«Қырық қыз»
«Қырық қыз»
Өгем шатқалына түсетiн жол қиын. Бiр жағы – жар, бiр жағы – құз. Осы шатқалдан төмен түссеңіз, бiр топ адамға ұқсап көрiнген ұзын-ұзын тастарға қарап таңғаласыз. Расында да ғажап көрініс! Алыстан қарағанда, бүрме көйлегiнiң етегi желбiреп тауға қарай келе жатқан қайсар қыздарға ұқсайтын үлкен тас ескерткiштердi ұлы табиғат шебердiң өзi ғасырлар бойы сомдап, қылта-қылтадағы жартастардан қашап жасаған сияқты. Бiрiнен-бiрi ұзақ емес екi-үш қылтадан бойын созып, топ-топ болып көрiнген «Қырық қыз» – таңғаларлық құбылыс. Ел аузында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан көне аңыз ол туралы былай деп сыр шертедi: «Ерте, ерте, ертеде, бәлкiм, Ер Төстiктiң заманында болар, осы өңiрде бiр байдың қызы бойжетiп, бесiкте жатқанда атастырылып қойған жiгiтiне ұзатылатын күн де келiп жетедi. Құда-құдағилар той жабдығын дайындап, мәре-сәре боп қуанып жатады. Сұлу қыз, серi жiгiттер қосылып ән шырқап, балуандар белдесiп, шабандоздар көкпар тартып, ұлан-асыр жиынның көрiгiн қыздырады. Әне, күйеу жiгiт те келiп қалды деген қуанышты хабар жетедi бiр кезде. Мұны естiген ауыл қыздары топ-топ болып, бөркiне таққан үкiлерi желбiреп, етегi жер сызған бүрме көйлектерiн жел толқытып, болашақ жездесiнiң алдынан шықпай ма, керiлiп… Кенет бiр қиырдан шаң көтерiлiп, жантүршiгерлiк айқай естiледi. «Жау... Жау шаптыы...». Қалың ел аяқ астынан дүрлiгiп, қолына қару ұстауға жарайтын ер-азаматтың барлығы атқа қонып жатады. Бiрақ, тұтқиылдан тап берген жау олардың басын бiрiктiрмей, тоз-тоз етiп, қанға бөктiрiп, қынадай қырып салады… Әне, сол кезде күйеу жiгiттi күтiп аламыз деп топ-топ болып шыққан сұлу қыздар шың басында жылап, еңiреп тұрып: «О, Жаратқан ием, жерiмiз отқа оранды, елiмiз күлге айналды. Ендi бiздi жау қорлығынан құтқарып, тасқа айналдырып жiбере гөр...» деп зарлап, Құдайға жалбарынған екен… Ежелгi аңыз осылай деп егiледi. Осылай деп күңiренедi. Қалай болғанда да, «Қырық қыз» аңызында сонау бiр зұлмат заманның өкiнiшi, мұңы, қайғысы күзгi жауыннан кейiнгi қақ суындай мөлтiлдеп, тұнып жатқан секiлдi. Бұл аңызда «Ер төстіктің» заманында болса керек, деген пікір аңыздың ертегімен араласып кеткендігінен хабар береді. Осы сияқты фантастикаға құрылған «Тас бол» деп аталатын кинотуынды барлығымызға таныс, онда Тасбол деген қатыгездің Ерназар шалдың тоғыз ұлын өзіне бағындырып, қарсы шыққандарды тасқа айналдырып отырған қаскөйді соңында ең кенже баласы Ертөстіктің жеңіп, Тасболдың өзін тасқа айналдырғаны, қазақша ертегінің озық экрандатылған туындысы деп білеміз. Мұнда да тасқа айналу оқиғасы ұшырасады. Аталмыш оқиғаға байланысы жер-жерде өзіндік аңыз әңгімелер бар. «Қырық қыз» – Ұлытау ауданы, Егінді ауылының оңтүстік шығысында орналасқан күмбез. Қара тастан қиюластырып қаланған. Есігі күншығысқа қаратылған. Оның айналасында көптеген мүрде жатыр. Жергілікті тұрғындар мұны тек күмбезбен бірге қосып, «Қырық қыз қорымы» деп атайды. Күмбез бен оның айналасындағы мүрделердің қай заманда тұрғызылғаны жайында дерек жоқ. Тек «Қырық қызға» байланысты ел аузында қалған аңыз әңгіме ғана бар. Соның бірінде: «Қалмақтардың кезекті бір шабуылында қолға түскен қазақ қызын қалмақ қонтайшысының әйелдікке алғаны, арада көп жыл өтсе де ел-жұртын, ата-анасын ұмыта алмай зарыққан қазақ қызының ел-жұртына көмектесуді ойлағаны, ойын қызына айтып, нағашы жұртына барып, қонтайшының қашан, қай жерден шабуыл жасайтынын ескертіп тұруын өтінуі. Қыз анасының өтінішін бірнеше рет орындағаны, артынан аңдушы жіберген қонтайшы өз қызының «жауға» хабар беріп жүргенін біліп, қайтып келе жатқан жолында алдынан әскер жіберіп, қырғызып тастағаны» жайында айтылады... Осы ауылдың қарттарының айтуынша, бұдан жарты ғасыр бұрын, яғни олардың бала шағында «Қырық қыз» мүсіні айқын, киіз үйлердің ішіндегідей түрлі түсті тас кәмпиттер, бауырсақтарды көруге болатын екен. Қазірдің өзінде бұл жердегі түрлі көлемдегі адам дене мүшелеріне ұқсас тастарды кездестіруге болады.
Massaget.kz