Ел жаңалықтары

БАҚЫТСЫЗ ӨМІРІН «САТҚАН» АДАМ

БАҚЫТСЫЗ ӨМІРІН «САТҚАН» АДАМ

Йен Ашер есімді азамат та арманға қол жеткізу үшін не істерін білмей, бақытсыз өмірінен баз кешеді. Жаңа өмір бастауға қаражатты қайдан табуға болатыны жайлы біраз бас қатырған ол өз өмірін сатуға бел буады. Сенесіз бе, ол өмірін түбегейлі сатады.

Барлық адамдар секілді ол да өзінің жақсы отбасы, жайлы жұмысы және қызықты күндері болғанын қалайды. Алайда, жасы 50-ге таяп қалған ол шағын дүкенде кілем сатушы болып еңбек етіп жүрген шағында жары оны тастап кетеді. Сөйтіп, қайғыдан құса болған Йен «eBay» интернет дүкені арқылы өз өмірін аукционға сатуға қояды. Сатылымға оның толық жиһазы мен үйі, автокөлігі, түрлі техникасы, мотоцикл және гидроциклі, парашютке арналған жабдықтары, жұмыс орны, ондағы жұмыстастары мен достарымен таныстыру шығарылады. Лотқа жазылған сипаттаманың соңы «Маған бұл өмірім керек емес, жетер!» деген сөзбен аяқталады. Алғашқы құны 1 АҚШ долларын құрайды. Ал бір аптадан соң аукцион аяқталғанда оның қолында тек куәлігі мен өмірін сатқаннан түскен 305 мың АҚШ доллары болады. Қызыққа толы өмірді аңсаған Йен өзінің ойындағы бар арманын жүзеге асыру үшін 100 арманын нақтылап, оны 100 аптаның ішінде орындауға бел буады. Сөйтіп, ең алдымен Дубайға ұшатын ұшаққа билет алып, бірінші арманы – күн қыздырып тұрған шөлдегі тау шаңғысын теуіп қайтуға аттанады. Одан кейін Испанияда бұқалармен алысып, Африкада ақ акулалармен, Жапонияда киттермен жүзіп, Лондонда өзі пір тұтатын кәсіпкер Р.Брэнсонмен сұхбат құрып, Голливудта шағын фильмге түсіп, тағысын тағы қызықты күн кешкен Йен екі жыл және 270 мың доллар жұмсалған соң өзінің 100 арманының 93-ін орындағанын байқайды. Қалған арманы өзі үшін бұл уақытта аса қызықты болмай қалған соң Панамадағы бір аралдан шағын үй сатып алып, онда Канадада ит жегілген арбалармен қыдыру барысында танысып, көңілі жарасқан Мо есімді әйелмен бірге тұруда. Өткен өмірін сатып, содан кейін ғана бақытты ғұмыр кешкен ол бірнеше кітап жазды, өз өмірі туралы фильмге түспек. Ал аукцион арқылы сатылған бұрынғы өмірі туралы ол мүлде ештеңе білмейтінін айтады.