Ел жаңалықтары

Мидағы ісік

Мидағы ісік

ота  арқылы  залалсыздандырылды

dbsОблыстық балалар ауруханасында жақында ашылған заманауи интеграцияланған OR1(R) ота жасау бөлмесінде тікелей телекөрсетілім арқылы баланың миының бүйірлік қарыншасында пайда болған көлемді ісікке эндоскопиялық ота жасалды. Жаңа операция үстелінде жасалынған күрделі операция үдерісі еліміздің білікті балалар нейрохирургы, аурухананың бас дәрігері Марат Рабандияровтың басшылығымен өтті. Ота жасалынған Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының тұрғыны – 4 жасар бүлдіршін қыз аурухананың нейрохирургия бөлімшесіне аса ауыр жағдайда келіп түскен-ді. Соған орай сырқатқа тез арада медициналық сараптама талдаулары жасалынып, компьютерлік томография нәтижесінде мида көлемді ісіктің бар екендігі анықталған. Оташылар бір ауыздан шұғыл түрде ота жасау қажет деген тұжырымға тоқталады. Бас-аяғы екі сағатқа созылған операция тікелей көрсетілім – телемедицина әдісі арқылы шетелдің білікті оташыларымен кеңесе отырып жасалды. Мидың бүйірлік қарыншасында пайда болған ісікке жасалған эндоскопиялық ота сәтті аяқталды. Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейінгі қыздың жағдайы жақсы, алдағы уақытта толық жазылып кетуіне мүмкіндік бар. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы қараша айының 27-сі күні облыстық балалар ауруханасының базасында алғаш рет эндоскопиялық құрылғыларды шығаратын жетекші КАРЛ ШТОРЦ компаниясының заманауи интеграцияланған OR1(R) ота жасау бөлмесі ашылған болатын. Жаңа инновациялық медициналық ота жасау құрылғыларымен жарақтандырылған бөлменің ерекшелігі – онда хирургтерге арналған заманауи маңдайлық жарық беруші, аспалы төбе консолі, сондай-ақ операция барысын басқалардың, тіпті ұлттық орталықтардың да бақылап тұруына арналған мониторлар мен түсіру таспалары орналастырылған. Бұл мұнда лапароскопиялық, нефрологиялық, нейрохирургиялық және басқа да күрделі операциялар жасауға мүмкіндік туғызатын болады. Интеграциялық ота жасау бөлмесінде хирургтердің әлемдік ақпараттық кеңістікте көптеген елдердің білікті оташыларымен байланыс орнатып, кеңес алуы мен оқып үйренуіне, яғни қашықтықтан оқытуға жағдай жасалынған. Медицинадағы бұл инновация облыстағы балалар хирургиясын дамытудың жаңа кезеңі болып табылады. Сонымен қатар, ғаламторға шығу мүмкіндіктерін пайдалана отырып, екіжақты аудио және бейнетрансляция арқылы конференц-залмен байланыс жасауға да болады. Интеграциялық ота жасауға арналған бөлменің тағы бір артықшылығы – хирургтердің қауіпсіз қозғалысы үшін барлық сымдар хирургиялық консольдарда орналасқан. Сондай-ақ, келесі операцияға дайындық жасау үшін 10-15 минут қажет, сонда бір күнде жасалатын ота санын онға дейін көбейтуге қол жеткізіледі.

Шолпан Тайжанова, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының қызметкері.