасы Канхусрабтың (Ксеркс) жеке дәрігері болу ұсынысынан бас тартады. Өз біліктілігінің арқасында Гиппократ Афины қаласында өршіген обадан полис халқын аман алып қалады. Алғысы шексіз қала тұрғындары Афины көшелерінің біріне оның мүсінін орнатқан екен. Медицина «атасы» жасы 40-ты алқымдап қалған кезде туған аралы Косқа барып, көмекке мұқтаж жандарды емдеуді жалғастырады.
Көне дәуірдің адамдары ауруды қаһарға мінген құдайлар жібереді деп сенген. Ал Гиппократ мұның табиғи факторларын іздеп, сенімнің орынсыз екенін ғылыми негізбен дәлелдейді. Ол ауруға ауа райының өзгеруі, жыл мезгілдерінің ауысуы, тамақтану тәртібі және адамның өз мінезі себеп болуы мүмкін екенін анықтайды. Мұны адамзат тарихындағы ең үлкен жаңалық деуге әбден болады.
Бүгінгі күнге оның 70-ке жуық жазбасы жеткен. Оның еңбектері қазіргі медицина ғылымында «Гиппократ корпусы» деп аталады. Ондағы жазбаларда оталар мен хирургиялық емдеулер туралы ашық жазылады. Расымен, көне грек өркениетінің медицинасында хирургиялық оталар жасау үшін қолданылған медициналық құралдардың болғанын кейіннен археологиялық қазбалар нәтижесі дәлелдейді. Жазбалардың көмегімен адамның бас сүйегіне де ота жасалғаны туралы мәлімет табылған. Медицина сол дәуірдің өзінде үлкен мүмкіндікке ие болғанымен, Гиппократ адамның емделуінен бұрын аурудың алдын алуды жөн көрген екен. Сондықтан, ол тамақтану тәртібін бір қалыпты ұстауға кеңес береді. Тек дәрігер ғана емес, науқастың өзі де емделудің алдын алуға тырысуы міндетті болғанын ұғындыра білген. Гиппократ мектебі әрбір науқасқа жеке назар аударуды басты негізге алады. Гиппократ адамның денсаулығы мен темпераменті денедегі төрт сұйықтықтың бір қалыпты болуына тікелей байланысты екенін айтады. Сол төрт сұйықтық негізінде Гиппократ адамның холерик, флегматик, сангвиник және меланхолик сынды төрт түрлі мінезі болатынын анықтайды. Сонымен қатар, медицина «атасы» 200-ден астам дәрілік шөпті танып, емдік сипатта пайдалана алған. Бір уақытта көп емді қолданбауға кеңес беріп, танымал «Нұқсан келтірме» (Primum non nocere) сөзін қалдырады. Белгілі дәрігер өз-өзіне жақсы қараса керек, 90 жасқа дейін өмір сүреді. Гиппократтың еңбектерін оқыған Платон, Аристотель сынды ғұлама ғалымдар оны медицина ғылымының «атасы» деп жоғары бағалаған.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support